ҰСТАНЫМЫ ЖАҚСЫ ҰСТАЗ

Уақыты: 11.01.2019
Оқылды: 1426
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Көп жеткіншек  мамандығын жақсы меңгеру үшін кәсібіне сай дағдыларды бойына сіңіру керектігін біле бермейді.  Міне,  осы тұста жоғары білім ордасы  оқытушыларының біліктілігі мен тәжірибесі баға жетпес  қазынамен пара-пар. Оқу ордасы мен ондағы дәріскерлер – мамандыққа баулудың қайнар көзі. Біздің бүгінгі әңгімеміз   ұстаздық жолда талмай еңбек етіп келе жатқан Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті Құқық және экономика факультетінің қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, полиция полковнигі Болат Молдабеков жайында өрбімек.

Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқанымен өзектілігін жоймайтын мәселе – жас ұрпақ тәрбиесі. Кафедраның оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми жұмыстары барысында Болат Есенғалиұлының басты талабы тәртіпке бағыну. Оның өмір жолының басым бөлігі қоғамдық тәртіпті орнықтырып, құқықбұзушылыққа жол бермеуге арналды. 
Болат ағаның басшылығымен кафедра жанынан «Жас қыран» жастар жасағы құрылды. Жастар жасағының мүшелері Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасымен келісімшартқа отырып, демалыс күндері учаскелік полицейлермен  рейдке шығып,  оқиға болған жерлерге барып, пробациялық бақылаудан өтіп жүрген  азаматтарға тексеріс жүргізеді. 
Болат Есенғалиұлы өзіне тапсырылған іске аса ыждағаттылықпен, қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасындағы аға буынға жауапкершілікпен қарап, жастарға тәлім-тәрбие беріп келеді. Сабақ арасында жас оқытушыларды жинап, құқық қорғау органы өкілінің қатысуымен  әдістемелік семинарлар өткізеді. Семинар барысында  қазақстандық заңнаманы іске асырудағы өзекті мәселелер, олардың шиеленіскен тұстары, нақты ұсыныстар мен ойлар айтылады. Жас оқытушылар  семинарда өздерін сарапшылар ретінде ұстанып, заңдарды талқылауда атсалысады. Болат Есенғалиұлы кафедрамыздың А. Болат, М. Баженова, Л. Серікова секілді жас оқытушыларының тәлімгері етіп бекітілген. Тәлімгер ретінде жас оқытушыларға оқу, оқу-әдістемелік жұмыстарды жүргізу, ғылыми-шығармашылықпен айналысу бойынша ақыл-кеңес береді. Студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасауға көмектеседі. Болат Есенғалиұлының тәлімгерлігімен жоғарыдағы аталған жас оқытушылардың 24 ғылыми-зерттеу мақаласы жарық көрді. 
Кураторлық топтардағы тәрбие жоспары  азаматтық және патриоттық, рухани-өнегелік, интеллектуалды-шығармашылық, эстетикалық тәрбие беру, діни мәдениетті арттыру, жемқорлықтың алдын алу мен құқықтық салауаттылықты қалыптастыру Болат Молдабековпен кеңесе отырып, мемлекеттік бағдарламалармен байланыстырылып,  бекітіледі. 
Кафедра өндіріспен екеуара байланысты нығайта отырып, студенттердің кәсіби іс-тәжірибеден өтуіне зор мән береді. Себебі, оқу мен тәжірибе бірін-бірі толтырып тұрады.  
Болат Есенғалиұлының мол тәжірибесі және ішкі істер органдарымен тығыз қарым-қатынаста болуының нәтижесінде студенттер облыстың ішкі істер органдары, прокуратура, сот органдары және  адвокаттар алқасында кәсіби іс-тәжірибеден өтіп жүр.  Қазіргі таңда болашақ заңгерлердің кәсіби іс-тәжірибеден өтуі үшін облыстық сот, облыстық ішкі істер, сот актілерін орындау, әділет департаменттері, облыстық прокуратура, облыстық адвокаттар алқасы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы облысы бойынша филиалы – Халыққа қызмет көрсету орталығы департаментімен келісімшарт жасалған. Әрбір мекемемен шарт жасасудың өзіндік маңызы бар. Жұмыс берушіге университетпен бірлесе жұмыс істеудің пайдалы жағын  айтуды ұстаздардан үйреніп келеміз. Оның кеңесімен  «құқықтану» мамандығының студенттері іс-тәжірибеден өтуге арналған әдістемелік нұсқау құрастырып, шығарды. 
Болат Есенғалиұлы университет қабырғасында елжандылық  тәрбиені күшейтуге өлшеусіз үлес қосып келеді.  Ол 1975 жылы Семей педагогикалық институтының «тарих және қоғамтану» мамандығын меңгеріп, мектепте ұстаздық  еткен. Мұғалімдіктен бастаған еңбек жолы  саяси партиядағы  жұмыстармен жалғасын тапқан. Кеңес кезінде аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, идеология жөніндегі хатшысы болып қызмет етті.  Алматы жоғарғы партиялық мектебін аяқтады.  Өзінің айтуынша, КСРО Ішкі істер министрлігі академиясының тыңдаушысы болғаны оның бойына тәртіпке деген құштарлық пен әдептілікті қалыптастырған.  Болат Есенғалиұлы жасы үлкенмен де, кішімен де сыпайы, ізетті. Қазіргі уақытта ағаның әріптес-шәкірттері мен інілері республиканың түкпір-түкпірінде құқық қорғау саласында қызметтерін адал атқарып келеді. 
Ұлағатты ұстаз облыстың құқық қорғау саласына өз қолтаңбасын қалдырып, құрметті демалысқа шықты. Ол бүгінде  қоғамдық өмірге белсене араласып,  әлеуметтік мәселелерді шешуге үлесін қосып келеді.  Болат аға  облыстық ардагерлер кеңесі  және Талдықорған қалалық ардагерлер алқасының мүшесі. Бірнеше жылдан бері  Мұхаметжан Тынышпаев атындағы қоғамдық қордың атқарушы директоры. Болат аға ҚР ІІМ-нің құрметті ардагері, ҚР Заңгерлер одағының мүшесі, «Еңбек ардагері», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» және тағы басқа медальдардың иегері.  Сарқан ауданының Құрметті азаматы. 
Университет ұжымының арасында беделді аға жуырда  құқық және экономика факультетінің ұсынысымен ғылыми-өндірістік конференция өткізіп, университеттің ғылыми кеңесінің шешімімен «Жетісу мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры» атағы берілді. Сонымен бірге, Талдықорған қаласының әкімдігі және мәслихатының шешімімен «Талдықорған қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Облыс, қала ардагерлері кеңесінің төрағалары, облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мұрат Ұрымханов сынды  азаматтар өздерінің құттықтауларын жеткізді. Сондай-ақ, биыл Жетісу мемлекеттік университетінің заңгер мамандығын иемденуші студенттерден құрылған «Жас қыран» тобы  «Жалын» атты полицияға көмек көрсету жасағын құрды. 
Құқықтық ғылымды дамытуда  Болат Есенғалиұлының  үлесі зор. Ол қазіргі уақытта 30-дан астам ғылыми еңбек пен екі оқу құралының авторы. Зайыбы Жамбытай Нұрекенова өмірін бала тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз.  Ол Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері.  Екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді.  
Қорыта айтарым, Болат Есенғалиұлы елдің болашағы жолында адал қызмет ете білді.   Болат аға өзінің қарапайым, адал және жоғары кәсіби біліктілігімен  өзгелерден оқ бойы озық тұрады.  

Болат АЙТИМОВ,
Ілияс Жансүгіров атындағы 
ЖМУ қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD)