ЕЛ СЫЙЛАҒАН АЗАМАТ

Уақыты: 05.08.2019
Оқылды: 1088
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Ата  қайратты  болса, бала ғибратты.  Осы  тәмсіл Кәртай ағаға арналып айтылғандай.  Адам алдымен әдеп үйреніп, содан кейін барып білім қуса асығының алшысынан түскені. Ол жастайынан даналардың сөзіне зейін қойып, адал жанды өзіне өнеге тұтты. Аласапыран жылдары дүниеге келген  Кәртай буыны бекімей  еңбекке араласты. Ащы термен табылған астың дәмі тәтті болатынын  сезінді.

Балқаш ауданының Көккөл ауылында 1941 жылы дүниеге келген Кәртай  ел еңсесін енді жинай бастағанда, яғни, 1948 жылы мектеп табалдырығын аттады. Құлдыраңдаған ұл өмірі сол сәттен біліммен біржолата астасқан еді. Дәптер, қаламға жаны құмар.   Отбасындағы үлкендер ешкімнен кем қылмады. Мектепке керектіні қажетінше әперді. Бірақ, керек-жарақ тапшы еді. Қиындықпен келген дүниенің қиқымы да қадірлі екенін жан-дүниесімен сезінді.  Бір дәптерді  оқу жылы аяқталғанша жеткізуің керек. Сондықтан қате жіберіп, қайта түзеп, парақты шимайлауға болмайды. Бірден таза, дұрыс жазуың керек.  Осындай талап сол кезде білім шаңырағын аттаған әрбір балаға үнемшілдікті, тыңғылықтылықты үйретті.  Жазу-сызу, есеп-қисапты мың ойланып, жүз толғанып барып қағаз бетіне түсіруге машықтанды. Бастауышта алған білім – болашаққа салынатын сара жол болуы тиіс.  Әр балаға әріп үйретумен бірге үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді ұстаздары бала бойына  жас шағынан бірге қалыптастыратын. Кішкентай  ұл  құлап-жылап қалған өзінен кейінгілерге қамқорлық танытып, жасы үлкендердің жолын кеспеуді санасына сіңірді.   Қатарластарымен тату өсті. Қызғаныш, іштарлық  деген жаман әдеттен іргесін аулақ салды. Осылайша балалақ шақтың бал дәмін ауылдастарымен бірге татып өсіп келе жатыр еді, отбасы жағдайына байланысты басқа ауылға көшті.  

Ол бесінші класты Н. Бозжанов  атындағы мектепте оқи бастады.  Алғыр, сөзіне мығым жасөспірім  мүшел жасқа ілінер-ілінбестен  болашағынан үлкен үміт күттірді.  Сөзі мен ісі  бір жерден шығатын.   Кәртайды ұстаздары мен қатарлас құрбылары да үлгі тұтатын.  Мұғалімдер аз кез. Ұстаз  жетіспеушілігінің орнын жабу үшін  осындай білікті жастарды бірден мұғалімдікке тартатын.  Кәртай жасы кіші,  мұғалімдік білімі жоқ демесең дайын  ұстаз. Болар бала он бесінде баспын деп, болмас бала отызында жаспын дейді. Білсем, көрсем, үйренсем, барсам, жетсем деген  талпыныс Кәртайды қатарынан оқ бойы оздырды.  Аудандық білім бөліміндегілер мектеп қабырғасынан жаңа шыққан білімді жастың белін буып, Қараөзек мектебіне  балаларға сабақ  үйретуге мұғалімдікке аттандырды.  

Басында жүрексінгенімен  білім-білігі оны алға жетеледі.   Екі жыл қатарынан сегізжылдық мектепте  ұл-қыздарға дәріс берді.  Балаң жігіт  оқушыларды тез баурап алды.  Өзінен бірнеше жас қана кіші  жеткіншектердің  ағай-ағай  деп жүретіндігі қызық еді.  Аты-жөні мұғалімдер тізімінде. Журналдың сыртында  жазылады. Кеудесін мақтаныш кернейді. Әкесінің атын шығарып жүр!  Үлкендер:  «Тегіне тартқан, жақсының тұяғы ғой» деген сайын затыма сай болайын деген ой санасын серпілтіп,  ел ағасы болған күнге қиялмен сапар шегеді.

Қазақ, шіркін, данышпан ғой! Бір ауыз сөз бала жанын әлдилеп, жақсылыққа ұмтылдыратынын біліп әдейі айтады. Қай бала мақтағанды, мақтанғанды жек көрсін?..  «Атасына тартып туған, әке-шешесінің үмітін ақтаған» деген сөзді есту үшін қаншама жас талаптанып, қанаттанып таудай биікті бағындырды. Кәртайдың да үмітін үлкендер үкіледі. Ол ақыл мен парасатының арқасында ұстаздар мен оқушылар арасында  құрметке ие болды. Картайдың жүріс-тұрысы соңынан ерген қарадомалақтардың бойы мен ойын түзеуіне үлгі-өнеге еді. Бірақ, арнайы білім алмаса болмайтыны белгілі. Білгенін жетілдіру керек. Үлкен ұстаздардан ғылымның өзі біле бермейтін қыр-сырын меңгергісі келеді. Сонымен,  жас ұстаз алдыңғы толқын ағалардан ұстаздық етудің қыр-сырын меңгеру үшін С. Киров атындағы  Қазақ мемлекеттік  университетінің механика-математика факультетіне түседі. Есеп-қисап шығарудың жаңа әдістерін, жылдам шешу жолдарын меңгерді. Ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алды. Білім көкжиегімен бірге өмірлік көзқарасы да өсті. Қара шаңырақ ұстаздары мен тәлімгерлерінен ірілікті, еңбекқорлықты үйренді.  Түрлі үйірмелерге қатысып,  рухани әлемін жетілдірді. Осылайша екі жыл да шапқан аттай өте шықты.

Қызыққа тоймас думанды күндер артта қалып,  ел алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылды.  Қатаң тәртіп пен  ер азаматқа тән күш-қайрат сынаққа түсер кез.  Әскери тәртіп  Әлиасқардың ұлы Кәртайды біраз уақытта сымдай   тартылтып шығарды.   Жастайынан өз қатарластарынан озық жүретін  балаң жігіт мұнда да замандастарының алдынан көрінді. Білмегенін білді, білгенін жетілдірді.  

Әртүрлі ұлттың жігіттерінің  салтын, дәстүрін  үйренді.  Кеңес армиясының құрамындағы көптеген ұлт пен ұлыс өкілдерінің  арасында қазақ азаматтарының мықтылығы, намысқойлығы ерекше байқалатын.  Бір-бірін алға сүйреп, оқу-жаттығу кезінде мергендігімен, күштілігімен, техникалардың тілін жылдам меңгеретіндігімен, тапсырманы жылдам орындайтындығымен ерекшеленетін.  Бабалары батыр, ержүрек  елдің ұландары досқа дарқан, дұшпанға тарпаң екендіктерін көрсетті.

 Екі жылғы әскери міндет аяқталып, елге қайтар кез келді. Ол мұғалімдікті, білімге құштар мөлдір көз  балақайлардың арасын аңсап қалған еді. Бірден Балқаш ауданындағы Қарағаш орта мектебіне орналасып, математика пәнінен дәріс берді.  Ал, 1968 жылы  өзі білім алған Н. Бозжанов атындағы орта мектепке келіп,  сыныптан тыс жұмысты ұйымдастырушы міндетін мойнына алды.  Яғни, балалардың бос уақыттарын дұрыс ұйымдастырып, тәлім мен тәрбиені бойларына сіңіруге күш салды.  Жоғары оқу орнында алған білімі, әскердегі көрген өмір тәртібі мұның бойына  сарқылмас күш-қуат құйған еді. Кәртай Әлиасқарұлы  ұрыста тұрыс жоқ деп жиған-терген білім-білігін балалардың санасына сіңірді.   Өзі өскен ауыл.  Бала кезінен тәрбиелеген орта, өзін оқытқан мұғалімдер. Олардың алдында кемшілікке жол беруге болмайды. Ауылдың ақсақалдары ұнамайтын мінезің болса бетке басуы мүмкін. «Қолда өскен бала едің. Мына қылығың дұрыс болмады» десе қара жерге кірердей ұялатыны сөзсіз. Ақсақалдар сенің қиқаңыңды, шалалығыңды көтермейді. Өмірлік сынақтың үлкені  – көптің  көңілінен шығу. Төле би: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деген өсиет қалдырып еді. Тектілерден алған тәрбие оны сынақта тоздырмады, алқалы топта  абыройын асырды. Ауыл жұртының көңілін қалдырмады, балаларын тәрбиелеуге күш-қайратын сарқа пайдаланды.  

Кәртайдың зердесінің кеңдігі, рухының мықтылығы аудандық білім бөліміндегі басшыларды да тәнті етті. «Болайын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген бар.   Аға буын отыз жастан енді асқан сайдың тасындай өткір жігітті сол орта мектепті басқаруға тағайындады.  Мық шегедей мықты азамат білім шаңырағын басқаруды бірден үйіріп әкетті. Балалардың білім сапасы жоғарылады.  Мектепте үлгілі, екпінді балалар саны артты.  Ұл-қыздар аудан, облысаралық жарыстарға  бірінен кейін бірі аттанып жатты. Көрсеткіш мектептің  атағын шығарды.  Мұғалім мен ата-ана бірлесіп еңбек етті. Осылайша, жас ұстаз абырой биігінен көрінді.  

Басқару тәжірибесі толысқан Кәртай Әлиасқаров Сарыкөмей ауылдық кеңесі атқару комитетінің төрағалығы қызметіне тағайындалды. Ол өзін сыйлаған елдің  құлы да,  пірі  де бола білді.  Еңбекқорлық, ұрпақ тәрбиелеуге  салған күш-қайрат ескерусіз қалған жоқ.  Кәртай Әлиасқаров Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі.  Адалдық қасиет "Балқаш ауданының Құрметті азаматы" атағын арқалатты. Алматы облысы әкімінің Мақтау қағазы, Алғыс хатын бірнеше рет иеленген.

Мен Кәртай ағамен  Күрті ауданындағы  Андреев атындағы орта мектепте директор болып жүрген кезімде бірге қызмет еттім. Қоян-қолтық жұмыс істедік. Ортасына сыйлы,  сөзі өтімді азамат еді. Аудандық білім бөлімінің кеңесінде жас директорларды қолдап, бір-бірімізбен тәжірибе алмасуымызға септігін тигізетін. Қашанда біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді емес пе! Ол кісінің ұстанымы, көзқарасы пікірталас кезінде басқаларға бас идіріп,  бастамасын мақұлдататын.

Адам жол ортасына дейін шыққан жерін, жол ортасынан ары қарай барар жерін ойлайды.  Кәртай ақсақал соңғы жылдары Құйған ауылдық бастауыш ардагерлер ұйымының хатшысы міндетін атқарды.  Елді мекендегі учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы қызметтерін атқарып, ел болашағы үшін барын салды. Зайыбы Зейнекүл Кәрібаева екеуі  бес бала тәрбиелеп өсірді. Оншақты немеренің тілеуін тілеп, айналып-толғанып отырған қамқор ата-ана. 

Зейнекүл Кәрібайқызы адам жанының арашашысы. Ақжар фельдшерлік амбулаторлық пунктінің  меңгерушісі міндетін зейнеткерлікке дейін атқарған. «Адамның жақсысы адамға пайда келтіретін адам» дейді  имандылық шартында. Сол айтқандай,  Зейнекүл дәрігер талайдың жанының аман қалуына септігін тигізіп,  ажалдан арашалап қалған жан.

Ата-ананың ақылы қанып ішер бұлақпен тең. Сыйластықтары жарасқан Кәртай мен Зейнекүл  тәрбиелеген ұл-қыз әр салада еңбек етіп, өнегелі өмір өрнегін өруде.  Нағыз байлық – дүниенің ағыл-тегіл көптігі емес, нағыз байлық – жан-дүниенің кеңдігі. Ендеше, барын ел-жұртының болашағына арнаған, тапқанын ақсұңқардың баласындай жан-жағындағыларға шашып, бөлісе жеген Кәртай ата мен Зейнекүл анаға ұзақ ғұмыр тілейміз. Көрер қызықтарыңыз таусылмасын.  

                                      Гүлжиян Сүлейменова,
«Құрмет» орденінің иегері,
Алматы облысының Құрметті азаматы