АЛАКӨЛДІКТЕР ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНЕ АРНАП ЕСКЕРТКІШ ОРНАТТЫ

Уақыты: 23.12.2020
Оқылды: 1377
Бөлім: ТҮПСАНА

Алакөл ауданындағы «Даңқ» аллеясында желтоқсаншылар стелласы ашылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Әлібек Жақанбаев: «Арада талай жыл өтсе де, ызғары әлі күнге дейін сезілетін Желтоқсан оқиғасы егемендікке бастаған алғашқы қадам болды. Сол уақытта қыршын кеткен жастарымыздың есімі елдің жадында мәңгілік сақталары сөзсіз. Қайраты мен жігерін алақанға қысып, алаңға ұрандап шыққан ұл-қыздар нағыз ерліктің ерен үлгісі десек де болады. Осы арда азаматтардың есімін ұлықтау мақсатында бүгін арнайы стелланы ашып отырмыз», - деп жиналғандарды игі істің бітуімен құттықтады.

Стелла авторы Ермұхан Жүнісхан қанды оқиғада талай боздақтар ажал құшып, біразы қудалауға ұшырап, оқудан шығарылса да өз істеріне еш өкінбей, елі үшін кеуде көтере білгендер сол кезде нағыз ерлік жасағанын, бүгінде оларды дүйім жұрты мақтан тұтатынын жеткізді.

Алматы облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері М.Жолжанов дуалы батасын беріп, ақжарма тілегін жеткізгеннен кейін стелланың ақ шүберегі алынып, жаңа нысан жұртқа таныстырылды.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы