ПРЕЗИДЕНТ ЖАРЛЫҒЫМЕН ЖЕТІСУЛЫҚ БІР ТОП АЗАМАТ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 19.03.2022
Оқылды: 1369
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі, сондай-ақ, азаматтарды қорғау мен құтқаруда көрсеткен жанқиярлығы үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 17 наурыздағы №839 Жарлығымен марапатталған азаматтарды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, салтанатты түрде наградаларын табыс етті.

– Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Наурыз – еңсесі биік елдіктің, іргесі бекем бірліктің, сарқылмас ырыстың бастауы, – деді Қанат Алдабергенұлы. – Халқымыз қашанда береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа баса мән берген. Ел ішінде бейбіт күнде еңбегімен, қиын сәтте ерлігімен көзге түскен жандар аз емес. Кешегі дүрбелең кезінде қаншама азаматымыз жұртты сабырға шақырып, салиқалы сөз айтты. Олар өз басын қатерге тігіп, айналасындағы адамдарға көмектесті. Осындай отаншыл тұлғаларымыз – жас ұрпаққа өнеге. Сіздердің әрқайсыларыңыз ынтымақ пен бірлік құндылықтарына адал тұлғасыздар. Адал еңбектеріңізбен, көмек қолын созуға деген шынайы ниеттеріңізбен барша жерлестерімізге үлгі-өнеге көрсеттіңіздер.

Қаңтар оқиғасындағы қайғылы жайттарды сөз еткен облыс басшысы: "Өкінішке қарай, дүрбелеңде бірқатар азаматымыз ерлікпен қаза тапты. Бұл – нағыз қасірет. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына барлық жағынан көмек берілді. Біз азаматтарымыздың орнын ешнәрсемен толтыра алмасымыз анық. Көңілге жұбаныш – артта қалған ұрпағы, солардың қуанышы. Мұндай қасірет елімізде ешқашан болмасын!" - деді.

Бұдан соң ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі облыстық департаментінің бастығы Әлібек Қаюповтің өңіріне І-дәрежелі «Айбын» орденін, еңбек ардагері Нағима Сейітбаталоваға «Құрмет» орденін, облыстық «Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің» қазақ күресінен аға жаттықтырушысы Тимур Абыханов пен «Жетісу» телеарнасының директоры Серік Сарыбайға «Ерен еңбегі үшін» медалін, «Баракат жақсылыққа жол» ұйымының жетекшісі Әсем Нұртуғанға «Шапағат» медалін қадаған облыс әкімі салтанатты шара соңында марапат иелерімен естелік суретке түсті.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Алматы облысы