КЕМЕЛ ТОҚАЕВ КІТАП СЫЙЛАП ЕДІ

Уақыты: 07.04.2019
Оқылды: 2093
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Төртінші-бесінші сыныпта оқитын болуым керек. Онда біз Балқаш ауданының орталығы Бақанас селосында тұрамыз. Түстен кейін оқимын. Бірде сабақтан келсем үйде қонақтар бар екен. Қой сойылып, бауырсақ пісіріліп, ет асылып жатыр. Шешем үйге кір, шешін, үлкендермен амандас деді.

Үйге кірдім, үлкен жер үстелді жағалай біраз кісілер отыр. Иманқұл аға Жексенбике апамызбен, әкейдің немере апасы Бастықыз, Мықтыбек атамыз (жезде) және де әкеміздің шешесі, Аққайша. Төрде жантайып бейтаныс кісі жатыр, мен танымадым. Жағалай қол беріп амандасып болғаннан кейін Иманқұл аға бейтаныс кісіге қарап: (сол кезде ол кісі тікесінен отырады) «Кемел, мына бала Сақымқожаның тұңғышы, аты Бақыт», - деді. Ана кісі қайта менің қолымды алып, аман бол балам, азамат бол, деп маңдайымнан сүйді. Содан кейін мен де бір бұрышқа жайғастым.

Ұзақ әңгіме айтылды. Сонда бір есте қалған әңгіме, Кемел ағаның айтқаны. "Бауыр деген қазаққа ғана тән сөз екен, өйткені адамның дене мүшесіндегі ағзалардың бәрін ауыстыруға болады, тек бауырды ғана ауыстыра алмайсың, - деді ол. - Сондықтан да біз бауырмыз, осыған лайық болуымыз керек. Мен осы сөздің мағынасын кейін өсе келе түсіндім. Қандай мағынасы терең сөз. Біз Жалайырдың ішіндегі Жылқайдарымыз".

Кемел аға сөзін жалғастырып: "Үлкен атамыз Қосай (күшік), Жылқайдардың алты баласы болған, соның бір баласы Жолбарыс (батыр, би, әулие), бұл кісіден мен және Бақбақты кеңшарында тұратын Кеңесбек деген бауырымыз. Екінші баласы – Сатыпалды, одан сіздер, яғни сіз, (Иманқұл ағаға қарап) Сақымқожа, Нұртай, Қоғалбай, мына отырған Бастықыз апамыз", - деді. Жолбарыс атамыздың ұрпақтары Қаратал өзенінің бойын, Кәлпенің маңында қоныстанған, ал Сатыпалдының ұрпақтары Іле өзенін бойлап, Көкжиде деген жерде Айнакөл деген көл бар, соның жағасын мекендеген.

Мен қазір ойлап қарасам, ол кісі сонау Қаратал өзені мен Іле өзенін жайлаған бауырлары туралы айтқан екен. Атына сай дана кісі екен. Көп әңгімелер айтылды, түн ортасынан ауып кетті, содан Иманқұл аға ертең жұмыс, балалар да демалсын деп бата қайырды, Кемел аға да бірге тұрып кетпекші болып жиналды. Әкей үйге қоныңыз деп еді. "Жоқ мен Иманқұл ағаның үйіне тоқтадым, үлкен шаңырақ қой, сендер де біліп қойыңдар, Иманқұл ағаның ағасы, бауырымыз соғыста қаза болды. Кезінде Қазақстанның Мәскеудегі он күндігінде, Кремльде ән шырқаған кісі. Ертең Ақкөлге Нұртайдың үйіне барам", - деді. Сумкасын ашып, кітап алды, бірінші бетіне жазды, балам Бақытқа Кемелден. Мен қарасам, повесть - «Түнде атылған оқ». Маңдайымнан сүйді де үлкен азамат бол деді.

Міне, содан бері қанша жыл өтті, ол кісінің келбеті осы күнге дейін жадымда, кеше ғана болған сияқты. Кейбір кездері мен өзімді жазушы санап жазғым келеді, мүмкін, сол кісінің берген батасының шапағаты шығар. Бірақ басқа мамандықты таңдадық. Кейбірде түс көрем. Осы жақын арада мынандай түс көрдім: «Қораға шықсам, қораның алдында жолбарыс жатыр, жанында ішек-қарны ақтарылған жылқылар, маған жолбарыс қарады да жата берді, қораға кірдім, онда бір жолбарыс, тура осындай жағдай, шошып кеттім. Сонда артымнан бір дауыс шықты: «Қорықпа, балам, Жолбарыс атаң ғой», - деді. Баяғы жас күнімде естіген Кемел ағаның дауысы. Бұл менің Кемел ағаны көрген сәтімнің естен кетпес естелігі. Егер мен ол кісінің жанында өмір бойы жүрсем не болар еді деп ойлаймын. Содан кейін мектеп бітірдім, әскерге кеттім, оқу оқыдық, әкей қайтыс болды. Туған-туыстың арасын жалғап тұрған алтын көпір екен ғой ағаларымыз.

Тағы бір айтылатын жағдай, қазір ойласам, аманат қалдырған сияқты. Тоқай, Бұқай бірге туған, сол Бұқай әкеміз мына Көкжиде елді мекенінде жерленген еді. Бүгінгі күні Кемел ағамыз айтқан Жылқайдардың қара шаңырағындағы әкеміз Иманқұл бақилық болды. Қазір шаңырақта түтін түтетіп Мейрамбек отыр. Енді түсіндім, Кемел ағаның тағы бір бауырының үйіне қонбай қара шаңырақты аңсағанын.

Біз де Бақанасқа барған сайын, қара шаңыраққа соқпай кетпейміз. Мен Кемел ағаның «Түнде атылған оқ» повесін он шақты рет оқып шықтым. Анда-санда бір оқып қоямын, кітапханада сақтаулы. Одан кейін де Кемел ағамыздың «Таудағы жаңғырық», «Қастандық», «Сарғабанда болған оқиға» атты повестерін осы күнге дейін қызығып оқимын. Үйде сақтаулы. Қазақтың бір сөзі бар: «Жақсы әкеден асып ұл туар», - дейді. Осындай кемеңгер, асыл, ақылды, дана жазушы, қоғам қайраткері Кемел ағамыздан туған Қасым-Жомарт бауырымызға әрдайым ақ жол тілейміз.

Бақытқали АЙЖІГІТОВ,
қаржыгер