КЛАССИКАЛЫҚ ӘНДЕР КӨҢІЛ ТЕРБЕТТІ

Уақыты: 17.11.2018
Оқылды: 2272
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Классикалық жанрдағы туындылар адамның ойлау қабілетін арттырып, жүйкесін тыныштандыратын дәрумендермен пара-пар. Оған Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Әсем СЕМБИНАНЫҢ «Әсем әуен әлемінде» атты сырлы сезімдерге толы жеке шығармашылық кешінде тағы бір көз жеткіздік.

Ән кеші талай дүлдүлдердің бағын ашқан І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Ән әлемі дүлдүлдерінің жолын жалғаған Әсем қыз көрермендерді жаңа туындыларымен тәнті қылды. Кештің шымылдығы композитор Әли Алпыспаевтың дирижерлігімен М. Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі орындаған Нұрғиса Тілендиевтің «Шашу» күйімен ашылды. Одан кейін кеш иесі халық әні «Алқоңырды» орындап бірден көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Ән кеші классикалық бағытта болғандықтан өнердегі достары, класикалық туындыларды орындаудың хас шеберлері Асхат Мәдиев, Бауыржан Мырзабеков, Тілек Нағымбаев италияндық әндерден попури орындады. Айта кетейік, Әсем Сембина өнер әлеміне әуелі музыка мектебінің фортепиано класын, кейіннен Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжін «хор дирижерлеу» мамандығы және 2011 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын «вокал өнері» мамандығы бойынша доцент ұстазы Жұмақыз Мекенбаева сыныбында қызыл дипломмен аяқтаған. 2013 жылы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасын тәмамдады. Кәсіби маман жас та болса өзінің таланты мен еңбегінің арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Атап өтсек, 2007 жылы Уфа қаласында өткен І халықаралық Загир Исмагилов атындағы жас орындаушылар байқауының ІІІ орын жүлдегері атанды. 2009 жылы Тараз қаласында өткен Нұрғиса Тілендиев атындағы халықаралық байқаудың ІІ орын жүлдесін жеңіп алды. Романс орындаушыларының 2009 жылы Шымкент қаласында өткен «Қазақ  романсиадасы»  атты XII халықаралық байқауының 3 орын иегері және лауреаты болды. 2010 жылы Бибігүл Төлегенова атындағы IV халықаралық байқаудың да иегерлігіне қол жеткізді. Сондай-ақ, 2015 жылы Астана қаласында өткен Нұрғиса Тілендиев атындағы халықаралық байқаудың І орын иегері. 2015 жылы Талдықорған қаласында өткен республикалық Мұқан Төлебаев атындағы вокалистер байқауының бас жүлдесін қанжығасына байлады.

Шара барысында Жетісудың атын әуен тілімен дәріптеп жүрген әнші қыз өзге де қырынан көріне білді. Ол халық әндерімен қатар әйгілі өнер майталмандары Имре Кальман, Джузеппе Верди, Эндрю Ллойд Уэббердің атақты композицияларын орындап, талдықорғандықтарды таңғалдырды.

Ән мен жырға толы керемет кештің соңында Әсем Сембинаға облыстық мәдениет және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Жақыпбекова ақ тілегін ақтарып, Алғыс хатын табыстады.

Қабыл ИСА