ДОСТЫҚТЫҢ ЖАҚҚАН ШЫРАҒЫН...

Уақыты: 29.06.2019
Оқылды: 1108
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ұшқан құстың қанатындай ұшы-қиыры жоқ ұршықтай иірілген дүние. Ұйқы баққан пендеге опа бермесі кәдік. Ал ұлы арман жолында кірпік ілмеген жанға не сыйламақ? Қалай ойлайсыз? Әрине, кез келген кісі қарекет етсе қалағанын түгел қармап қалмақ. Ол – өмір қағидасы. Бұдан шығатын қорытынды мынау: үлкен мақсат биігіне баяу көтерілсең де тоқтап қалмауға тиіссің. Сонда арманыңның өзі алдыңнан шығады. Бұл ұлт жанашыры, ежеттес дос БӨЛЕКБАЕВ Тұрсын Сұлтанұлының ғұмырнамасынан түйген ойымыз.

Жетпіс дейтін зеңгір таудың шыңына шығып төмен көз тастайды ол. Артынан ілескен ұрпақтың болашағына алаңдайды. Аз ғұмыр емес. Не бітірді? Не істеді? Ел есінде қалатын қандай ұлы қадамдарға барды? Ертеңіне тарыдай болса да тағылым қалдыра алды ма? Осының бәрін ой елегінен өткізеді. Аяулы жарымен бақыт мұнарасына басқан әр адымы жүрек түкпірінде тулайды. Сосын екеуі ізін басқан балаларының бүгінгі жетістігіне балаша мәз болады. Неткен керемет көрініс?! Шаттығының шымылдығы түрілсе күллі әлемге ізгіліктен шуақ шашатындай әсерде. Өткен жылдарын әңгімелесе өзекті жанның ықыласы теңіздей таситындай. Ендеше тілеулес бауырдың өмірбаянын жылдар ағынымен біз де тізбелеп өтсек.
Балқаш ауданында кезінде Бақанас асыл тұқымды қой совхозы орталығы болған Миялы ауылдық округы орналасқан. Былайғы ел Қарағаш деп те атайды. Сол ауылда өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында Алматыдан әртүрлі мамандық алып, жоғары оқу орындарын бітіріп келген сайдың тасындай бірінен-бірі өткен өнерлі жігіттер мен қырмызыдай құлпырған қыздар қызмет етті. Әсіресе, Алматыдағы Абай атындағы мұғалімдер даярлайтын институттың түрлі факультеттерін бітіріп, туған ауылына келген мұғалімдер легі санымен де салмағымен де үлгі боларлық ел сүйсінген жастар еді. Сол қылыштың жүзіндей қылпылдаған ұлдар мен инабатты да ізетті қыз-келіншектердің арасында бітім-болмысы ерекше, бүгінде жетпіс жасқа толып отырған Бақбақты ауылының төл тумасы Тұрсын Сұлтан-ұлының шоқтығы биік еді. 
1970 жылы КазПИ-дің математика факультетін бітіріп, 1971-72 жылдары әскер қатарында офицер шенінде қызмет етті. 1972  жылы әскер қатарынан оралған жас офицер Қарағаш орта мектебінің директорының орынбасары болды. Ол ауданда ең алғаш мектеп бітірушілерге жүргізуші мамандығын аттестатымен бірге беріп бірден жұмысқа орналасуларына мұрындық еткен еді. 
ҚазССР еңбегі сіңген ұстаз Асылхан Қасымбеков бастаған ағалардың ақыл-кеңесін ести отырып, ауыл өміріне белсене атсалысты. Өзі сияқты жас мұғалімдер Қанат Елеубаев, Қожахмет Назарбеков, Кеңес Алпысбаев, Құмай Қарабалаев, Бейсен Сабаев, Күлән Нұрбекова, Биғайша Боранбекова, Ұлдан Әбиева, Ділдаш Сәтбаева, Бейсен Сманов, Асан Мейірманов, Рәткүл Қасымбекова, Балхия Әділханова, Қамқа Хасенжанова, Сәлім Ахметов, Балабай Итібаев, Кенжетай Қожағұлов, Науатбек Мырзағұловтармен бірге ауданның мәдени тіршілігінің қайнаған ортасында жүрді. 
Міне, сол кезден бастап, өзінің білімі мен мүмкіндігін бала тәрбиесіне арнаған Түкең аудан көлемінде озат ұстаз ретінде Бірлік, Ақдала ауылындағы мектептерде директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет істеді. Белгілі бір себептермен 1996 жылы Алматы қаласына қоныс аударып, қаладағы №104  қазақ орта мектебіне директордың әкімшілік, шаруашылық жөніндегі орынбасары әрі мұғалім  болып жұмысқа орналасқан. Сол ұжымда 2018 жылдың аяғына дейін тапжылмай ұстаздық етті. Өмірдің қызығы мен қиындығын қатар көріп, екі ұл бір қызын қатарынан қалдырмай өсірді. Бүгінде олар үйлі-баранды. Өмірлік серігі Шамалхан да Балқашқа танымал Қылышбек қарияның қызы. Бүгін 70 жасқа толып отырса да, Тұрсынның әкесі Сұлтан мен шешесі Әминаның айтқан ақылы мен өсиеттерін бір сәт те есінен шығарған емес.
Қорыта келгенде айтпағымыз, біздер, Қарағаштың 70-ші жылдардағы қыз-жігіттері Түкеңмен бір ауылда тұрып, жастық шақтың қызығын бірге көргенімізге қуаныштымыз. Дос-жаран, ағайындары атынан денсаулық тілеп, Шамалхан екеуі балалары мен немерелерінің қызығын көрсін деген ниетімізді «Жетісу» газеті арқылы білдіріп отырмыз. Тағдыр жазуының әрбір тарауы жақсылыққа жетелеп, ол мінген адалдық кемесі парасат темірқазығынан жаңылмасын дегіміз келеді.

Сапар СӘТБАЕВ,
 Балқаш ауданының 
Құрметті азаматы