Жасын ғұмыр

Уақыты: 14.02.2018
Оқылды: 1315
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Асқардың үшінші класта оқитын кезі еді. Шынашақтай ғана аққұба баланың сабақтан тарасымен құрбы-құрдастары секілді ойынға қосылып кетпей, ауылдан үш-төрт шақырым қашықтықтағы Сарыбұлақта тұратын ата-әжесіне жиі тартып кететіндігін байқаған алғашқы ұстазы Алтынбек Оспанов оны бірде жолдан бөгеп: 
– Асқаржан, сенің үйің осында ғой... Неге табаныңнан тозып, Сарыбұлаққа барып жүрсің? – деп сұрады.
Мұғалімнің сауалын байыппен тыңдап алған ол сонда танауын бір тартып қойып: «Ағай, атам мен әжем ылғи ауырып қалады. Олардың отын-суын дайындап беруге мен көмектеспесем, кім көмектеседі?» – деді үлкендерше орнықты үнмен. 
«Әй, осы шәкіртімнен түбінде бірдеңе шығады...» деген ой сол сәтте-ақ көрген-түйгені мол ұстаз санасында қылаң берген. «Қайтсін, қарттардың бауырында өскендіктен бірер күн көрмесе сағынады-ау, сірә. Жүрегі «өзім» деуден гөрі «елім» деп соғар ер-азаматтар осындай ұландардан шықса керек-ті...».
Осынау бір елеусіздеу әңгімеден кейін, он жылға толар-толмас уақыттан соң Алтынбектің дәл осы шәкірті ерлігімен елін сүйсінтіп, қайсарлық пен қаһармандықтың қайталанбас үлгісін көрсетерін кім білген...
Адам ғұмыры ескен жел, көшкен құм секілді екен-ау. Әне-міне дегенше мектеп өмірінің соңғы айлары да қоңырауын қақты. Сәуірдің тәуір күндерінің бірінде мектептен арсалаңдай жеткен Асқар алдынан шыққан анасына:
– Тәте, ақша берші, – деді жүзі бал-бұл жана жымиып. Сұраулы жүзбен аңтарыла қараған анасына іле мән-жайды түсіндіріп жатыр:
– Алма ағаштың көшетін сатып жатыр. Қараңызшы, біздің баудағы жеміс ағаштары әбден қартайып кетіпті. Жаңаламаса кейбіреулері жеміс те бермейтін болды. 
– Ой, ақылыңнан айналайын, көшет бітіп кетпесін, тезірек барып әкеле ғой, – деп енді анасы асықты.
Асқардың өз қолымен отырғызған он түп алма ағашының бәрі де жерсініп, көп ұзамай жапырақ жайды. Міне, екі-үш жыл болды, сол ағаштың жемістері жаздай уылжи пісіп, нөпір боп жерге түседі де кейде иелері жинап үлгере алмай, көршілердің қарадомалақтарын жауып жіберіп, алмаға қарық қылатыны бар. Кеседей-кеседей қызыл алманың ең болмаса біреуіне Асқарының тісі тимей кеткенін ойлағанда ана көкірегі қарс айырылып, бақ ішінде ұзақ отырып: «Асқаржан-ау, өзің отырғызған алма ағашыңның жемісін де жей алмадың ау, құлыным!..» – деп күңірене күбірлейді.      
Ол мектепті бітірісімен оншақты құрбы-құрдасымен бірге мал бордақылау кешеніне кіріп, комсомол-жастар бригадасы жас қайрат, жаңа күшпен толықты. Әріптестері Асқарға үлкен сенім артып, топ комсоргі етіп сайлады.  
Асқар 1981 жылдың 4 сәуірінде тұстастарымен бірге Отан алдындағы міндетті борышын өтеуге аттанды. Көптен бері бауыры жанға бата ауырып, ұлын шығарып салғанша «шықпа, жаным, шықпамен» жүрген анасы баласынан бірер хат келген соң көңілі  орнығып, емханаға барған жерде операция столынан бір-ақ шықты. Қолдары жеңіл шипагерлердің арқасында ауру-азабының беті әрмен қарап, дүниеге қайта келгендей болды.  Маусымның орта шенінде  Асқардан «Менің халім жақсы. Денім сау, аман-есен жүріп жатырмын. Мен хатты Германиядан жазып отырмын. Бұл жерге бүгін келдік. Қызыл Арбаттан 18-інде шыққанбыз» деген хат келді. Конверт сыртындағы «Дала почтасының» белгісіне қайта-қайта күдіктене көз тіккен ата-ана шын көңілмен иланып, тәубе қылған-ды. Іштерінен «Қазір, шүкір, Германия тыныш секілді ғой. Құдай Ауғанстаннан сақтасын» десті. Алайда, олар Асқардың дәл осы хатты оттың ортасынан, талайлардың тағдырына айықпас ауыр жара салған Ауғанстаннан жолдағанынан мүлдем бейхабар еді. 
Күн арқан бойы көтерілгенде дабыл қағылып, әскери бөлімше жауынгерлері қас-қағым сәтте сапқа тұрып үлгерді. Командир алғашқы операцияға шығатындардың фамилияларын атады да, бес қаруын бойына асынған саперлер тобы Нангархар мен Лагман провинцияларын жалғастыратын жолды минадан тазартуға аттанды. Шатқалға жете бере-ақ алда келе жатқан Сергей есімді орыс жігіті батысгерманиялық минаны тауып, залалсыздандырды. Азық-түлік тиеген ұзын-сонар колонна саперлердің  соңын ала баяу жылжып келеді. Жолдың оң жақ қапталын жағалай келе жатқан Асқар әр метрді мұқият тексеріп, бір сәт дыбыс аулай бөгелді. Сөйтсе мина іздеуші аппарат  жартылай шағыл астында көміліп қалған әлдеқандай темірді көрсеткен екен. Екі адымнан соң және темір сынығын тауып, қаупі сәл сейілгендей болды. Енді бір тұста көмескі дыбысты құлағы шалды да, әп-сәтте одан айрылып қалды. Бірер қадам жүрген соң қайта бұрылып, әлгі жерді мұқият тексеріп, жолдың дәл шетінен екі бірдей минаны тауып алады. 
Келесі әскери операциялар тіптен қиын бола түсті. Әсіресе «Кунар» операциясы ерекше есте қаларлықтай болып, экстремистердің реактивті снарядтармен атқылауы тұсында бірнеше жауынгер қаза тауып, жетеуі жараланды.  Есесіне отызға тарта дұшман қолға түсіп, олардан көптеген автоматтар, гранаталар, ірі калибрлі пулеметтер мен айналмалы платформадағы зенитті қондырғылар алынды. Осы операцияда қатардағы жауынгер Асқар Жамбылбаев тоғыз мина тауып, көп кешікпей оған «Минасыздандырғаны үшін» әскери белгісі берілді.
Асқардың 1981 жылдың 29 желтоқсанында жазған хатынан: 
«...Бүгін менің туған күнім. Тура 19-ға толамын. Демалып жатырмын. Туған күніңде ешнәрсе істемейсің. Бізде күн жылы. Енді үш айдан соң әскери қызметіме бір жыл болады». 
Келер жылдың алғашқы айынан бастап Пакистаннан  келген дұшмандар тобы ашынған қасқырдай қақтығысумен болды. Күн сайын дерлік дүниенің еш қызығын көріп үлгерместен шейіт кеткен өздеріндей боздақтарды көру кейбірі әлі жиырмаға да ілінбеген бозбалаларды жылдам есейтіп жіберді. 
 Көктемге салым Панчер асуына жалғасар басты жолдан радиомен басқарылатын  мина учаскесі табылды.  Онда жасырылған итальяндық, американдық, пакистандық және қытайлық миналардың бәзбіреулерінің құрылысы тым күрделі  болғандықтан оларды залалсыздандыру үшін дыбыс белгілерінің жүйесі өте күрделі мина іздеушімен жұмыс жасауға әбден машықтанған  саперлерден ерікті топ құру қажет болды.  Аса  қауіпті осы операцияға баруға тілек білдірушілердің алғашқы легінде  қараталдық Асқар Жамбылбаев пен Әділ Әбдіхалықов та тұрды. Панчер асуында алмас кені болғандықтан дұшмандар совет жауынгерлеріне қатты қарсылық көрсетті. Саперлердің алдына үнемі алдыңғы шепте ұрыс сала жүріп, танкілер мен бронетранспортерлерге жол ашу міндеті қойылды. Осы операцияда қырағылығымен көзге түскен жерлес қос жауынгердің де өңірлеріне «Ерлігі үшін» медалі тағылып, ерік-жігерлері шыңдала түсті. Сапер А. Жамбылбаев август айында ВЛКСМ Орталық Комитетінің Құрмет грамотасымен наградталды.
Иә, желтоқсанның дәл 15-і күні ол үйіне және он жыл бойы бірге оқыған құрбысы Гүлнар Нұрматоваға хат жазды. Алайда, сол сәтте бұл хаттар оның ақтық сәлемі болып, бұдан былайғы мезгілде бойтұмардай сақталарын өзі де, өзгелер де сезген жоқ-ты. 
Асқар жазған соңғы хат: «Гүлнар, айтпақшы мектепке барып тұрасыңдар ма? Служба аяқталып қалған сайын уақыт өтпейтін сияқты. Ауылды да сағындым. Жақында бізде «Стодневка» басталады. Екі-үш күнде операцияға кетеміз. Қазір соған дайындалып жатырмыз. Сау бол. Сәлеммен Асқар».
Арыстай азаматтарымен қайта қауышар күннің тезірек келуін асыға күтіп, тәтті сағыныштың жетегіне ерген Жамбылбаевтарды, жалпы Елтай селосының тұрғындарын қайғылы қаза сең соққандай теңселтіп кетті. Бір топ әскери адамдар мәйіт салынған темір табытты алып жетіп келгенде  төбесінен жай түскендей болған ананың «Құлынымның түбіне жеткен қу Герман-ай» деуге ғана шамасы келді. Зейнеп есін жиып, өзіне өзі келген шақта ғана Ауғанстаннан келген офицерлердің бірі төмендегі хатты оқып беріп, орны толмас бұл қасіреттің төркіні қайдан екенін ұқтырды. 
«Құрметті Нығмет және Зейнеп! Сіздердің ұлдарыңыз Жамбылбаев Асқар Нығметұлының 1982 жылдың 17 желтоқсанында ерлікпен қаза тапқандығын қайғырып хабарлаймыз.
Ішінде сіздердің ұлдарыңыз бар арнайы топқа бүлікшілердің миналандырылған жолдарын тазартып, техника мен әскердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету тапсырылды.
Қатардағы жауынгер А. Жамбылбаев өзге жолдастарымен бірге әлденеше рет банды жасақтарының жаңбырша жаудырған оғынан тайсалмастан бір минадан соң бір минаны залалсыздандырып, ілгері жылжыды. Қозғалыс сәтінде күтпеген жерден қатты жарылыс болды. Асқар Нығметұлы ауыр жараланып, әскери госпитальда көз жұмды. Сіздердің ұлдарыңыз өзінің азаматтық борышын атқарған ақтық күніне дейін біздің бөлімшенің мақтаулы да үлгілі жауынгері болғандығын айту артық болмас еді.
Осы жолдарды жазудың өзі бізге қиынға түсіп отырғанына сеніңіз-  дер, ол шын мәнінде ержүрек, Отан алдындағы азаматтық борышына адал жауынгер болды. Үлкен командирлері мен бастықтарының қандай істі болса да сеніп тапсыруға лайық  көрер сенімді жігіттердің бірі еді. Әріптестері оның бойынан достыққа адалдықты, қайырымдылықты айқын сезінетін. Біздің барлығымыз да оны жақсы көретінбіз, әрі үлгі тұтатынбыз. Орны толмас қайғыларыңызды бөлісе отырып, осындай тамаша ұл өсіргендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтқымыз келеді.
Интернационалдық борышын өтеу барысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін қатардағы жауынгер Жамбылбаев Асқар Нығметұлы қаза тапқан соң «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталды.    Сіздердің ұлдарыңыздың есімі біздің жүрегімізде мәңгілік сақталады.         
Әскери бөлімше командирі полковник Оздоев, командирдің саяси істер жөніндегі орынбасары, подполковник Шекварко. 18 желтоқсан 1982 жыл».

Еліңе қаһарман болып оралған жас батыр Асқар, өзіңді өлді деуге кім қияр... Сен тірісің. Мәңгі жасай бересің. Өйткені, рухың сенің өлген жоқ. Өз есіміңдегі көшеде тұратындардың, сол көшемен күнделікті жүретіндердің қай-қайсысы да жасын ғұмырың жайлы ойланары хақ. Жылдар озар, жас ұрпақ жетілер. Алайда, өзіңнің тот шалмас, тозаң баспас тағдырың алқаракөк аспандағы  Темірқазық жұлдыздай жарқырай берер.

Сәбит САБАНБАЕВ
Қаратал ауданы