ҚОС ҚОҢЫР

Уақыты: 12.05.2018
Оқылды: 1103
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

   Қытайдағы қазақ әдебиетінің қос қоңырын білесіз бе? Олар – танымал жазушы, баспагер Зейнолла Сәнікұлы мен жаңа дәуірдегі Қытайдағы қазақ поэзиясының алғашқы қарлығаштарының бірі, сезімнің сеңін сапырған ақиық ақын Шәмшабану Хамзақызы. Әдебиет кеңістігінде қанат қағысып, егіз ұшқан жұбайлардың бірі прозаға, бірі поэзияға молынан шеңгел салды. Марқұм Зейнолла прозаны қара даланың қоңыр аңынша еркін бүктеді, ал Шәмшабану Хамзақызы салбұрындап келіп, лириканың қызыл түлкісін үйірімен сыпырып отырды. Күні қазір әрқайсысының ондаған кітабы басылып, таратылды.

 

   Мен Зейнолла Сәнікпен 1959 жылы Шынжаң университетінің есігін аттаған алғашқы жылы, бағыма қарай «Бақыт» тұңғыш жергілікті авторларға тән прозалық жинағына кірген «Студенттік сырлары» атты әңгіменің жариялану орайымен таныстым. Редакция қызметкері Зекеңмен жерлес болып шықтық. Жинақтың көркемдігі, өткірлігі мен білімділігі байқалып тұрған Нариман Жабағатайұлының қолынан шыққан көрінеді. Саптаяқтан ас ішіп, сабынан қарауыл қойған күндер ғой. Бұл кісі әуелде көп-көрім алды-артыңды орай сөйлеп барып, тізгінін тартып алды. Ал Зейнолламен ауыз баққан жазатайым кезеңнің райына сай сырғақтап қана келте тіл қайырысты. Осыдан кейін екеуміз бөлек-бөлек екі иірімнің жарқабағына көктедік. Араға жиырма жыл салып ол салауатты зиялылар ордасы Үрімжіде, ал мен ауылда, анда-санда ғана жүздесіп тұрдық. Әрине, менімен екеуі де жерлес, десе де биязы мінез сыпайылығы тұрғысынан Шәмшабанудың орны бөлек болған соң, бірер жылғы айт мерекесі тұсында олардың отбасынан дәм татқаным да бар. Зекең сол әуелгі ұстамдылық қалпымен болды. Мен жерлесімнің аса табандылығы, өзіндік таланты, ізденгіштігі мен еңбекқорлығының арқасында едәуір мол туындылар жазып үлгергендігін кейін түсіндім.
   Бір деммен «Басбай» романын оқып шықтым, мейлі, бұл шығарма көркем очерк, дәстүрлі қалыптан асып-төгілмегенімен, Тарбағатайдың бірнеше ғасырлық тарихын бір ғана образға етектеп тұрып үйе салған. Басбай сол замандар иірімінің жуан ортасында. Романның тіл байлығы да жатық әрі халыққа тән, толғамдарын шебер тұрғыда нақыштай білген. Зекең сол табандылықтың арқасында «Сергелдең» атты тағы бір роман, «Тау жұлдызы» атты повестер жинағы, «Қазақтың ұлттық салт білімдері», «Қазақ этнографиясы», «Дала мәдениетінің дала үлгілері», «Хан Қабанбай батыр» секілді кітаптар жазды. Іздену мен еңбекқорлық оны көркем әдебиет көлеміндегі ғылымның әр саласына жетеледі.
   Марқұмның мына бір қағілездігі ойыма оралады. 1980 жылдардың басында «Тарбағатай» журналының бір-екі жылдық сандарында Қабанбай батыр, Ер Демежан туралы деректі айдарлардың түңлігін көтердім. Осы екі үлкен тұлға туралы қыруар қолжазба мен хикаяттар, қисса-дастандар редакцияға келіп жатты. Тарбағатайдағы халық ауыз әдебиеті қазынасының көзі тірі қос тарланы Бейсенғали Нұрсадықұлы мен Әнуар Қоңқақұлының сандығында сақтаған нақтылы мәліметтер, деректер, айғақтар, өзге де ел арасындағы Қабанбай мен Демежан туралы дәлелдік сипаттар журнал «қамбасынан» алынып, сыртқа жарияланып жатты. Мен де іштей бағдарымды дұрыстап, осы екеуі туралы екі роман жазудың қамын жасадым. Алайда дәл осы кезде Шынжаң халық баспасының редакторы Зейнолла мен Бейсенғалидың мақұлдауымен редакциядағы қолжазбаларды сақтаушыдан қалған көшірменің тізімі, рет тәртібі, басылған-басылмағаны кепілдік қолхат бойынша Дөрбілжің аудандық Мәдениет үйінен адам жіберіп, өткізіп алды. Әрі көп ұзамай Зейнолла мен Бейсенғали бірігіп шығарған «Қабанбай батыр» кітабы басылып шықты. Демек, Зекең сол есіл мұраны дер кезінде ұлт мәдениетінің қазынасына қоса білді. Ал кейінірек Қазақстан жазушысы, тегі тарбағатайлық Қабдеш Жұмәділов Демежан жөнінде «Тағдыр» атты романды бұрқ еткізді.
   Біз Зейнолла Сәніктің соншалық ұзақ жылдар ең машақатты кәсіптің бірі – баспагерлік қызметтің сүйреткісін жалаңаш иығына іле жүріп, артына қыруар рухани азық беріп кеткеніне құрмет етпей тұра алмаймыз. Енді бір тұрғыдан ойлағанда, осы қажырлы қаламгерлеріміздің мына деңгейге із тастауына өз ұмтылысынан сырт оның қияметтік адал серігі, дарынды ақын, қарт педагог Шәмшабану Хамзақызының ақылшы, тізгінші болғандығы туралы сырттай жорамал жасауға болады. Кешегі былғаныштан аулақ, таң алдында ұясынан қанатын қомдап жіберіп, тұнық аспанға тік көтерілген бозторғай әуендес Шәмшабану поэзиясы 1950 жылдардың орта шенінде-ақ танылды. Содан бері көктемгі мәйек пен ұйытқан қызыл ірімшік қандай жұпар иісті, дәмді болса, оның әуендері сондай әуелгі тәтті қалпынан танбай келеді. Өзі де жиырмаға ілінер-ілінбес шағында ерте ұшты. Сол жауын-шашынды жылдары тек сырттай таныс жыр періштесімен 1976 жылдары «Шұғыла» журналында сырттай мақала ұйымдастырып жүрген кезімде кездестім. Қарапайым асханада екі жеткіншек баласымен отырған жерінде іздеп барып сәлемдестім. Машақатты ауыл өмірі, сырттай бақылау, жасырын аңду, жан-дүниесі сергек жаралған ақынды бәлендей жасытып, жаншып жібере алмағаны шоқ қоздатқан көз ұшқынынан, нығыз толғамды лебізінен білініп тұрды. Міне, содан бері ол жыр көшінің ұзақ сапарында тер төгіп келеді. Екеуі қатар қанат қағысып, сонша жыл қалам соқалаған жұбайлардың соншалық нәзік әдебиеттің сыңар тұзағына көгенделген беті. Бірін-бірі кеміріп құрбандыққа шалып жібермей, қыларқанның оңқай-солақай тілі қалыптасып, қатар өрілген беті ширатылып келіп, жазушылық атты өнердің білдей арқаны бола білгендігіне еріксіз қайран қаламыз.
   Мен осы отырғанда ішінде алпыстан асып өтіп, жетпісті желкелеген, сонша жыл бойы ғылымның әр саласына тіреу бола білген Қытай қазақ зиялыларының қайда, қанша көміліп жатса да, кейде, тіптен, ескерусіз жүрсе де оларды мәңгі тот баспайтын гауһар санар едім. Өйткені, олар бүгінгі жаңа дәуір тарихының сұлбасын тұрғызды, ұлттық мәдениет пен әдебиетті өрге сүйреді.


Жұмабай БІЛӘЛҰЛЫ