Өз елі өз ерлерін ескермесе...

Уақыты: 19.07.2018
Оқылды: 1806
Бөлім: ЖАНСАРАЙ
Елі үшін аянбай тер төккен тау тұлғалы жандарды шыңның басына шығармаса, шыңырауға түсірмеген елміз. Ал халық деп қалтқысыз қызмет еткен сол бір асыл азаматтарды еткен еңбегі мен төккен терін көрсету, тұлғалық болмысын айшықтап, сара жолындағы дара ізін ұрпаққа үлгі етуде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай ұйымдастырылып жатқан игілікті істердің ұзын-санын жіпке тізіп өте алмаспыз. Әр өңірде салтанатты түрде өтіп жатқан игі шаралардың барлығы парасатты Президентіміздің бағдарламасы аясында орын алуда. Солардың бірегейі ретінде жазиралы Жаркент жерінде сан жылдар бойы еңбек етіп, құтты мекенді алға сүйреген Азат Машуровқа Панфилов ауданы орталығынан бір көшенің атын беру ісін ерекше тебіреніспен атап өтуге болады.

Бөздің жарқылына емес, сөздің алтынына баса мән берген халқымыздың аяулы перзенті Ілияс Жансүгіровтен қалған «Өз елін өз ерлері ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді» деген тағылымды сөз бар. Тегінде, бұл ғибратты пайымға парасаттылықпен қарайтын жаркенттіктер атпал азаматын атаусыз қалдырмай, еңбегіне сай құрмет көрсетіп отыр. Оның нышаны мен жанды мысалы деп Азат Машуровқа көше атын беру ісін атап өтуге толықтай негіз бар.
Азат Машурұлы жаркенттік жайсаң да қайсар жандардың сапындағы саф болмысты бірегей тұлға еді. Азекеңнің еңбек жолы да осынау әр бұтасына жыр ұялап, ән қонақтаған құтты мекен топырағында басталды. Қарапайым моторист болып жүріп, Семей малдәрігерлік институтына оқуға түсіпті. Оны ізденімпаздығына сай жақсы аяқтасымен туған жерінде білікті маман ретінде танылған соң қызмет бабында өсіп, ауданымыздың Шолақай, Көктал елді мекеніндегі шаруашылықта басшы болған. Осы аймақтың халық депутаттары аудандық атқару комитетін басқарған. Болашағы зор білікті маман ретінде, парасатты да іскер қызметкер ретінде де көпшіліктің сеніміне ие болып, арнайы жолдамамен Жоғарғы партия мектебінде оқыған. Оған қоса Алакөл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы боп сайланып, онда да өзінің қабілет-қарымына сай адал еңбек етіп, зор табысқа жеткен-ді. Сол жылдары өзіммен жасы шамалас, қызметі деңгейлес, әскери борышымызды Моңғолияда бірге өтеген «Жанама», «Ильича» кеңшарының директоры болған Болат Сиырбаевпен аралас-құраластығым үзілмеген кез болатын. Ол арқылы «Социалды» кеңшарының директоры қызметінде болған Келіс Бүтіншінов, Киров атындағы ұжымшардың төрағасы Нұрлан Ниязов, тағы да білдей бір кеңшардың директоры Амантай Иманқұлов, Азат Машурұлының тікелей көмекшісі әрі аудандық партия комитеті жалпы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Қанат Нүсіпов және аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Қоңыржай Қысталасов сынды қызметкерлермен жиі-жиі араласып, айдынды Алакөлдің тыныс-тіршілігінен хабардар болып тұратын едім. Сонда олар: «Азекең кадр саясатын өте әділ жүргізеді. Сыртқы жақтан ешкімді алып келмей, Алакөлдің өз жастарын өрімталдай желектетіп өсірді. Өзі де егіс алқабына тікелей шаруа киімін киіп келіп, бұрын күрекпен су жағалайтын біздің аяғымызға рәзіңке етік кигізіп, қолымызға да кетпен ұстауды үйретті. Жазиралы Жаркент аймағында мал бордақылау саласында қалыптасқан озық тәжірибелерді айдынды мекенге алып келіп, табыс тасқынын тасқындатты», – деген жақсы пікірлерін алға тартып, Азекеңнің азаматтық ісіне, қайраткерлігі мен іскерлігіне деген сүйсінуден туған ойларын ақтарып салушы еді. Ниеттес азаматтардың осынау пайымдарының жанды көрінісі, жарқын дәлеліндей сол шақта Алакөл ауданы жақсы жетістіктері үшін СОКП Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл туын жеңіп алған. Сол тұста жерлес ағамыздың жетекшілігімен жеткен бұл табысқа біз де ерекше қуанып, марқайып қалғанбыз.
Сонау сексенінші жылдардың соңына қарай ауданымызда Калинин атындағы шаруашылықты басқаруға келіп, өмірінің соңғы жылдарына дейін кіндік қаны тамған атырапта қажырлықпен еңбек еткен Азат Машурұлының  атағын алыстан естіп, іш тартып жүретінбіз. Ленин атындағы кеңшарда директор болып тұрған сол кездерімде ол кісімен әріптес ретінде қатар қызмет етіп, етене араластым. Негізінде, жаны жайсаң жанның көрегендік қасиеті бар еді. Заманның аумалы-төкпелі жағдайын жіті қадағалап, қоғамның күретамырының бүлкіліндегі дертті дәп басып, соларға қарай дұрыс қадам жасай білуші еді. Ұжымшардың есепшотындағы миллиондаған сомды, яғни топан ақшаны айналымға түсіріп, құнсыздануға жеткізбей ел игілігіне, жұрттың әлеуметтік ахуалын жақсартуға жұмсады. Сондай іскерлігінің арқасында ауылды тотыдай түрлендіріп, тұрғындар-       дың жағдайын жақсартты. Тарихқа бір мойын бұрғандай ақиқатын айтсақ, ауданымыздың басқа шаруашылықтарында сол кезде бұдан да көп қаржы қоры бар болатын.
Халықтың перзенті болған соң өз еліңнің жағдайын сынықшыдай дөп басып тани білуің қажет. Бұл тұрғыда Азекеңнен үлгі аларлық қасиет молынан кездесетін. Ол ең алдымен халықтың әлеуметтік жағдайын, әр отбасының тұрмыс-тіршілігін, соғыс ардагерлерінің, жалғызбасты адамдардың, көп балалы аналардың, жастардың жағдайымен танысып, толық талқыдан өткізіп барып оған тиісті  шара қолданды. Өрендерді жиып, олардың көңіл-күйін білді. Ойларын тыңдап, өз пайымын ақтарды да, алдарына үлкен мақсат қойып берді. Туған ауылдарын мақтанышпен айтатындай деңгейге көтеру керектігін түсіндіріп, із жүзінде өзі көрсетіп берді. Ең ерекше атап өтетіні, сол кездері Азекеңнің басшылығымен ауылдардың жолдары асфальтталды. Жайлауға баратын, сүт фермаларына апаратын соқпақтарға шағыл төселіп, жайлы жолдарға айналды. Сонымен қатар, Пенжім ауылындағы зираттардың айналасын қоршатып, көшет ектіріп, жүргіншілер жүретін жолды асфальттатты. Оған қоса ауданда тұңғыш рет соғыс ардагерлеріне арналып ұшар басында жарқыраған айы бар мұсылмандық ескерткіш орнатылды. Пенжім ауылының орталық алаңы, Мәдениет үйінің ауласы қызылды-жасылды гүлге оранды. Түнде көзді қарып, жанарды қытықтайтындай самаладай шамдар орнатылды. Міне, сол кезде шекараның шығыс шебінде орналасқан, күрежолдың бойынан орын тепкен сол елді мекенге қызықпай қараған жандар санаулы болған шығар-ау.
Дәл осы тұста ерекше толғап өтуді жөн деп тапқан жайымыз,  Азекең Пенжім ауылын көктей өтетін Ұлы Жібек жолының бойындағы сәнді сауда орталығының алдына қазақ халқының ұлы ағартушы ғалымы, жиһангер саяхатшы Шоқан Уәлихановтың көрнекті де еңселі мүсінін орнатқызды. Қашқарияға барған сапарында ұлы бабамыз осы ауылға таяу жерде орналасқан Ақкент шаһарында түнеген екен. Тарихи танымы кең, шежіреден сыралғы ағамыздың бұл игілікті ісіне қалай разы болмайсың?! Бұл да болса өз тарихым деп қарға тамырлы елдің қасиетті перзентіне жасаған ұлы құрметінің нышаны, азаматтығы болса керек-ті.
Иә, Азекеңнің бастамасымен талай игілікті істер тындырылды. Жемісін жұрты көрді. Сол тұста ұжымшарда «Туған жер», «Шатлиқ» деп аталатын ұлт аспаптар ансамблі құрылып, өнер өрендерінің өрелі ордасына айналғаны бар еді. Олар сол кездері тіпті аудан, облыс көлемінен асып, республикаға танымал болды. Шекара асып, Польша, Қытай, Португалия, Қырғыз елдерінде өнерін паш етті. Көршілес елдермен қатар Еуропаның ежелгі тұрғындары дарқан далалы Қазақстанның оңтүстік-шығыс қиырындағы қарапайым ұжымшар өнерпаздарының концертіне құштарлана қол соққан еді.
Рас, Азекеңнің тұлғалық болмысы, сырт келбеті батырларға қаншалықты ұқсаса, іс-әрекеті де дәл сондай қаһармандық, ержүректік сипаттар мен қимылдарға тән болып келетін. Оның ел алдындағы еселі еңбегі, қоғамдық қызметі Кеңестік кезеңдегі мемлекеттік орден, медальдармен атап өтілді. Ал «Түгел сөздің түбі бір» дегендей, түп төркінін айтар болсақ, оның ең негізгі жетістігі – есімін күллі аудан, тіпті Жетісу жұрты ыстық ықыласпен,  ерекше құрметпен атап жүретіндігінде жатыр. Оның көпшілік қоғам қайраткері, еңбектің қатепті қара нары ретінде таниды. Ал шынтуайтында өзі де соған лайықты жан еді.
Жалқы сөз ретінде айтар болсақ, Азекеңнің осы жетістігі, ел алдындағы құрметінің, қасиетінің артуына үйіндегі Дүрнәм тәтеміздің тигізген септігі мол екені өзі-ақ менмұндалай танылатындай. Өйткені жан серігі, сырласы болған Дүрнәм Мөрдінқызы қоғам қайраткерінің жұмысы алға басуына мол мүмкіндік туғызып, отанасы ретінде ұрпағының салиқалы болып өсуіне жағдай жасады. Бүгінде ол кісі Азекемнің ошақ отын өшірмей, рухани шырақшысына айналып, естелік кітаптар, Жаркент жерінің тарихы мен тұлғаларына, тың деректеріне қатысты жинақтар жазумен айналысуда. Мұның өзі берекелі тірлік кешкен жандардың ел үшін жаратылғанын айғақтаса керек.
...Ұрпақ алдындағы бүгінгілердің ұлы істерінің бірі, азаматтарын тарихта қалдырып, келешек танитындай бедерлеу дейтін болсақ, жазиралы мекеннің тұрғындары тұлғаларын тектеп, тұғырлы елдің тарихында қалдыруға зор үлесін қосуда. Осынау берекелі істің тіні ретінде Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, сан ұлттың бір тағдырлы, бір мемлекетті ел екенін атап өткені дер едік. Қаны ұйғыр ұлтынан болса да, жаны мен жүрегі қазақтан болғандай көрінетін Азекеңнің Алаш жұрты үшін істеген еңбегі атап өтуге тұрарлықтай. Ал оған деген құрметтің жарқын көрінісі ретінде Жаркенттің көшесіне есімін беріп жатса, бұған біздің іштей қуанып, сыртай сүйсінетініміз де жасырын емес. Бірін-бірі батыр тұтып өскен елдің кеңжүректілігі осындай іргелі істерінен айқынырақ танылса керек-ті...

Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ,
облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы,
Алматы облысының және Панфилов, Кербұлақ аудандарының
Құрметті азаматы