БЕС ӘЙЕЛ АЛҒАН: ҚАПЕЗДІ ЫСТАМБҰЛҒА АТТАНДЫРҒАН БОЛЫС

Уақыты: 18.09.2019
Оқылды: 2287
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Еліміздің азаттығы жолында жанын құрбан еткен қаншама ата-бабаларымыздың есімдері мен ерлігінің аталмай қалғаны бүгінгі ұрпақтың жанына батады. Жерім, елім деп жар құлағы жастыққа тимей өткен тұлғалар көп. Солардың қатарын Албан елінде ақ патша заманында ұзақ жыл болыстық қызмет атқарған Сары руының азаматы, Кеңес өкіметінің солақай саясатынан көп жапа шеккен, Қарқара көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, аумалы-төкпелі заманның тарихи белді кейіпкері болған Оразалы Байбатшаұлының есімін ерекше атап өтуге болады.

Оразалы Байбатшаұлы 1886 жылы Қарқара уезінде дүниеге келген. 1963 жылы қазіргі Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында өмірден өтіп, Жылысай ауылында жерленген.

Оразалы Байбатшаұлы кім, оның қандай ізгі еңбектері ел жадында қалды деген сансыз сауалға осы мақалада жауап береміз. Ақ патша заманында небәрі 18 жасында болыстық құрған ол жастайынан өте зерек, сұңғыла болып өседі. Арғы ата-бабаларынан би, батырлық қасиет кетпеген Оразалы  Бозым Сары бидің тікелей ұрпағы. Кезінде арғы бабасы Сары би ата Албан елінің алғашқы биі болса, бертін келе, Жоңғар шапқыншылығы тұсында Райымбек батыр бастаған Албан елі жасақтарының белгілі батыры атағына жеткен атасы Тайлақ, бертін келе Қожеке батырлар ерлігімен ел есінде мәңгі сақталды. Тайлақ батыр мен Қожеке батырлардың ерліктері туралы ел аузында көптеген аңыз-әңгіме тараған.

Сары атадан кезегімен Дәуі – Балта – Тайлақ батыр – Дулат – Күзен. Күзеннен – Айнеке, Қожеке батыр, Бәке би. Ал осы Бәке би атамыздан бес ұрпақ тарайды. Олар: Байбатша, Мұрат, Разы, Молдасан,  Молдаш.  Байбатшадан Оразалы, Дәулетбақ, Әлихан таралады. Атасы Бәке де өз заманында Албанға аты мәшһүр билердің бірі болған. Билігімен қатар әулиелік қасиетін жұртшылық жоғары бағалаған. Қарап отырсақ, Оразалы Байбатшаұлының арғы ата-бабалары да күн демей, түн демей ел қамын ойлаған, халқына адал қызмет еткен, бақ-дәулет дарыған азаматтар қатарынан болған. Оразалының әкесі Байбатша да ел ісіне көп араласқан беделді ел билеушісі болыпты.

Бұрынғы заманда қырғыз-қазақ көп араздасқан екен. Сол дауларға билік айтып, Қарқара жайлауын қырғыздарға бермей, алып қалуына көп еңбек сіңіргеніне тарих беттеріндегі алтын әріппен жазылған деректерден куә болдық. Албан арасындағы жер, жесір дауын реттеп отырғандығын да зор мақтанышпен айтуға болады.

Байбатшадан екі ұл тарайды. Жасы ұлғайған шағында артында қалған ұлдарына  ел басқарудың қыр-сырын үйретеді. Байбатшаның үлкен ұлы Нұрбай (бүгінгі ҚР Халық әртісі Рамазан Стамғазиевтің арғы атасы), екіншісі Оразалы. Алғашында үлкен ұлы Нұрбай қатарынан үш рет болыстыққа ұсынылып, сайланады. Кейіннен әкесімен ақылдаса келе: «Артымнан ерген жалғыз інім Оразалы. Болыстыққа сол отырсын. Мен оған кеңесші болсам да болады», – деп болыстықты інісіне береді.

Ол туралы ел арасында мынандай аңыз-әңгіме бар. Ертеректе Байбатшаның ұлы Нұрбай қатарынан үш рет болыс болады, оған наразы болған Албан руының басқа ру басшылары: «Байбатшаның ұлы Нұрбай қайта-қайта болыс бола бере ме? Болыстыққа өзге де жастар қатыссын», – деп ел арасына әңгіме таратады. Оны естіген Байбатша мен Нұрбай Оразалыны болыстыққа дайындайды. Болыстыққа сайлау өтердің алдында Қарқара уезінің басқа ру басшылары алыстан келе жатқан қонақты Торайғырдың жазығында күтіп жатқанда, Байбатша үлкен ұлы Нұрбайды алты қанат ақ үймен Шелек жазығына жібереді. Ондағы ойы Санкт-Петербургтан келе жатқан ақ патша адамдарын ақ шатырлы үй тігіп күтіп, Нұрбайда болыстық мөрі тұрғанда барлық мәселені алдын-ала шешіп қою.

Нұрбай Шелек жазығында меймандарды күтіп болғаннан кейін ақ патша уәкілдеріне: «Сіздерге бір тілегім бар, өзім бірнеше рет болыс болдым. Халқыма қолымнан келгенше жақсылық жасауға тырыстым. Ешкімді алалап, бөлген емеспін. Ең бастысы – халық арасында тыныштық  орнаттым. Ендігі арман-тілегім – артымнан ерген жалғыз інім Оразалыны болыстыққа ұсыну. Өзі жас, хат танитын сауаттылығы бар, алғыр, ел басқаруға икемі де жоқ емес. Сол болыс болсын, мен оған кеңесші болсам да болады», – деген ниетін жеткізеді. Ақ патша уәкілдері Оразалыны көрген соң, жоғарыда айтқан талаптарға сай болса, болыстыққа сайлауға көмектесуге уәде береді.

Осы кезде Байбатша қолындағы біраз малды кедей-шаруаларға беріп, халыққа ертең сайлау болатын күні дауысты Оразалыға беріңдер деп үгіт-насихат жүргізеді. Сөйтіп, Оразалы алғашқы болыстығына әкесі Байбатша мен ағасы Нұрбайдың ерте қамданып, сол кездегі сайлау тәртібі бойынша дұрыс үгіт-насихат жүргізуінің арқасында ие болады.

Ол кезде Оразалы небәрі 18 жаста екен. Жастығына қарамай зерек болып, ел билеу ісінде халықтың көңілінен шығады. Оразалы атасы Бәке, әкесі Байбатша сияқты ақылды, сұңғыла болып өседі. Байбатша Оразалыдан үлкен үміт күтеді. Қарапайым халық та Оразалының әділдігіне, қара қылды қақ жаратын турашылдығына риза болып, оны «Оразалы» деп атын атамай «Жәкем» деп атап кетеді. Торайғыр уезінде болыс болып тұрған кезінде  Қарқара жәрмеңкесінде саудагерлер мен қазақтардың еркін сауда жасауына көп еңбек сіңіреді.

1916 жылы ақ патшаның қазақтың мықты жігіттерін соғыстың қара жұмысына алу қаулысына қарсы Албан көтерілісінде ерлік көрсеткені тарихтан белгілі. Сол көтеріліске қатысушыларды түгелдей азық-түлікпен, ат-көлікпен қамтамасыз еткен  Оразалы болыс болғандығын да ерекше атап өткен жөн. Ол кезде ел ішіне ешқандай іріткі түспеген, «у ішсең руыңмен» деген кең заман болатын. Халық ел бірлігін көрсетіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген.

Албандар көтерілісі ақ патшаны қатты састырады. Сол «еңбегі» үшін Оразалы болыс кіші тоқалы Ләззат (Албан Жәнібек руынан шыққан Жағыппер батырдың қарындасы), кіші әкесі Молдасан және ағайын туысы Жанғабылмен (Қапез Байғабылұлының ағасы) 1916 жылы Оралға жер аударылады.

Оразалы болыс Оралға жер аударылып бара жатқанда үстіне жаман сырмалы жүн шекпенін киіп алады. Айдауда жүргенде оның сырмалы ескі шекпеніне ешкім мән бермейді. Алайда, сол шекпеннің ішіне алтын тиындар мен ескі Ресей ақшасын салып алған еді. Ондағы ойы  – айдаудан бір амалын тауып  қашып шығып, елге оралатын жағдайда халық қамына жұмсау еді. Оралда Оразалы қала комендантына кепілдікке алтын теңгелерін беріп, жер аудару мерзімін қысқартады. Оралдан шығып, жеті-сегіз айда Қырғыз жерінен бір-ақ шығады.  Сөйтіп, Оразалы тоқалы Ләззатпен Қырғыздың Тоқмақ қалашығында ес жинап, ел жаққа адам жібертіп, астыртын Жалаңашқа келеді.

Осылай жасырынып, ағайын-туыстың ішінде жүргенде өз туыстарының ішінен біреу Оразалының Оралдан заңсыз қашып келіп, тығылып жүргенін ақ патша солдаттарына жеткізеді. Сөйтіп Оразалы болыс және оны жасырған туыстары, оның ішінде өзінің үлкен ұлы Тұрлықожа мен ағасы Нұрбайдың ұлы Қазыбекке нақақтан жала жабылып, Жаркент абақтысына қамалады. Осы бір оқиға Қапез Байғабылұлын қатты қапаландырып «Дүние-ай» өлеңінің шығуына арқау болады.

Оразалы болыс бес әйел алған адам. Бәйбішесі Сарқыттан Тұрлықожа, Дәулетбақ, Әлихан туады. Кенже тоқалы Ләззаттан бес қыз – Ханша, Хадиша, Жаңылхан, Күлиша, Күлбүбі дүниеге келеді. Тағы бір тоқалы – қырғыздың атақты Саурық биінің қызы Нұрханза. Нұрханзадан туған ұрпақ қазіргі кезде Қырғыз республикасының Ош аймағында тұрады. Екі тоқалынан бала сүймеген.

Оразалы өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты және сауда кәсібін де жақсы меңгерген азаматы болған. Оған дәлел, екінші ұлы Дәулетбақты саудаға баулып, Самарқан қаласында дүкен ашып беріп, Қарқара жәрмеңкесіне өзбек, тәжік  жерінен тауар алдыртқаны.

Оразалы Байбатшаұлының болыс болғаны және Жетісу өңіріне мәшһүр ауқатты адам болғаны жайлы дерек 2004 жылғы 24 қаңтарда Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарық көрген (мақала авторы Жанат Ахмади). Газетте Оразалы Байбатшаұлы Жетісу өңірінің 10 ауқатты ірі байларының бірі болған деп нақты көрсетілген. Оның малының көптігі сондай, тек жылқыларының өзі бір уақытта Меркінің суына суатқа түскен кезде төмендегі елге су жетпей қалады екен деген халық арасында аңыз да бар.

Тағы да баса айтатын жағдай – Оразалы болыс өз заманында халықтың сауат ашуына да көп көңіл бөлген. Бұған өзінің үлкен ұлы Тұрлықожаны Верный қаласындағы орыс гимназиясына және аталас інісі Қапез Байғабылұлын Ыстамбұл еліне білім алуға жіберуі дәлел. Қапез Байғабылұлы ол кезде қарапайым шаруа адамы еді. Қапездің алғырлығын көрген Оразалы болыс өз қаржысын інісінің білім алуына жұмсайды. Сары руынан Қапез Байғабылұлын, ал Қызылбөрік руынан Шәршікен деген азаматты Шелектен шыққан сол кездегі атақты ұйғыр саудагері Сауытахунға қосып, Ыстамбұлға білім алуға аттандырады.

Оразалы болыс Ыстамбұлдан білім алып келген Қапез Байғабылұлын өзіне көмекші, хатшы қылып қызметке алады. Бұл деректерді Оразалы болыстың тоқалы Ләззаттан туған көзі тірі Күлиша Оразалықызы, немересі Ерғали Тұрлықожаұлы, Ақметбек Даулетбақұлы және Қапездің інісі Әбішұлы Байтайбек аталар да растайды. Осы мазмұндағы әңгімені мен өзім Еңбек Ері атамыз Жолсейіт Молдасановтан көзі тірісінде  талай естігенмін. Жолсейіт атамыз әкесі Молдасанның Оразалы, Ләззат, Жаңғабылдармен қалай Оралға жер аударылып, содан әкесінің айдауда ауырып қайтыс болғанын есіне алып отыратын. Мақаланың басында жазылып кеткендей, Күзеннен тараған Қапез Байғабылұлы Қожеке батырдан, ал Оразалы Байбатшаұлы Бәке биден тарайды. Қожеке батыр мен  Бәке би бір әке-шешеден тараған ағайынды кісілер.

Өзінің естелігінде Күлиша Оразалықызы: «Әкем жарықтық Қапезді аузынан бір тастамайтын. Қапез ағасы Оразалыға тек хатшы емес, адал көмекшісі әрі сырлас бауыры да бола білді. Қапездің әкесі Байғабылдың ағасы Жаңғабылмен және Нұрбай ағасының ұлы Қазыбек, өзінің үлкен ұлы Тұрлықожалармен Албан көтерілісіне қатысқандары үшін ақ патшадан көп жапа шеккендерін, айдауда жүріп, түрмеде тұтқында болғанын жиі есіне алып отырушы еді жарықтық», – дейді.

Оразалы болыс Қытай  жеріне бір ауып барып Қазақстанда патша өкіметі құлап, Кеңес үкіметі орнағанын естіп, Албан еліне қайта оралады. Сөйтіп 1918 жылы ел азаматтарымен ақылдасып, көштің басын туған жері Жалаңашқа қайта бұрады. Қайта оралған Оразалыға Кеңес үкіметі жылы қабақ танытпайды. Сонда да Кеңес үкіметінің құрылуына қарсылық танытпай, өз еркімен біраз мал-мүлкін ортақ ұжымға қосады.

Кеңес үкіметінде ұжымдастырумен қоса тап күресі өршіп тұрған шақ еді. Бұрын айрандай ұйып отырған ел бай, кедей болып екіге бөлінді. Қазақ тарихына көз жүгіртсек, ағайын ру болып отырған шақта тұрмысы нашар туысына қамқорлық жасау сол рудан шыққан ауқатты ағайындарының міндеті еді. Сондықтан басқа елдерге қарағанда қазақта кедейлерді езіп, жаншу деректері көп болған емес. Қайта бір рудан кедей, қайыршы шығатын болса сол рулы елдің бетіне салық еді. Сондықтан ағайын бір-біріне қарайласып, бір-біріне үнемі көмек қолын созатын. Кеңес үкіметі құрылғанда қазақ халқының осы бір тұрмыс-тіршілігі, ағайынға деген бауырмалдығы, елдің психологиясы ескерілмеді. Қайта халықты біріне-бірін айдап салу, ағайын мен ағайынды жауластыру саясаты жүргізілді. Соның салдарынан сан ғасырлардан келе жатқан салт-дәстүр, ағайынның арасындағы қарым-қатынас, бауырластық, ел бірлігі бұзыла бастады. Халық іші өсек-аянға, жалған ұраншылдыққа толды, ағайын арасында бір-біріне жалған куәлік беру көбейіп кетті.

Кеңес үкіметінің де көздегені осы еді. Осындай өзгеріс ұйып отырған қазақ елін ыдыратты. Бұрынғы ауқатты ағайындарының көлеңкесінде жүріп күн кешкен туыстары Кеңес үкіметі белсенділерінің айдап салуымен өзінің туыстарына қарсы арыз-шағым түсіре бастады. Бас көтеруге жарайды деген азаматтар шетінен тұтқындалды. Осындай қолдан жасалған арыздардың бірімен 1928 жылы Оразалының бар мал-мүлкі тәркіленіп, Кеңес үкіметіне қарсы бай-шонжар ретінде қамауға алынады. Кеңес үкіметінің қызыл науқаны халықтың азып-тозуына, дәстүрлі шаруашылықтың, ел тіршілігінің бұзылуына, халықтың ашаршылыққа ұрынуына алып келді. Оразалы патша тұсында да тұтқындалып, сатқындыққа еті үйренсе де өзі кезінде болыстық құрған елінен мынадай жаппай сатқындықты көргеніне жаны күйзелді. Жүрегі қан жыласа да еліне ренжімеді, өйткені Кеңес үкіметінің сайқал саясатын түсінді.

Қазіргі таңда Қапез Байғабылұлының шығармашылығын зерттеушілер осы бір тарихи деректерді қаперінен шығарып, Оразалы болыс пен Албан Сары руынан шыққан Оразай болыстың істеген еңбектері мен өмір жолдарын шатастырып жүр.

Оразай болыс Сары атадан тарайтын Өтеп ата – Шитемір ұрпағы. Кеңес өкіметі орнайтын кезде, Оразалы болыс қуғын-сүргінге ұшыраған шағында болыстықты өзінің рулас бауыры Оразайға өткізіп береді. Оразай атаның Кеңес өкіметі орнай бастағанда бір жылға толар толмас уақыт қана болыс болғанына Жаңғабылдың (Қапез Байғабылұлының әкесінің ағасы) шығарған мына бір өлең жолдары дәлел:

Болғанда әкең Танау, шешең мынау,
Екеуінен туыпты шұбар бала-ау.
Оразай болыс болғанда,
Қаптапты жердің бетін қызыл жалау.

Бұл өлең шумақтарын Қапез Байғабылұлының інісі Әбіштің баласы Байтайбек ата мен Оразалының немересі Ақметбек Дәулетбақұлы ағалар жиі айтып отырады. Оразай атаның әйелі Бүбіжан мен Оразалы болыстың келіні, үлкен ұлы Тұрлықожаның әйелі Алтынхан бір үйдің, Қызылбөрік Шағаман руынан шыққан Жүністің қыздары. Оразай атаның Бүбіжан әйелінен Дәуітбек туады, ал Тұрлықожаның әйелі Алтынханнан Бөкейхан, Ерғали, (Омарғали бала күнінде қайтыс болған), Мақат, Ақметқали деген ұлдар және Ырысбүбі, Несіпбүбі, Айтбүбі, Құрманхан деген қыздар туады. Сонымен қатар, кезінде Оразалы Байбатшаұлы Алаш қайраткерлері Ораз Жандосов, Әлихан Бөкейхановтармен байланыста болған. Оразалы өзінің кенже ұлына Әлиханның, немересі Тұрлықожаның үлкен ұлына Әлихан Бөкейхановтың құрметіне Бөкейхан деп есім бергенін немересі Ерғали Тұрлықожаұлы жиі айтады.

Тарихта Оразалы болыс Байбатшаұлындай екі өкімет, екі патшалықта болыс болған азамат көп емес. Оразалы Байбатшаұлы ақ патша заманынан Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарына дейін Торайғыр болыстығында ұзақ жыл бірнеше рет болыс болып, кейіннен жер ауып Қызай еліне барып қайта болыс болып сайланады. Оразалы Байбатшаұлының Қызай еліндегі болыстығы ол бір жеке әңгіме.

Қорыта айтқанда, Оразалы Байбатшаұлы өз заманында қазақ даласында болған сан қилы оқиғалардың белді қатысушысы, ірі тұлғасы. Қапез Байғабылұлының шығармашылығын, өмір тарихын зерттеп жүрген азаматтар назарға алатын тарихи кейіпкерлерді ерекше атап өту керек. Ескерте кететін жайт, бұл деректер 2004 жылы жарыққа шыққан «Жетісу» газетіндегі мақалада: «Оразалы болысқа және Жетісудағы ірі ауқатты азаматтарға қатысты деректер Қазақстан Республикасының орталық мұрағатында сақталған» –  деп жазылған. Сонымен қатар, Тынышбек Алмабекұлының 2014 жылы жарыққа шыққан «Ұлы жүз Албан тайпасының Бозымынан тарайтын Сары руының шежіресі» кітабында тайға таңба басқандай етіп көрсетілген.

Бұл мақаланы жазудағы мақсатым – бір рудан шыққан екі атамыздың тарихтағы орындары нақтылы өздеріне тиесілі болып жазылса деген ізгі ниет. Тарих – келер ұрпаққа берілетін алтыннан да қымбат қазына. Сол себепті, тарихтың әр әрпі үшін кейінгі ұрпақ алдында біздер тікелей жауаптымыз. Әрине, бір мақаламен Оразалы Байбатшаұлының өмір жолын толық қамтыдым дегеннен аулақпын. Мұндай ірі әрі ел болашағы үшін жанын аямай күрескен қайраткерлер үшін бір мақала аздық етеді. Алдағы уақытта бұл ірі тұлғалар жайлы көлемді зерттеулер жасалынуы қажеттігі, тарихи фактілердің нақтылауды талап ететіні даусыз. Болашақта Оразалы болыс пен Оразай болыстың елге жасаған ерен еңбектері бір-бірімен шатастырмай жазылса деген ниет те жоқ емес. Қапез Байғабылұлының өмірін зерттеушілер үшін тарихи тұлғалар мен тарихи нақты фактілер бұрмаланбай, ақиқаттың ақ парағынан алыстамай жазылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұның барлығы өскелең ұрпақтың нұрлы болашағына ауадай қажет екендігін де ерекше атап өткеніміз жөн.

Серік ЕРҒАЛИҰЛЫ

Талдықорған қаласы