Атам қойған атымды

Уақыты: 22.10.2018
Оқылды: 1168
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жанторсықтай жанынан тастамайтын мені. Жанай кетсем жырға баулитын. Жүрегінің кеңдігінен бе, көптің мұңын көңіл таразысына салып өлшейтіні бар. Құдды балаша алаңғасар кейіпте. Елдің ертеңіне алаңдайтын да отыратын. Содан ба, ұлтқа берер кәдеңді қазірден бастап әзірле дейтін арқамнан қағып. қолым қалт етсе Пайдалы іспен айналысуға пәрмен беретін. Әлі де сол қалпында. Өмір өзгерсе де ол өзгерген жоқ. Желдиірмендей айналып, жылдар да жылыстап барады. Сана түкпірінен тағы да сан сурет алмасты. Атам жайлы бұрындары бір естелік жазуға оқталған едім. Орайлы сәті осы мақала болса керек.

Бұл бір ұзын сонар әңгіме. Жалықпасаңыз басынан бастап айтайын.
Алдымен бізді әлдилеп, бауырына басқан киелі мекен Балқаш ауданының сұлулығын сөзбен безбендеп өтсем. Неге десеңіз, адамның мінезі өзі туған жерінің табиғатына тартады емес пе? Бұл да бір қызық әңгіме. 
Құмды өлке. Құнарлы топырақ. Тақтайдай ұлан-ғайыр жазық дала. Аңызақты аптап маусымның жуан ортасында қоңыр тартып, құмды топырақ бояуын өзгертеді. Ойпаңы мен биік-биік қыраты, таулары жоқ көгілжім жазықтың көкжиегі тіптен алыстап кететіндей. Тым қиян шалғайда көз ұшына ілігіп, белбеулене көтерілетін ұзын ағаштар бейне теңізде жүзген ғажайып та жұмбақ  алып кемелерге ұқсас. Толқында ойнаған қайықтай баяу жылжып жақындайды да, алыстаған сайын тағы да толқып сала береді. Көлік ішінде кетіп бара жатқан кісінің терең ойға жетелеп әкететіні содан.
Қай тарапқа көз салмаңыз, адамның ащы терінен жаралған егін теңізі. Бұрын осы даланы басып өткен сан алуан жұрттың көзіндей Іле бойлаған ырыс сахара самалымен толқып, тербеледі. Анда-мұнда ала шарбы бұлт өріп жүреді. Құдды дүние дүние болып жаралғалы аспанында дәл осылай ала бұлт көшіп, даласында дәл осылай егін толқып тұрғандай. Бұл өңірге осы жарқын көріністен басқа өзге құбылыстың көлеңкесі де түспеген сияқты. Қайран қаласың. Мұның бәрін неге айтып отыр дейсіз ғой? Мен сөз еткелі отырған жанның да көңілі осы даланың егіні секілді. Сондай мамыражай, қашанда жағасы шулаған құстың үніндей қуанышқа толы. Бір жақындадың ба, қайта алыстауға батпайсың. Ал сыртқы келбеті Бақанастың қоңыр құмындай бидай өңді. Қазақ өзі қойдай момын қоңыр халық қой. Кейде атам біз аңсайтын баяғы қазыналы қарттардың жұқанағындай елестейді маған.
Менің атам – Сейтқалиұлы Жақан Ошақбаев. Сізге бейтаныс есімнің мен үшін орны таудай. Олай болатын жөні де бар. Осы бір тілшілік өнердің тізгінін ұстатқан жанға қандай қошемет көрсетсең де жарасары анық. Сондықтан бұл мақала арқылы оған деген шексіз ілтипатымды жеткізгім келіп отыр. 
Ол кезде менің жетінші сыныпты бітіріп, үш айлық демалысқа шыққан сәтім. Атам жазды құр селтеңмен өткізбей, саудада қолғабыс болуымды өтінді. Әрі мектеп формасын алатын азын-аулақ ақша табатынымды айтып, бір желпінтіп қоймасы бар ма? Көнбей қайда барасың!? Содан таңғы сағат жетіде тұру науқаны қайта басталды. Атамның ұйқысы өте сергек. Таң алагеуімде тұрып, аздап жаттығу жасайды. Содан соң күндегі дәстүрінен ауытқымай ескі дүкенін ашады. Біздің жақта жаз келісімен жұмысшылар егін басына ертемен аттанады. Ондағысы – күннің ыстығына ұрынып қалмаудың амалы. Керек-жарағын, ішер сусынын басқа емес, «Айбек» дүкенінен алуды әдетке айналдырған. Олай дейтін себебім өзге сауда орталығының иелері ол уақытта тәтті ұйқының шырмауында жатады. Ауыл халқының жұмысқа барарда алдымен біздің дүкенге бас сұғатыны сондықтан. Айбек – атамның үлкен немересі. Ол дегенде Күләй апам екеуінің шығар жаны бөлек. Қаладан келген сайын асты-үстіне түсіп бәйек болады да жатады. Біз сыртынан қарап қызығатынбыз. Тұрғындардың тұтынатын заттарының басым бөлігі біздің дүкенде болғандықтан, Алматыға жиі баруға тура келеді. Жеке кәсіпті қолға алған соң, құр жатуға уақыт жоқ. Аптасына 2-3 рет қалаға тауарға барамыз. Мені қасына ертіп алады. Барар жеріміз алыс, жолсеріксіз жүру қауіпті. Жолдың ұзақтығы өз алдына, атамның бітпейтін әңгімесін қайтесіз?! Жол бойы көсіле сөйлеп, өмірден түйгенін тәпсірлей жөнеледі. Құдды ақ «Газельдің» шопыры емес, әдебиет пәнінің мұғалімі іспетті. Өзін Мұқағали Мақатаев пен Мұхтар Шахановтың ең үздік оқырманы дерсің. Тура араның балға әуестігіндей. Жырларын жатқа айтқанда жаның балқиды. Өзі сүйіп оқитын авторлардың көзін көрмесе де, өлеңдерінің шығу тарихын жіпке тізгендей өрбітеді. Тамсана тыңдайсың. Кейде сол сәттерді сағынатыным бар. Кенже ұлын ақын болсын деген ниетте «Мұқағали» атапты. Бірақ ағам өсе келе банк саласына бет бұрғандықтан, әкесі көп қыстамаған. Кейін мен өмірге келгенде әжем үлкен ұлына: «Мына қамшыұстардың атын өзің қой», – деген көрінеді. Көктен іздегені жерден табылғандай атам үлкен үмітпен азан шақырып, «Мұхтар» деп қойыпты. Онысы Мұхтар Шахановқа деген құрметінің бір парасы болса керек. Әлі есімде, екінші сынып оқып жүргенімде Мұқағали Мақатаевтың екі томдық жинағы мен бір шағын қойындәптер әкеп бергені. «Осыған өлеңдеріңді жаз, кейін баспа бетіне береміз», – деді. Менің алғаш шимайлап тақпақ құрап жүргенімді байқап қалыпты. Содан апта сайын үйге келгенде жазғандарымды естімей қайтпайды. Мен де ұйқасы келсін-келмесін дауыстап оқып беремін. Ондайда атам ұзақ іркіліп: «Үстірт сөйлеп, жеңіл байлам жасама. Өлеңде де сондай бол. Байлыққа үйір болма! Одан ашкөздік балалайды. Қызғаныштың қызыл шоғын көсейді. Басыңа төнер қауіп-қатер содан», – деп қолыма мәмпәси ұстатып кететін. Кейде ойлаймын, сол бір үлкен сенім әдебиетке мені жетелеп келгендей.
Осы бір ретте тағы бір қызықтың шетін шығарсам. Алғаш жазған тақпақтарымның бірі атамның ақ «газелі» туралы болатын. Ол майда шумақтар әлі күнге қойындәптерімде.
Атам менің Жақан,
Жанымда тұр батаң.
«Газелі» бар аппақ,
Азық-түлік сатпақ.

Алматыға кетеді,
Күләй апам екеуі.
Азық-түлік әкелер,
Күтеді оны көкелер
.
Бұл тақпақ балалық шақтың сарқыты іспетті жадымда жатталып қалғаны қашан?! Атам Алматыға көшкенде ішімнен жылап тұрып қайталаған едім. Оның құнды да құнарлы әңгімелерін қайта естімейтіндей күй кешкенмін. Тағдырдың бұралаңына тіс қайрап, атам аңсаған биікке қалайда жетуге серт еткенім бар.
Атамның топ жарып суырылып шығар анау айтқан өнері  болмаса да, «Жақан өз ісін білмейді» деп ешкім айта алмайтын. Осы күнге дейін ауыл жұрты бетіне теріс қарап көрген емес. Шынында өз ісіңе мығым болсаң, біреуге қиянат жасамасаң, теріс мінез көрсетпесең кімнің кімде не шаруасы бар дейсің. Міне, ол осы қасиеттерден аттап көрген жоқ-ты. Қарбаласқа толы аласапыран өмірде дән салып келе жатқан жанның бірі. Осы күнге дейін біреудің ала жібін аттады дегенді естімеппін. Әрине, адам кемшіліксіз болмайды. Соңынан ерген інілері жетім өсті ғой. Солардың көрген тауқыметі арқасына бататын болуы керек, аздап өмірге назданатыны бар. Саудамен ерте айналысуға мәжбүр болды. Қой бақты. Осының бәрі артынан ерген іні-қарындастарының қамы үшін.
Бала кездің қуанышы да, қайғысы да тамырсыз, негізсіз келеді. Тез тарқайды. Үлкен атам Сейтқали дүниеден ерте кетті. Соғыста жараланып, майдан бітпей қайтуға мәжбүр болды. Сол кеудеге түскен дақ, жанын алмай қоймаған сыңайлы. Айман әжеммен соғысқа бармай тұрып некелесіпті. Атамның көп қылығы сол кісіге тартқан. Дос талғамайды, мінезі ашық. Әжем айтып отыратын: «Қансонарда аң аулауға шыққан орыстарды үйге ертіп келеді. Өзі бірауыз орыс тілін білмейді. Сонда да әңгімелеріне аракідік қосылып, қазақтың қонақжайлығын түсіндіріп бағады. Аңшылар кеткен соң әжем: «Шал-ау, мыналарың кім? Сен орыс тілін білмеуші едің ғой», – десе: «Атам балаша мәз болып: «Әй, сен не білесің? Мен бәрін түсінем, тек жауап қайтара алмайтыным болмаса», – деп әзіл-шыны аралас жадырай күледі екен. Малдың соңынан жүрген адамға бәрі қызық емес пе? «Ә, осы сенің Жақаныңнан бір нәрсе шығады. Өзі тілалғыш. Кейін қолыңды ыстық суға малып отырмаса, маған кел», – деген таныс-тамырға жалғыз атын сойып беруге әзір тұратынын  әжем айтып отырушы еді. Үлкен атамның қолының ашықтығы, аңғалдығы мен елпілдектілігі үлкен ұлына дарыған іспетті. Оны өмірдің өзі дәлелдеп келеді.
Өзі өте әңгімешіл. Газет-журналдарды талғап оқиды. Алдымен «Датқа», содан соң «Дала мен қалаға», кейін «Жетісуға» жазылатын. Ауылда тұрғанда апта сайын үйге келіп, оқыған әңгімелері мен естіген жаңалықтарын майын тамызып тұрып баяндап беретін. Үйге атам келсе үлкен бір есті әңгіменің есіктен еніп келе жатқанын бағамдайтынбыз. Әке-шешеміз үстел басына отырмауымызды ескертсе де босағадан телміріп тың тыңдаймыз. Өзі саудагер болған соң қазіргі қоғамның беталысын, халықтың хал-ахуалын жіпке тізгендей жеткізеді. Үйден сыртқа аттап баспайтын кәрі әжем үлкен баласы келсе бір жаңалыққа байып қалушы еді. Егер әдеттегі келетін күнінен кешіксе уайымдап, телефон шалады. Ондағы бар айтатыны «Неге келмей кеттіңдер, сырқаттанып қалғаннан саусыңдар ма?» секілді сұраулы сөйлемдер. Ондай да әжемнің баласына деген аналық пейілінің тіптен бөлек екені аңғарылып қалады. Маған балаларының ішінде атамды қатты жақсы көретіндей көрінетін. Онысын кейін білдім. Әжем тұрмыс құрған соң 9 жылдан кейін барып сәбилі болыпты. Сондықтан да тұңғышының орны ерек, мәртебесі басқаларынан әлдеқайда биік. Жақан атамды аузынан тастамайтыны сол екен. Шай ішіп біткен соң атам мені шақырып алып, ақылын айтатын әдеті. Мен мұқият тыңдауға тырысамын, әжем солай үйреткен. Қонақ кеткенше жатуға болмайды. Ұйықтай қалсам, атамның ұлағатты әңгімесінен құр қаламын. Сондағы мына аңызы есімде қалыпты.
«Шыңғысханның әкесі Есукей баһадүр жорық алдында атын тағалап жатты. Бала Темучин қаусырыла иілген темірді таңсық көріп тұрды. Ұлының көзіндегі үнсіз сұрақты ұққан баһадүр сонда не деп еді? «Балам, таға тұяқты мүжітпейді. Тау-таста, жалтыр мұз үстінде тайдырмайды. Есіңе сақта, таға тұяқты ұстайды. Көрдің бе, кішкентай тағаның пайдасын. Арғы жағын өзің ойлан. Жолбарыс күшіктеріне етті шайнап бермейді. Шайнап берсе тісі шықпай қалар еді». Тағы бірде «Ерте-ертеде, – деп бастайды әңгімесін. – Ертеде екі ағайынды жылан өмір сүріпті. Бірі бір басты, тарам-тарам құйрықты екен. Көрдің бе? Ал екіншісі болса тарам-тарам көп басты, бір құйрықты болыпты. Жазда жонын жылытып, күзде тамағын тойғызып жүре беріпті. Ақ боранды алдына салып айдап, қақаған қыста келіп қалады. Ендігі қалған шаруа інге кіріп, көктемге дейін ұйықтау. Міне, осы тұста шатақ басталады. Бір басты, көп құйрықты жылан ойланып жатпайды, зып етіп інге кіре жөнеледі. Ал тарам-тарам көп басты,бір құйрықты жылан қайтті дейсің ғой? Әр бас өзінше билік айтып, алдымен таласады. Сосын жанжалдасып, өзара жағаласа кетеді... Көктем келіп, күн күлгенде бір басты көп құйрықты жылан сыртқа шығады. Қараса, көп басты бауыры ін аузында аязға үсіп өлген. Мен мұны неге айтып отырмын?» Сосын сөзін сабақтай келіп: «Ойлан, балам! Ғұмыр бойы ұмытпа!» – дейді. Осы әпсаналар әлгі күнге санамда жаңғырып тұр. Атамды көрген сайын ойыма орала береді, орала береді.
Жол тағдыры қызық қой.  Бір кездегі даңғыл жолдар шөп шығып, бүркеу тартады да жоғалады. Соңынан таспадай болып жаңа жолдар түседі. Ол жол жаңа да жақсы мекенжайларға апарады. Атам қазір қалада. Кіші ұлының қолында, қара шаңырақтың төріне жайғасқан. Ағам қабағына еркетотай болып өсті. Десе де,  бала деген тамыршы сияқты емес пе? Өзіне деген көңілдің ала-құлалығын дәл басып, бірден біле қояды. Кейінгі кезде Күләй апам мен Жақан атамның саудаға деген құлықсыздығын байқаған ағам бірден қасына алуға байлам жасады. Немерелерінің жанында жүріп, ақылдарын айтуын қалады. Шынында, адам кәріліктің қамытын кигенде одан артық қандай бақытты қажет етсін? Немеренің жұпар иісі жанға дәру, бойға қуат емес пе?!
Міне, бүгін апам мен атам жетпіс дейтін сарайдың ішіне енді. Әлі де көрері алда. Ізінен ерген екі қызы, бір ұлы бар. Одан тараған немеренің саны он төртке жетті. «Ақсұңқар балапаны үшін торға түседі» демекші, атам мен апамның осы балаларды қайтсем жеткіземін деп көрмеген бейнеті жоқ. Оған маңдайына түскен қатпар-қатпар әжімдері дәлел. 

Мұхтар КҮМІСБЕК