ЖЕТІ ҚЫРЫМ - ЖЕТІ ҒЫЛЫМ: ЕР-ТҰРМАН

Уақыты: 02.06.2019
Оқылды: 3106
Бөлім: ТҮПСАНА

Қазақ тарихына тың көзқараспен түрен салатын дәуір туды. Елбасы еуропацентристік көзқарастан арылып, осы уақытқа дейін түрлі саяси ықпалдың салқынында қалып, бас қамын ойлаған кейбір ғалымдар есебінен бұрмаланып келген ақтаңдақ тарихты түгендеуді, сақтар мен ғұндар заманынан жеткен жәдігерлерді, бес қаруы бойында жүрген батыр бабалар жайлы бұлтартпас деректерді жан-жақты жинақтауды міндеттеді.

Бұл туралы Тұңғыш Президент өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында індете тоқталып, ғылыми тұрғыдан түсінікті де тиянақты әрі шынайы деректер ұсынуды меңзеді. Қазақтың қарт тарихын қаузаған мақалада жаһандық мәдениеттегі орнын айшықтау мақсатында ат әбзелдерінің ішінде ер-тұрманның ерекшеліктеріне айрықша назар аударылады.

Адамзат тарихында атқа алғаш ауыздық салып, айшылық жерді Ұлы Дала төсінде адаспай тауып баратын көшпенділердің өмірі еуропалықтар үшін талай ғасыр жұмбақ болып келді. Азияның ат құлағында ойнаған рухты халқы жайлы жазба дерек өте көп. Тұрмыс-тіршілігін етене зерттегендер де, сауда-саттықпен жолай соққандар да көшпенділердің кең танымына тоқталып, Ұлы Дала заңдылықтары туралы таңдай қаға жазып кеткен. Ал ер-тұрманның қалай пайда болғаны туралы аңыз тіптен қызық. Ұзақ жорықтарда әскерилердің жамбасына және жауыр болған аттарға қамыр жапсырылған. Жабысқан қамыр біраз уақытта кеуіп, аттың жарасы жазыла бастаған. Нәтижесінде, бір деректерде Жәмшид деп айтылатын әскери қолбасшы қатқан қамырдың қалыбында ағаштан ер-тұрман жасауды бұйырыпты-мыс. Әрине, арғы түбі аңызбен байланған, бергісі нақты айғақтарға құрылған ер-тоқымның адам ағзасына да, төрт аяқты жануарға да пайдасы шаш етектен әрі жүрісті де бірнеше есеге жеңілдеткен.

Ер-тұрманның көшпенділер өмірімен етене екенін ғылым мінберінен дәлелдеу үшін тағы да қазба материалдарына жүгінуге мәжбүрміз. Сондай-ақ, тарихи айғақтардың бас-аяғын жинақтап, бірізді байлам айтқан ғалымдардың түйіндеріне тоқталамыз. Зерттеушілер алғашында ердің жұмсақ болғанын, бір айылмен тартылғанын айтады. Яғни, кәдімгі қарабайыр жайдақ тұрман тәрізді жасалған. Жұмсақ ердің ішіне шөп, бұғының жүні салынған. Бұл туралы тарихшы А.Тоқтабайдың зерттеу материалдарында айтылады. Жер қойнауынан табылған кейбір құмыраларда ер-тұрманның суреттерін анық байқауға болады. Онда жұмсақ ер-тоқымның бейнесін ажырату оңай. Ал біздің заманға дейінгі мыңжылдықта ер-тоқымның әлдеқайда дамытылған, ағаштан жонылған, артық-кем тұсы жетілдірілген түрі тұрмысқа енді. Шетелдік зерттеушілерден қазақтың ер-тоқымына қатысты пікір білдірген ғалымдардың бірі Д.Савинов орта ғасырлардағы ат әбзелдерінің салмағы да артып, үлгісі де өзгергенін сөз етеді. Уақыт өте ат пен жауынгер арасын байланыстырған әдемі әбзел қазақ мәдениетінің басты көрсеткішіне айналады.

Біздің мемлекеттің өткенін толықтыратын тағы бір дерек – ғұндар дәуірінде биік бекіністерді бірнеше ер-тұрманды қабаттап салып, соның үстіне шығып тұрғызғаны жайлы жазбалар. Ғалым И. Кызласовтың еңбегінде айтылған бұл дерек біз үшін өте құнды. Сонымен бірге, әйгілі Аттиланың жорық алдында жеңіліс тауып жатса, ер-тоқымдарды үйіп, өзін өртеп жіберуге бұйрық бергені тіптен ойландырады және сол кездегі ат әбзелінің ағаштан жасалғанын айғақтайды. Ал Еуропа елінде көшпенділерден келген ер-тұрман жайлы мәлімет 340 жылдардағы Рим империясының жазбаларында кездеседі. Арғы-бергі әлем тарихынан суыртпақтасақ, осындай құнды мәліметтерге жолығып, Ұлы Дала елінің ұрпағы екенімізді мақтан тұтып, марқайып қаламыз. Бірақ деректі жариялау мен жеткізе білу екі бөлек.

Ел ішінде ершілер аталып кеткен ер-тұрман жасаушылар үлкен сұраныста болған. Әсіресе, екі күннің бірінде ер етігімен су кешетін сындарлы сәтте атты әскер үшін ер-тоқымның маңыздылығы жоғары. Арнайы шеберлер жасақталып, қайың, үйеңкі, қара ағаштан жонылып, әр түрлі әдемілікпен ерлер дайындалды. Оған кептіріліп, одан тұзды суға салынып, кейіннен қайнатылып қолданысқа берілетін бірнеше сүзгіден өтуін қосыңыз. Мұның бәрі кескілескен шайқаста, ұзақ жорықтарда, көшіп-қонуда бұйымның беріктігін қамтамасыз еткен. Қызығы, қазақ жерінде әр аймақтың шеберлері әртүрлі әдіспен жасаған. Мысалы, Сыр өңірінің ершілері өзенге жақын жүргендіктен балықтың сүйегін пайдаланған. Ал батыста қайың ағашы қолданылған. Шөлейтті жерлерде отқа қыздыру, қайнату арқылы сапасын арттырған. Өкініштісі, жалпылама жазғанымызбен, ердің ағашын қалай өлшегендігі, қандай қалыпты қолданғаны жайлы тарихи мәлімет жоқтың қасы. Ердің биіктігі, алдыңғы және артқы қасы, бұрыштары арнайы сүйеммен өлшенген. Ерлер мен әйелдердің ер-тұрманы екі бағытта жасалған. Адам отыратын аралығы шынтақ пен қол басына дейінгі аралықпен анықталса, қапталының ұзындығы қарыспен белгіленген.

Ғалым С.Руденконың еңбектерінде Сібір скифтері қолданған ер-тоқымдар Еуропада болмағандығы жайлы дерек бар. Бірақ көшпенділерден кірген бұйым бірте-бірте еуропалықтардың да өмірін өзгертті. Ер-тоқым өндірісінің дамуы көшпенділер өмірін әлдеқайда жеңілдетті. Күнделікті жүріс-тұрыстың уақытын ұзартумен шектелмей, адам денсаулығына да пайдасын тигізе бастады. Дәл осы тұста қағазға түсірер дүние – ер-тұрманның адам ағзасына әсерін анықтау. Бабаларымыздан қалған басты жәдігердің, әрине, денсаулыққа пайдасына күмән келтіру – асылық. Қазіргі таңда ер-тұрманға деген сұраныс азайып, медицина дамығанмен нақты қандай пайдасы барын анықтау ғылыми тұрғыда тұжырымдалған жоқ. Бас-аяғын жинақтай жеткізгенде, адамның тепе-теңдігін сақтауына, сан мен жіліншік еттеріне, тірек-қимыл жүйесіне пайдасы жайлы тарихи жазбалар бар. Жамбас сүйектерін қа­тайтып, омыртқаның үне­мі қозғалыста болуына оң әсер етеді. Ең басты­сы, ер-тұрман – қазақ мәдение­тін толықтырып тұр­ған үл­кен олжа. Кезінде бір ғана ер-тоқым қалың әс­кердің шеберлігін артты­рып, соғысу әдістеріне өз­геріс әкел­ді. Ғалым А. Тоқ­­табай өзі­нің монографиясында: «Көш­пелі түріктер ер басын әше­кейлеуге алтын, күміс, асыл таспен қоса, түйе, жылқы, сиыр секілді ірі малдардың жақ, жауырын, қабырға сүйектерін пайдаланған. Ер-тұрман жабдықтарын әшекейлеу VII–VIII ғасырларда Шығыс Еуропа және Сібір көне түрік тайпаларынан басталған. Қазақтың ер-тұрман жабдықтары сақ, ғұн, көне түрік тайпаларының пайдаланған ер-тоқымдарының тікелей жалғасы. Қазақ халқының XX ғасырдың басына дейін пайдаланып келген ерлерінің ұлгі-нұсқаларының саны 20-дан асады. Ұлттық мәдениетіміздің үлкен бір саласы – ерлердің жасалу жол­дары, технологиясы, ер-тұрмандардың аймақтық ерекшеліктері кешенді түрде қарастырылған емес», – дейді. Сонымен қатар, ғалым «ер-тоқым», «ер-тұрман», «төрт тұрман», «бес тұрман» қатарлы қазақ ішіндегі сөз тіркестерінің нені білдіретінін анықтауды ұсынады.

Тарихшылар ағаш күнге жарылмас үшін Жетісу шеберлері ердің нобайын шапқаннан соң сиырдың жас тезегін жағып, күнге кептіргенін айтады. Ал Сарырақа ершілері бір қазан тұзды суға бие сауым уақыт қайнатып көлеңкеге қойған. Бұдан бөлек, ер-тоқымға қатысты қас, белағаш, оқпан, шегелік, үзеңгілік, орта ағаш, шеттік, қанжығалық, анжы, аттық сияқты ұлттық терминдер бар. Бұлардың әрқайсысы біріккен кезде бір ер-тұрманды құрайды. Мәселен, мұның ішінде оқпан деп ердің ортасындағы ойықты айтса, қанжығалық деп қапталдың қастан жоғары тұратын тұсын меңзейді. Сіз бұған тебінгі, ішпек, терлік, өң, өткерме, көпшік сияқты тек тоқымның бөліктерін қосып қойыңыз. Демек, Елбасы мақаласында көрсетілген ер-тоқымның өзі жеке-дара ғылыми зерттеуді қажет ететін, қайта қарап шығатын, ұлттық мүдде тұрғысынан тұжырым жасауды міндеттейтін үлкен тақырып.

Мақаламызға орай Текелі қаласының тұрғыны, жиырма жылдан бері ер-тоқым жасаумен айналысып келе жатқан шебер Қанжарбай Сәметаевпен тілдестік. Арғы тегі алтайлық қазақ ер-тұрман қастерлі құндылықтың ең негізгісі екенін әңгімеледі. «Ер-тұрман жасай алатын шеберлік адамның қаны арқылы беріледі. Былайғы кез келген адам ат әбзелдерін жасай алмайды. Менің төртінші атам аймаққа атақты зергер болған. Бұрынғы заманда әр қазақтың баласы 5-7 жас аралығында атқа мінген. Мінгенде де салтанатпен, күміс ер-тоқымның үстіне отырған. Осы жастан бастап ер-тоқым ер баланың мәңгілік серігіне айналған», – дейді Қанжарбай Іргебайұлы. Оның айтуынша, ер-тоқым еркек кіндіктінің денсаулығына өте пайдалы.

– Атқа мінген әр қазақ өзін еркін сезінеді. Ер-тұрман ат үстіндегі еркіндікті, жайлылықты қамтамасыз етеді. Шіркін, аттың жүрісінің өзі адамға рахат сезімін сыйлайды ғой. «Ат – ер қанаты» деп бекер айтылмаса керек, – дейді кейіпкеріміз. – Алтай қазақта­рының арасында өстім. Сол жерде тудым. Жат жер болған соң дәстүрімізді, ұлттық өнерімізді берік ұстандық. Соның бірі осы – ер-тоқым жасау еді. Ат әбзелдерінің қадір-қасиетін мына бір ғана нәрседен ұғынуға болады: Алтай жақта өмірден өткен ер адамның ер-тұрманы жыл бойына үйде тұрады. Жылдық асына соятын жылқының үстіне салынады. Одан кейін балаларына мұра ретінде беріліп отырады. Бір сөзбен айтқанда, ер-тұрман – ердің намысы, абыройы, бүкіл қадір-қасиеті.

Шебердің сөзіне сүйенсек, Ресей қазақтарының ортасында ер-тұрманға сұраныс көп. Өкінішке қарай, Қазақстанда тапсырыс аз. Ерді жасаудың да өзіндік ережесі бар. Егер ер-тұрманның алдыңғы бөлігі бірнеше миллиметрге асып кетсе, ат үстіндегі адамның өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, өлшемге қатаң талап қойылады.

«Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге, шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді», – деп жазды Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында. Рас, бұл мәселе бұған дейін де сан мәрте зерттеліп, бірқатар дерек айшықталып қойды. Бірақ Тұңғыш Президентіміздің мақаласында өзге ұлттарда жоқ, тек қазаққа тән құндылықтарды еуропацентристік ықпалдан тазартып, жас ұрпақтың рухын оятып, кеудесін мақтаныш сезімі кернейтіндей деңгейде қайта қарау мәселесі көтерілді. Елбасы мақаласының аясын кеңейте қарасақ, тарихқа жаңаша көзқарас қалыптастырудың қазіргі таңда үлкен маңызға ие екенін түсінеміз. Өйткені, дамыған алпауыт елдердің бәрі мүмкіндігінше жылт еткен тарихи дерегін құндақтап, ұлттық идеологиясына пайдаланып жатқаны жасырын емес. Мұны кейбір мемлекет кино арқылы насихаттаса, енді бірі кітаппен, шағын шығармалармен, дәлелді мақалалармен халық санасына сіңіруде. Сондықтан, Азия әлеміндегі орнымызды бұлтартпас дәлелмен бекемдеп, ықылым заманнан ырыс қонған құтты ел екенімізді паш еткіміз келсе, алтын көмбелі тарихымызды ұлттық мүдде мен азат ой тұрғысынан соңыра парақтайтын уақыт жетті.

Қазақ халқының ауызекі мұрасына үңілсек, ер-тұрманның көшпенділер мәдениетіндегі рөлін аңғару қиынға соқпайды. Аңыз-әпсана, батырлар жы­рынан бастап, дауылпаз жыраулардың шығармаларынан, би-шешендердің сөздері, мақал-мәтел мен бертіндегі қаламгерлердің прозасынан ер-тұрман антологиясын құрастыруға болады. Ендігі кезекте ер-тұрманның орны музейден табылмасын десеңіз, әр қазақ күнделікті тіршілігіне енгізіп, атқа міну мәдениетін жаппай жаңғыртуы тиіс. Тоқетер сөзімізді ат спортына көне үлгіден келе жатқан ер-тұрман үлгілерін қосып, жас ұрпаққа таныстыра отырып, мәдени кодымызды төрт тарапқа мәшһүр етейік деп түйіндегіміз келеді.

Қуаныш ТҰНҒАТАР

Сурет ғаламтор беттерінен алынды