Тұлпар мінезді, тұран тұлғалы

Уақыты: 30.09.2017
Оқылды: 1417
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Таудан құлап ағатын, арнасын тепкілеп, асып-тасып тулап, буырқанып, бусанып жөңкіле желіп, ағысына ағыс қосатын өзендер болады. Ол өзендер осы мінезінен жетер жеріне жеткенше тайқымайды, яғни, көлге, айдынға жеткенде ғана тыным алып, мамыражай қалыпқа түседі. Есімі елге етене таныс жампоз жорналшы, айбоз ақын, байсал басшы, қоғам қайраткері Әміре Әрін ағамыздың мінезі осындай тау өзеніне ұқсас. Үнемі арнасынан тасып-төгіліп, шалқып, шарықтап жүргені. Олай жүрейін демейтін шығар, бірақ бойына біткен өнер, талант дегендер алпыс екі тамырын кернегенде кермеге асыққан жүйріктей дүбір іздеп тыпыршып, елегізіп жүретіндігінен болар.

Қалай десек те болмысын түсіну қиын тұлға. Сырты салдырлап тұрғанмен, танымы терең. Сөйлесе қызыл тілдің шешені, ән салса өзі есімін еншілеген ән атасының ауылына қоңсы қонады. Арқасы қозғанда жыр тұлпарына мініп шарықтап кетеді. Шарықтап кетеді демекші, оның мінезі өлеңдерінде менмұндалап тұрады. Ақын өлеңдерінде көп кездесетін, беу, пәлі, айхой дейтін асқақ көңіл райын білдіретін шырайлар соның дәлелі. Айталық: 
Ұлы Далам, Арда шың, Бабамның беу, көзі еді. Шумерлер тегім, қандасым, Жұртымның жайнақ – өзегі! – дейді «Тұран тұрағы» өлеңінде. Ақынмен бірге сіз де қанаттанып, кешегі бабалар ерлігіне масаттанып, көңіліңізді қуаныш кернеп, асқақ мұраттарға қарай желп-желп етесіз. Бұл арғы-бергі тарихты танымның сүзгісінен өткізіп, өлеңге өр мінезін қосқан ақынның маздақ мерейі.
Енді бірде:
Тағзым саған!
Азаттық-арман жырым,
Дәлелдедің ділсіздік жалғандығын,
Ар-ожданы халқымның –
Алмас қылыш,
Сонау сақ пен ғұндардан алған нұрын, – деп тебіренеді тұлпар мінезді, тұран тұлғалы ақын тәуелсіздігіміздің тәтті дәмін татып тұрып. Ақынмен қосылып Сіз де бабалардың алмас қылыш асқақтығына іштей тамсанып, масат күй кешесіз.
Адамдардың саусақ іздері бір-біріне мүлде ұқсамайды екен. Демек әр пенде өмір – өзенде өзінше құлаш сермейді. Сөйте тұрса да кейде біреулерге баға берерде әлдекімдермен салыстырып жатамыз ғой. Әміре ағаны ешкіммен салыстыра алмайсың. Дара жолы бар. Адами болмысы қызық. Таныстығымыз жиырма жылға жуықтаса да әр дидарласуда өзге қырынан көрініп отырады. 
Осыдан он саусақты екі бүккен жылдай уақыт бұрын еліміздің нарық қыспағынан әлі толық шыға алмаған, жұмыссыздық жайлап, жоқшылықтың ызғары қысып тұрған  шақта  мен де  жұмыс іздеп, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің есігін қаққанмын. Бас редактор орнында болмады. «Орынбасарына жолығыңыз» деді хатшы қыз.
«Айран сұрай келгенде шелек жасырмайын» деп орынбасарына кірдім. Әміре аға екен. Сыртынан танитынмын.  Амандастым,  жөнімді айттым. Айбынды ағамыз бірден  лекілдеп «ойбай-ау, сендер сияқты жастар бізге керек. Сендерді алмағанда кімді аламыз жұмысқа. Жазып тұр. Өкіртіп жаз. Өкіртіп жазатындарды бірден қабылдаймыз». Арқамнан қағып шығарып салды. Жыға танымайтын адамды осылай алғауы қызық екен. «Шыны қайсы, өтірігі қайсы» деп дағдарғанымызды қалай ұмытасың? 
Әйтсе де, «жұмысқа аламыз» деген сөзді көп естімейтін, ұзын арқау кең тұсауға, жалпылама сөзге ет үйреніп қалған кез. Мынадай сөзден кейін өзімді жұмысқа кіргендей сезініп, кеудемді қуаныш кернеп шыққаны бар. 
Талдықорғанға келдік. «Жетісу» газеті редакциясы көшіп келіпті. Бірақ жұмыс жоқ. Түйенің танығаны жапырақ деп баяғы Әміре ағаға айттым. Бір кездегі уәдесін есіне салдық. «Бізде корректордың орны бар еді. Сен ондай жұмыс істемейсің ғой. Кішкене осы маңайда жүре тұр. Бір мектепке жұмысқа тұрғызуға  көмектесейік» деді. Сосын газеттің білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Қуат Қайранбаев ағамызға тапсырды. Қуат ағамыз да елге қол ұшын созуда жарыстың алдын бермейтін жандардың бірі екен. «Кезінде біз де ағаларымыздан көп жақсылық көргенбіз. Ендігі жақсылық жасау біздікі» деді де жатсынбай жетелей жөнелді. Әкімшілікке алып кіріп жұмысты тап-тұйнақтай етті. Өз беделін, «Жетісу» газетін алға тартып. 
Әміре ағаның жылт еткенге тамызық болатын әдеті бар. Талай жасты қанаттандырып жіберді. «Жетісу» газетіне бас редактор болып келгелі де өңкей «сен тұр, мен атайын» дейтін жастарды жұмысқа алды. Ең бастысы, олардың жеке тұлға болып қалыптасуына, еркін шығармашылықпен жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр. Содан соң да олар еркін. 
Айбоз ақын туралы қазақтың көрнекті ақын-жазушылары көптеген салиқалы пікір білдірді. Соның бірі қабырғалы қаламгер, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан  Нұржекеұлының «Біреулер  бірде  көл, бірде  шөл  бола қалады. Әміре Әрінді қашан көрсеңіз де ашық-жарқын қалпы. Айналасына шуақ шашып, барша жұртты бауырына тартып жүргені. Інілерімнің ішіндегі тәуірім дейтінім де сондықтан. Дәл қазір біздің қоғам осындай көпшіл де елшіл жандарға зәру. Аса бір қуантарлығы, оның бойындағы осы бір тектілік, екінің біріне қона бермес құндылықтар поэзиялық туындыларында, тіпті публицистикалық еңбектерінде де айшықты шырай беріп тұр. Бұл енді ел байлығы дер едім» деп оның азаматтығына ерекше тоқталғаны бар. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген осы. Азаматтығынан болар, ол үнемі қайнаған  мәселелерге өзіндік үн  қосып, айналасын айбоз шұғылаға бөлеп жүреді.
Азаматтықтың көрінер тұсы – елдік мұрат. Ұлт болып ұйысу, тәуелсіздіктің тұғырын беріктеуге әркім әртүрлі үлес қосуға ниетті. Ал осы мерейлі мақсатты нықтауда қарымды қаламгер түп тарихтан тамыр тартып, сақтар мен ғұндар, көне түркілер дәуіріндегі бабалар ерлігін санада жаңғыртуда асқан қайраткерлік танытып, көптеген танымдық  тарихи  мақала, көсемсөздер жазды. Драмалық шығармаларды өмірге әкелді. «Томирис» атты жинағы соның айқын айғағы. Нені жазса да қазақтың қазақтығын асқақтатуға әкеп, ноқта басын тіреп толғайды.
Сана сілкінісін жасады. Сана сілкінісі демекші, әлемдік деңгейдегі баһадүр, дүние дидарын өзгерткен тұлға Шыңғысханды жан-жақты зерттеп, оны түп негізі біздің бабамыз екендігін дәлелдеуде зор еңбек етіп келеді. Оны осы жолдағы еңбегінің ең үлкені жарық көргеніне 7 жылға жуықтаған «Шыңғысхан» атты танымдық журналы екенін көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Басы даулы тақырыпты терең қозғап, баба есімін елге қайтарып, ұлт рухын көтеруге батыл әрекет етіп келеді. Оның осы жолдағы еңбегі үшін Дүниежүзілік Шыңғысхан академиясының академигі атануы көп нәрсенің ұшығын байқатпай ма.
Жастайынан анасына қамқор болуды ойлап, еңбекке ерте араласып, адамдармен қарым-қатынасты, мейірім, қайырды жете меңгергендігінен, санасы ерте есейгенінен болар, еңбектің қара қазанында пісіп жетіліп, кенен шуағын енді айналасына сеуіп тұр. Бүгінде сан алуан марапатқа ие болып жатса, оның түп негізінде отбасылық тәрбиенің тәлімі қоздап жатады.
Сөз ұстадым, сөз ұқтым,
Сөз сайысы озық тым.
Солық сол бір басылмай,
Соны леппен жолықтым, – дейді арынды, адуынды ақын. Расында әрбір жаңа жазған шығармасында таным мен білігі өзгеріп, көркемдік  қайнарынан қанып ішіп, әр қырынан жаңа өрнек салып отырады. Кітаптан кітапқа, өлеңнен өлеңге көшкен сайын қолтығы сөгілген тұлпардай арындаса, лирикалық сезімде жүрісі су төгілмес жорғадай тайпалады.
Жалпы сөз ұстаған жандардың табиғи болмысы қызық. Шалығы бар. Бірде баладай аңғал, бірде данадай терең, бірде кінәмшіл, бірде жазира. Содан да болар, жыр тасқыны да бірде жағаны соғып, бірде барақат тауып жатады.
Өліарасы Адамдық пен Адамның, 
Өзегіне айналған жырғазалдың. 
Ақын екен аңқылдаған,
ар тұнған, 
Шырағданы он сегіз мың ғаламның.
«Адам өмір сырын тануды өзінен бастау керек» дейді данышпандар. Өз-өзіне үңілген шайыр ақындыққа осылай баға береді. Соның қайнаған ыстық нүктесінде жүргенін сездіреді. Қиянпұрыстығы мен дұрыстығы, жақсы мен жаманы, кісәпірлігі мен мүсәпірлігі, биіктігі мен тереңдігі, парасаты мен ғарасаты мидай арасалып жататын тірлікте ақын боп ғұмыр кешу де қиын-ау. Пешенеңе жазылған «ар тұнған шырағданды» өшіріп алмау одан да зілмауыр.
Біреулерге ренжіп жатқанда «түйсігі жоқ» неме екен деп кейіп, түңілетініміз бар ғой. Жалпы түйсік деген бабадан балаға берілер код болса керек. Ал ақында түйсіну мен пайымдау екі есе артық емес пе? Әр нәрседен, жылт еткен дүниеден тағылым түйеді.
Өмір деген өрнегіндей үйшінің,
Мың бұралар қыл беліндей бишінің.      Адастырмас  жаңа туған
Айдай боп, сүйегіңе тура бітсе       түйсігің.
Иә, сүйекке біткен түйсік қай істе де адастырмасы анық. Әміре ағамыз сонау текті Ескелді, Балпық, Қабылиса, Жәлменде бабаларының түйсігіндегі ұлтқа қызмет ету, ел рухын көтеру сынды міндеттерді қаламымен де, еңбегімен де дәлелдеп, замана жібіне зер жалғап келеді. Содан болар, өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы да қарымды қаламгер еңбегін дөп басып бағалап «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын өз қолымен тапсырды. Тапсырып тұрып Елбасымыздың Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ел мен жердің өркендеуіне, ұлт мұратының асқақтауына мол үлес қосқан, өзгеге өмір өрнегімен үлгі болған «Еліміздің жүз жаңа есімі» жобасына Жетісу өңірінен енуге толық негізі бар тұлға ретінде Әміре Әрінді ұсынатынын айтып, көпшілікті бір желпінтіп тастады.
Ұлттың мұраты оның әдебиетінде жарқын көрініс табады. «Өзің  де жаз, өзгенің де көрінуіне мол мүмкіндік бер». Бұл Әміре ағаның басты мақсаты. Өзі ғана емес, айналасын да үлкен іске жұмылдыра білетін басшы, ұтқыр ұйымдастырушы. Мұндай еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Жақында ағамыз әдебиет саласындағы өлшеусіз еңбегі үшін Қазақстан Жазушылар одағының Халықаралық «Алаш» сыйлығын алды. Мерейі асты.
Біздің мақсат – көмейге келген сөздің айтар реті мен сәті келген тұста, адам ғұмырының асқаралы белесі алпыс жасында алдымыздағы құлжадай қия өрлеп бара жатқан ағамызға інілік ізет білдіру. Ағалардың соқпағынан сонылық іздеп, тағылым тиянақтау.
Сөзіміздің соңын:
Көмбең осы, қазағым,
Жерұйық жер-базарым.
Тірлік тербеп тұрғанда,
Таусылмас-ау жазарым! – деген өз өлең ниетімен қайырсақ дейміз.
Жазарыңыз таусылмасын, аға!
 
Ерғазы МАНАПҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
(«Талдықорған» газеті, 8 қыркүйек, 2017 жыл).