АҚИҚАТ АРАШАШЫСЫ

Уақыты: 22.01.2019
Оқылды: 971
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қай заман, қай қоғамда да жазықсыз жапа шеккендерге, жаламен жауапты болғандарға араша түсіп, тіпті аңдаусызда жаза басқандардың кінәсін жеңілдететін кәсіп иелері болған. Ұлы даланың ұлан-ғайыр өлкесіндегі желмен жарысқан еркін елде мұндай қызметті қашанда халық сайлаған билер атқарғаны анық. Ал, азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет қалыптастырып, өркениет көшіне керуен қосқан қазіргі Қазақстанда адам құқықтары мен бостандығын қорғауды кәсіби адвокаттар жүзеге асырып келеді. Осындай мәртебелі мамандық иелері қатарында Алматы облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы Кәміл Марасұловтың есімі ерекше аталады.

Адамның өмірлік таңдауын анықтап, оны қандай да бір кәсіпке жетелейтін ең алдымен оның тағдыры деген тәмсіл бар. Кәміл ағаның жүріп өткен жолы, атқарған қызметтері осы тұжырымның дұрыстығын дәлелдей түседі. Арғы аталары ел тізгінін ұстап, ұлтының ұлағатын ұлықтаған зиялы қауым өкілдері болғанда, көзі қарақты, сауаты бар Марасұл кеңес үкіметін құруға атсалысып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов сияқты Алаш арыстарымен етене араласқаны мәлім. Сол кездің өзінде Кеген, Қордай аудандарында НКВД бастығы, ауаткомның төрағасы қызметтерін атқарды. 
Қашанда ақиқаттың ақ жолынан жаңылмай, өз қызметіне ұлттық мүдде тұрғысынан қарайтын Марасұл Бүркітбаев сынды азаматтың қандықол биліктің қаһарына бір ілігері белгілі еді. Солай болды да. Алдымен арызқойлардың көрсетуімен жазаға тартылып, 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жазасын өтеп келгенде қайтадан айыпты болып, 1938 жылдың 5-ші наурызында үштіктің үкімімен атылып кете барған. 
Әкесі жарық дүниемен қоштасқанда анасының құрсағында қалған Кәміл 1939 жылдың 25-ші қаңтарында сол кездері Алматы облысына қарасты Қордай ауданының Қаракемер ауылында дүние есігін ашты.
Сол кездері «халық жауының» отбасына бүкіл қоғамның қырын қарайтыны айтпаса да түсінікті. Анасы екеуі көшіп-қонып жүріп, соңынан Кәміл үлкен әпкесі Қалипаның қолында, Ұзынағаш ауылындағы орта мектепті бітіреді. 1943 жылы 20 жасында өзі сұранып майданға аттанған Қалипа ананың ерлік істері өз алдына бөлек әңгіме. Ал, әкесінен қалған жалғыз суретті бойтұмар етіп, өміріне өзек қылған бала әділетсіздікпен күресемін деп өзіне серт бергені анық. Сол арман оны ерте есейтті. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келгеннен кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсті.
 1968 жылы қазақ білімінің қара шаңырағын заңгер мамандығы бойынша бітірген ол бірден Алматы қаласы ішкі істер басқармасының тергеу бөліміне Совет ауданы бойынша тергеуші болып орналасты. Екі жыл өткенде Алматы облысы Талғар ауданының халық соты болып сайлануы Кәміл Марасұлұлының өз қызметіне деген адалдығы мен кәсіби біліктілігіне берілген баға деп түсінген жөн.
«Бидің пиғылы екеу болса, дау төртеу болады» дейді қазақ. Адамның тағдыры шешілетін алмағайып сәтте қара қылды қақ жаратын әділ билік айтып, ақиқаттың туын алаулатқан жан қашанда көптің құрметіне ие. Алматы қалалық халық сотының мүшесі, қаладағы Октябрь аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарғанда да Кәміл Марасұлұлы осы ұстанымынан айнымағаны анық. Ол ұзақ жылдар бойы сот саласында жемісті еңбек істеп, әріптестері мен жұртшылықтың алғысына бөленді. 
Алайда, оның болашақ қызметін түбегейлі өзгеріске ұшыратқан бір жай әлі күнге дейін көптің жадында. Бұл – 1986 жылғы Желтоқсандағы қазақ жастарының қызыл империяның үстем саясатына қарсы көтеріліске шығуы болатын. Осыған байланысты өрімдей жастарды ойдан құралған жаламен айыптап, сотқа тоғытуы әкесі тартқан азапты қайтадан алдына әкелгендей әсер еткені бар. Осы кезде ол саяси биліктің тапсырмасымен жазықсыз жандарға үкім шығарушы емес, қорғаушы боламын деген шешім қабылдайды. Сол жылы ол Алматы облыстық адвокаттар алқасына қызметке ауысып, Орталық заңгерлік консультация (ОЗК) меңгерушісі болып тағайындалды. Ал 1990 жылдан бүгінгі күнге дейін Алматы облыстық адвокаттар алқасы президиумының төрағасы қызметін үздіксіз абыроймен атқарып келеді.
Сексеннің сеңгіріне көтерілсе де өзін ширақ ұстап, аса жауапты қызметті биік азаматтық әрі кәсіби дәрежеде атқарып келе жатқан ағаның феноменіне біз де қызыға зер салған едік. Аңғарғанымыз, Кәміл Марасұлұлы қорғаушылардың басшысы болып тағайындалған күннен бастап барлық күш-жігерін осы саланың дамуына, адвокаттар көрсететін қызметтің сапасын жақсартуға, оларға деген халық сенімін арттыруға арнаған екен-ау. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қорғаушылардың құқық саласындағы беделі мен алар орнын біз көріп өстік. Сот ғимаратының бір бөлмесінде қысылып-қымтырылып отырып қызметтерін атқаратын сала мамандарына өзгелер мұрын шүйіріп қарайтын да кезеңдер болған. Ал, өзін демократия құндылықтарын құрметтейтін, зайырлы, құқықтық әрі әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратын қоғам деп жариялаған жаңа Қазақстанда айыптау мен жазалауға бейім жүйенің бет-бейнесін өзгерту үшін адвокаттардың орны бөлек болып көрінді. Кәміл Марасұлұлы қызметінің негізін осы маңызды мәселеге аудару қажеттігін алдымен түйсінгендердің бірі.
«Аш бала тоқ баламен ойнамайды...» деген мәтел бар халықта. Бұл «Өзінің күйі келмей жүрген жан кімдерге жәрдем беріп жарытпақшы?!» деген ұғымды білдіреді. Қызметке алғаш келгенде Алматы облыстық адвокаттар алқасы үш бөлмелі пәтерде жұмыс жасайды екен. Қарасай, Талғар аудандық заң консультациялары сот ғимаратына жапсырыла салынған бөлмелерде орналасыпты. Кейіннен ол жерден де шығарылып, далада қалғандай күй кешкені бар. Өзгелердің де күйі келіп тұрмағаны белгілі. Кәміл Марасұлұлы жағдайды оңалту үшін қолынан келген дүниенің барлығын жасап бақты. Соның нәтижесінде аз жылда мұндағы жай түбегейлі өзгеріп, бүгіндері облыстық адвокаттар алқасының меншігінде жалпы көлемі 1671,46 шаршы метрді құрайтын ғимараттар тіркелген. Бұдан басқа, соңғы жылдары заң консультациялары материалдық жағынан толықтай жабдықталып, заманауи техникамен қамтамасыз етілген.
Кәміл Марасұлұлының тікелей араласуымен адвокаттар алқасы мүшелерінің, сондай-ақ заң консультацияларының саны артқаны мәлім. Бір кездері 110 маманнан тұратын алқа мүшелерінің саны бүгіндері 416 адвокатқа жетіп отыр. Алқа құрамында Алматы облысының барлық аудан орталықтарында ұйымдастырылған 26 заң консультациясы , 8 адвокаттар кеңсесі жұмыс жасап келеді. Мамандарды аттестациялау, түрлі семинарлар, тәжірибе алмасу алаңдарын, қорғаушылардың біліктілігін арттыру шараларын тұрақты өткізіп тұрудың нәтижесінде біліктілігі артып, қоғамдық істерге де белсене араласа бастаған. Алқа мүшелері өндірістік мекемелерде, оқу орындарында лекциялар оқып, бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалары жиі жарияланып тұрады. Олар заң жобаларын талқылауға да белсене араласып, өз ұсыныстарын айтудан тысқары қалған емес. Осындай белсенді жұмыстың нәтижесінде облыстық адвокаттар алқасы үздіктер қатарынан көрініп, білікті қорғаушыларды Қызылорда, Жамбыл, Атырау мен Маңғыстау өңірлері және басқа да облыстар іс жүргізуге үнемі шақырып келеді. 
Кәміл Марасұлұлының еңбегі мемлекет пен қоғам тарапынан ескерусіз қалған емес. Ол өз саласы бойынша «Әділет органдарын дамытуға қосқан үлесі үшін», «Адвокатураға еңбегі сіңген қайраткер» атағын алса, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне арналған мерейтойлық медальдар мен өзге де марапаттар, Алғыс хаттар өз алдына бір төбе. 
Жарты ғасыр құқық қорғау саласында еңбек етіп, соның 30 жылын адвокатура қызметіне арнаған, өлкемізде құқықтық қоғам қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан білікті заңгер, білімді басшы Кәміл Марасұлұлын мерейлі жасымен құттықтап, алдағы уақытта да ел игілігіне еңбек ете беруін тілейміз.

Қуат Қайранбаев
Алматы қаласы