ЖЕЛТОҚСАН: ЕҢ БІРІНШІ ҮН ҚАТҚАН ЕСЕНҚҰЛ ЕДІ

Уақыты: 16.12.2018
Оқылды: 1483
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Осы әңгімені бір күні айту өзіме парыз сияқты саналатын еді. Бүгін реті келіп тұрғандай. Айтайын: 1986 жыл. Желтоқсанның 18-і болатын. Онда біздің Жамбыл аудандық газеті «Екпінді еңбек» деп аталады. Ауылшаруашылығы бөлімі орналасқан қазіргі жалпы бөлімнің кабинетінде тұрмыз. Ұзынқұлақтан естиміз, «Ойбай, Алматыда дүрбелең болып жатыр екен. Алаңға бейбіт шеруге шыққан студент жастарды түнімен қуалап, ұрып-соғыпты. Сөйтіпті, бүйтіпті...» деген алып-қашпа сөздің қайсысына сенерімізді білмей далмыз.

Түстен кейін сағат төрттің мезгілі-ау деймін, Майтөбе тауының бөктеріндегі Қызыләскер деп аталатын ауылдың Қанат деген азаматы редакцияға келе қалсын. Сәл қызулау. Сол күні Л.Брежневтің есімімен аталатын орталық алаңда болыпты. Көрген-білгенін жайып салды. "Осы қазір ғана Алматыдан келген автобустан түстім. Жағдай қиын. Масқара болып жатыр. Озбырлықтың мұндай сұмдығын кім көріпті?! Мына орыс ұлтының өкілдері бір күнде өзгеріп шыға келді ғой, сұмдық-ай! Автобуста кемпір-шалдарының да жалы күдірейіп, аузына келгенін құсып жатыр", - деді ол.

Алдында естігенімізде Ұзынағаштан Алматыға бара жатқан автобусты арнайы тоқтатып ішіндегі жас жігіттер мен қыздарды жолда түсіріп тастапты. Ереуілшілер қатарына қосылмасын дегендік қой. Органдағылардың тірлігі. Онда бір кіжініп қойып едік. Райкомнан тиісті нұсқау алып келген редакторымыз да бәрімізге қатаң ескерту жасап: «Осыдан біреуің әлдекімнің жетегіне ілесіп кететін болсаңдар, менен жақсылық күтпеңдер», – деген.

Хат бөлімінің меңгерушісі Есенқұл, ауылшаруашылығы бөлімінде тілші болып жүрген мен, фототілшіміз Болат Ақанов, корректор қызметіндегі марқұм Керімбай Нүсіпқұлов бар, бәріміз ішімізден тынып, есікке елеңдеп, енді қайтсек екен дейміз. Қолдан келер дәрмен жоқ. Белді шарт түйініп, Алматыға тартып кететіндей жаста да емеспіз. Алдымыз отыздан асып, артымыз жиырма беске ілінген, ес тоқтатқан, балалы-шағалы жігіттерміз. Жігеріміз жасыды, зығырданымыз қайнады. Бірақ содан ары аса алмадық.

Бөлмеде ерсілі-қарсылы ширығып жүрген Есенқұл бір мезетте түпкірдегі кабинетіне кеткен еді, арада жарты сағатқа жетер-жетпестен су жаңа өлең жазып әкелді. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деген рас, әлгі өлеңнің мазмұны, шамырқанып жазылған ширатылысы ерекше еді. Үстем күштің озбырлығын, қазақ ұлтына жасалған көпе-көрнеу қиянатты, соншама сенім артқан мемлекетіміздің опасыздығын әшкере етіп, жанайқайын бірнеше шумаққа сыйғызып, шырқырата жеткізген, нағыз қаны сорғалаған өлең болатын. Ішінде Горбачев та, Колбин де бар, егер сол кезде жазатайым пейілі пасық біреудің қолына түссе, ақынның басы жазаға ілігіп кетуінде дау жоқ еді.

Бәріміз кеу-кеулеп Есенқұлды арқасынан қағып, құшақтап тік көтеріп алдық. Бәріміздің кеудемізді қамырықтырған, тіліміздің ұшында тұрған сөзді қалай дәл тапқан! Шынайы дарын деген осы болар. Нағыз өлең еді сол.

Әрине, жазылуы жазылды ғой, бірақ бұл өлеңді жариялау былай тұрсын, бір-бірімізге дауыстап оқып беруге де жүрексінгенімізді жасырып керегі не? Сол өлеңді мен Есенқұлдың өзіне сенбегендіктен, «Мынаны маған бер, сенің аңқылдақ ақкөңіл мінезіңді білемін ғой, біреуге болмаса біреуге мақтанып оқып берсең, арты жақсы болмас, мен апарып тығып қояйын», – деп қолынан тартып алғандай болып едім. Кім біледі, Желтоқсан қасіреті туралы дәл сол кезеңде қазақтың өзге ақындары да қалам тербеген шығар, бірақ тура оқиға өтіп жатқан күні, ең жедел үн қатқан Есенқұл еді, ең алғаш жазылған өлең тек Есенқұлдікі болар деп топшылаймын өзім.

Бұл өлеңді мен де ешкімге көрсетуге батпадым. Шатырдағы ескі газеттердің арасына апарып ең тереңіне сүңгітіп едім, кейін әне аламын, міне аламын деп жүріп уақыт оздырдық. Есенқұлдың өзі де, «Әлгі өлеңім қайда, ей?!» деп сұрай қоймады. Бәлкім ұмытты, аңғалақ еді ғой марқұм. Заман түзеліп, тәуелсіздікке қолымыз жеткен кезде ескі газеттердің біразы отқа тамызыққа жаратылып кеткенін біліп, сан соғып қала бердік. Кезіндегі жалтақтықтың, одан кейінгі енжарлықтың кесірі. Бұйырмапты. Өкініш деген осы.

Шіркін, сол өлең қазір болса ғой... Нағыз шындықты шырқырата әдіптеген мұндай шынайы туынды тек сондай сындарлы сәтте ғана жазылатын шығар. Жатқан жері жайлы болсын, Желтоқсанның алғашқы дауылпазы – Есенқұл ақынның!

Рәтбек САҒИД-УАҺАС

Жамбыл ауданы