АРҚАДАН АЛАТАУҒА ЖЕТКЕН ӨНЕР

Уақыты: 23.05.2016
Оқылды: 2475
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұлттық рухани іргетасымыздың берік бекіп, адамгершілік-иман­дылық ұстаным­дардың қалыптасуына тәуел­сіздік құрдасы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музы­ка­лық драма театрының қосқан үлесі зор. Небір өтпелі кезеңді басы­нан кешірсе де өз биігін бағын­дырып, ширек ғасырға қадам басқан Астана театрына биыл 25 жыл.

 

1991 жылы талантты режиссер Жақып Омаров ір­ге­тасын қалап, Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» спектак­лімен шымылдығын ашқан Астана театры 25 жыл ішінде айтулы биіктерге көтерілді.

Алғаш құрылған күнінен бастап, өнер кеңістігіне кеңінен қанат жайған қара шаңыраққа 2011 жылдың 14 желтоқ­санында «Мемлекеттік академиялық театр» мәр­тебесі берілді.

Әйгілі абыз актер Қалибек Қуанышбаев атын иелен­ген бұл ұжымға ең алғашқылардың бірі болып, Қазақ­стан­ның халық артисі Қадыр Жетпісбаев пен КСРО халық артисі, «Халық Қаһарманы» Әзірбайжан Мәмбетов жетекшілік етті.

Классикалық туындылармен қатар заманауи шығар­маларды репертуарына енгізген театр алыс-жақын шет­елде, сонымен бірге өз еліміздің аумағында да гастрольдік сапарларда жиі болады. Театрдың ендігі бет алысы 25 – 30 сәуір аралығында Жетісудың жүрегі саналатын, өзендермен өрнектелген өңірдің орталығы Талдықорған қаласы. Көрермен назарына ұсынар қойылымдар айтар ойы мен сахна саңлақтарының ойыны жағынан да берері мол туындылар. Репертуардағы отызға жуық қойылым ішінен көрсетілімнің әртүрлі болуы мақсатында жеті спектакль іріктеліп алынған. Олар В. Ежов­тың «Тыраулап ұшқан тырналар» лири­калық драмасы, Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасы, Е. Жуасбектің «Сен үшін» ко­медиясы, А. Дударевтің «Кеш» драмасы, Ш. Мұр­та­заның «Бір кем дүние» дра­масы, М. Бай­жиевтің «Тіл табысқандар» комедиясы, М. Әуезовтың «Қараш-қа­раш» драмасы.

Драматург, режиссер, актер атты үш тұлғаның шы­ғармашылық бірлестігінен тұ­ратын спектакльдердің көр­кемдік деңгейі қашан да көре­меннің талғам-таразысында. Мәс­кеуде өткен XIII Халықаралық «Золо­той витязь» театрлар форумында бас жүл­дені иеленген В. Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасы Астана театрында өзгеше сахна­ланған. Қоюшы режиссері Қазақ­станның халық артисі Талғат Теме­нов. Қазақ тіліне аударған – белгілі театр сыншысы, Мемле­ке­ттік сыйлықтың иегері, про­фессор Әшірбек Сығай бола­тын. Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығына орай сахналанған лири­калық драмада қазақ солдаты Пер­небек Боранбаев пен неміс қызы Инганың ара­сындағы махаббат хикаясы жө­нінде баяндалады. Басты рөл­дерді театрдың жас актері Әбілмансұр Серіков пен жас актриса Ақмарал Тана­баева сом­дайды. Сондай-ақ, көрермен Қазақ­станның халық әртісі Тілектес Мейра­мов­ты, Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­рат­керлері Ақыш Омарды, Нүркен Өтеуіловты, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері Сырым Қашқабаев пен дарынды актер Қуандық Қыстықбаевты көре алады. «Тыраулап ұшқан тырналар» Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» спектаклінің желісімен жасалған. Әрине, ондағы басты кейіпкер Петр Бородин болса, бұл қойылымда қазақ жігіті – Пернебек Боранбаев. Осы орайда адамзатқа ортақ қасиет – махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, өшпенділік пен сүйіспеншілік, сағыныш пен мейірімділік арпалысы жырланады. Бұл – біздің әкелеріміз, аталарымызға арналған дүние.

Сөз басында театр ұжымына әйгілі режиссер Әзір­бай­жан Мәмбетовтың жетекшілік еткенін айтқан бола­тын­быз. Күрделі классикалық туындылардың бірнешеуін сахналаған Әзекең Ш. Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» драмасын Астана театрында қайта жаңғыртты. Дара режиссердің қайталанбас қолтаңбаларын шет ел сын­шылары да әлдеқашан мойын­даған. Бұл спектакль де асқан шеберліктің айқын айғағы. Қойылымның негізгі жүгін көтеретін Едіге рөлін тәжірибелі талант, театрдың негізін салушылардың бірі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ыбраев ойнайды. Бейне сомдауда Болаттың бо­латтай беріктігі қойылым деңгейін күннен-күнге биіктетіп келеді.

Репертуардағы заманауи қойылымдардың бірі сыншы, драматург Е. Жуасбектің «Сен үшін» комедиясы (режис­се­рі Н. Жұманиязов). «Театр көктемі – 2011» рес­пуб­ликалық фести­ва­лінде «Ең үздік қойылым» аталымын иеленген бұл комедияның тақырыбы қарапайым адам­дардың өзара қарым-қатынасы туралы. Осы күнгі кейбір жандар бір-біріне деген сенімін саудаға салып, сый­лас­тығына сызат түсіріп те алады. Ал кейбірі бақай есептің иелері осынау құбылысты пайда­ланып, жалған сый­ла­сады. Автор осы оқиғаны қойылым барысында қисынды сюжетке ұластырады. Негізгі рольдерді театрдың белді артистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құр­мет» орденінің, бес мәрте «Үздік актриса» жүл­де­сінің ие­гері Л. Бекназар-Ханинга, ҚР «Дарын» Мем­ле­кеттік жастар сыйлығының иегері С. Қашқабаев, Ш. Ор­дабаев, ойнайды.

Келесі қойылым режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов сахналаған А. Дуда­рев­тің «Кеш» атты шығармасы. Мәнді мазмұнымен, мінсіз драматургиясымен әлем сахналарына кеңінен таралған бұл туынды жоғалып бара жатқан адами құндылықтарды, мұнарта бастаған мейірбан­дықты паш етеді. Панасыз ауыл, дәрменсіз қарттар. Әр таңын аңсаумен атырып, әр күнін жол тосумен батыратын жарым көңіл қариялар. Ал олар үшін осынау құлазыған әлемді жылытатын бір ғана үміт оты бар. Ол үміт тек перзенттері қайтып оралған сәтте жанбақ. Барлық ата-ана үшін перзенттік парыздың қаншалықты маңызды екенін қойылым барысында сезінесіз.

Жазушы Шерхан Мұртазаның кең дүниеге кем дүние ретінде саналы түрде ой қорытып жазған «Текебұрқақ» әңгімесін режиссер Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Болат Ұзақов сахналық нұсқасын жасап, кө­рер­мен назарына ұсынған. Тіршілік иелерінің ең саналысы да, ең қатыгезі де – адамзат баласы. Қарыштап дамыған өр­кениет Табиғат-анаға қаншалықты қауіп төндіруде? Қойылым барысында табиғи тепе-теңдікті саналы түрде бұзушы адамдар мен тіршілік үшін арпалысқан жа­нуар­лардың өзара ұқсастығын әрі айыр­машылығын та­ма­шалай аласыз. Өзіңізді табиғаттың қожасы емес, тек жа­ратылыстың бір бөлшегі ғана екеніңізді түсінесіз.

Қаллеки театры сонымен қатар «Тіл табысқандар» комедия­сын ұсынады. Қойылым авторы – қырғыз дра­матургы Мар Байжиев, режиссері Болат Ұзақов. Оқиға Ас­тана қаласында тұратын зиялы отбасының тағды­рынан сыр шертеді. Ана тілге шорқақ Дездомана мен орыс тілін жетік меңгермеген Болдухан арасындағы ке­ліспеушіліктер оқиғаны өрбіте жөнелтеді. «Тіл та­быс­қандар» қойылымы тек қана тіл мәселесін ғана емес, қа­зақ жұртының алтын бесігі – ауыл өмірінен алшақтап бара жатқанын да байқатады.

«Қараш-Қараш» драмасы белгілі театр режиссері, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Ораз­бе­ковтың сахна­лауымен дүниеге келген жоғары деңгейдегі қойылым. Режис­сер­дің М. Әуезов повесіндегі Бақ­тұ­ғылды сатқан Жарасбайды емес Қ. Ысқақ инсцени­ров­ка­сындағы (сахналық нұсқа) Бақтығұлды сатуға мәжбүр болған Жарасбайды таңдауы да кездейсоқ емес. Ол «Қа­раш-Қараш» оқиғасына «Алаштың алғашқы идеясы» – «Жер» мәселесін көтеру үшін қадам басты. Құтты дала, қасиет қонған туған мекені «Қаратас жайлауынан» айы­рылуы Жарас­байды өлімге итермеледі. Демек, қойылым елін, жерін сүюге тәрбиелеп қана қоймай, талғампаз көрерменнен ұлы даланы қаламмен, санамен, жүрекпен, жігермен, парасатпен, намыспен қорғауын талап етеді. Жарасбай ойдың адамы, Бақтығұл істің адамы. Осы екі ұғым бірін-бірі түсінуде сәл жаңсақтық жіберсе, «сат­қын­дық» дейтін жау тұтқиылдан шабуыл жасап, «адал дос­тықтың» орнын алмастырады. Бақтығұл кең даланың ба­тыр ұланы, озбыр қоғамнан таяқ жесе де тегеурінді. Жа­расбай көп қараңғының ақыл шырағы, надан хал­қының бұлыңғыр болаша­ғына алаң болса да төзімді. Міне, бүгінгі айтары мол, берері зор қойылымның қойылуына не себеп? Бұл – уақыт сұранысы!

Гастрольдік сапар қай өнер ұжымы үшін де маңызды. Театрдың репертуарын, ұстанған позициясы көркемдік деңгейін көрсете отырып, халыққа рухани азық сыйлау басты міндет.

Еліміздің әр түкпірінен жүзден жүйріктерді жинап, танымал өнер ұжымына айналған Астана театрының спектакльдерін тамашалайық, өнерсүйер ағайын!

Мирас ӘБІЛ,

Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының

әдебиет бөлімінің меңгерушісі.