АЙТУЛЫ АТБЕГІ: ОРЫНТАЙ ӘМІРҒАЛИЕВ ЖАЙЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

Уақыты: 22.09.2019
Оқылды: 1253
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық ат спорты ойындарын жандандыруға бойында намысы тулаған азаматтар өлшеусіз үлес қосты. Солардың бел ортасында Орынтай Әмірғалиев жүрді. Атбегінің есімі елге белгілі. Ол ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.
Ол облыста ұлттық ат спорты ұйымын ұзақ жыл жемісті басқарған кезеңде өңірде бұл сала айтарлықтай ілгеріледі. Соның ішінде көкпар ойыны жаңа биікке көтерілді. Ұлы Далада еркін өскен ердің қанаты, жортқанда жан серігі жылқыға деген құмарлық аудандарда арта түсті. Жігіттің сәні мен өмірінің мәніне айналған жал-құйрығы сүзілген сәйгүліктер жарысы жиіледі. 
Өткен ғасырдың басында қызылдар билігінің асыра сілтеуінен ыққан Әмірғали әулеті көрші қырғыз еліне өтіп кетіп, сол жылдары дүниеге келген ұлдың есімі Қырғызбай аталды. Өжет өскен Қырғызбай заманның беті бері қарағанда атажұртына оралып, 1959 жылдың наурызында шекесі торсықтай ұлды болады. Баба қонысынан орын тауып, көңілі жайланған Қырғызбай баласының атын Орынтай деп атайды. Әкеге тартып туған жігерлі өрен Жанақұрылыс ауылынан аудан орталығындағы В. Белинский атындағы орта мектепке күніне 12 шақырым жаяу қатынап оқыды. Кейін спортты жанына серік етіп, өмір бойы салауатты өмір салтын ұстануына мектеп пен үйдің арасында он жыл бойы жаяу жүруі де ықпал еткені анық.
Жастайынан еңбекпен ысылып, күреспен шұғылданып, бойшаң да сымбатты болып өскен бозбала әскери борышын әуе десанты гвардиялық дивизиясының құрамында алғаш Қапшағайда, кейін Ферғанада өтеді. Әскер падишасы саналатын десантшы заңғар көктен парашютпен 66 рет секірді. 
Алматыдағы ауылшаруашылығы институтының механика факультетін сырттай бітірген Орынтай 1979-1994 жылдары ішкі істер саласының мемлекеттік автоинспекциясында қызмет істеді. Тәртіп пен реттілік бойына сіңген ол  «Қазақстанның үздік инспекторы» атағымен, «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы үздік қызметі үшін» медалімен марапатталып, майор шеніне дейін өсті. Қызметте жүріп спорттан қол үзбей, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысты. Самбо, дзюдодан 1980-1982 жылдары Алматы облысы мен қаласының төрт дүркін чемпионы болып, республикалық біріншілікте үш рет бақ сынады. Әуе спортынан 1-разряд, жүзуден 1-разряд, альпинизмнен 1-разрядты спортшы кейін атбегілік кәсіпке біржола ауысады. 
Қазақстанда тұңғыш рет 1994 жылы ұлттық ат спорты федерациясы ашылғанда Орынтай Қырғызбайұлы соның алғашқы ұйымдастырушыларының бірі болды. Билен Нұрғазинов, Сәдібек Түгел, Елсияр Қанағатовтармен бірге федерацияны құрып, облыстарда бөлімшелері ашылды. Ол Алматы облысы мен қаласындағы филиалдарын басқарды. Жетпіс жыл бойы мемлекеттік деңгейде мән берілмей келген ұлттық ат спортының Тәуелсіздік таңымен бірге жаңғыруына ұйытқы болды. Жер-жерде ұйымдастырылған аламан бәйгелердің үнемі басы-қасынан табылды. Жамбылдың 150, Қарасай Алтынайұлының 400, Райымбек Хангелдіұлының 300, Нұрмолда Алдабергеновтың 90 жылдығы, Әбілхан Қастеев, Дінмұхамед Қонаев мерейтойлары, 1998 жылғы Астана қаласының тұсаукесері, «ЭКСПО – 2017» көрмесі сияқты ірі іс-шараларға орай ат спорты түрлерінен аламан өткізудің ұйытқысы болды. Сол ұлы бәйгелерді ұйымдастыруға ойға ой қосып, ойын ережесіне ұтымды ұсыныстар енгізді. Көкбастау жазығында 1998 жылдан бері тұрақты өтетін Президент Кубогі үшін дәстүрлі ат жарысының тұңғыш құрылтайшысы әрі тұрақты бас төрешісі. Жылда Конституция күніне арналған бұл аламан биыл 21-ші рет өтті. Тай, құнан, жорға жарыс, топ бәйге, аламан, сонымен қатар, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу ойындарына биыл жамбы ату қосылып, ұлттық ат спорты түрлене түсті. 
Бозбала шақтан асау үйретіп, ұлттық өнердің қадір-қасиетін бойға сіңірген азамат 1998 жылы «Рахат» асыл тұқымды жылқы зауытына директор болып, араб, ағылшын жылқыларының тұқымын Қазақстанда өсіру мақсатында табысты еңбек атқарды. Зауытқа Ресей, Англия, Франциядан сәйгүліктер әкеліп, оны қазақы тәсілде баптап, үлкен бәйгелерге қосып, толағай жетістіктерге қол жеткізді. Мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға жіберді. Еділ Құсайынов Чехияда, Нұрлан Тынышпаев Францияда тәжірибе жинақтап қайтты. Еділ қазір классикалық ат жарысының шабандозы, әлемдік жарыстардың жеңімпазы. «Бұл зауыт 10 жыл дүркіреді. Жүрегімнің түкпірінде көкпар жүруші еді. 1996 жылы Серік Әбікенұлына айтып, ұлттық ойындар бағдарламасына көкпарды кіргіздік. Осылайша Алматы облыстық көкпар спортын дамытуды қолға алдық», – деп еске алады ол.
Көкпарға кеңес өкіметінде тыйым салынып, ол өзінің халықтығынан, бұқаралығынан ажырап қалған еді. Тақымы мықты көкпаршы Орынтай Қырғызбайұлы ұлттық ат спортының осы түрін өңірде дамытуға бел шеше кірісті. 1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық тойында тұңғыш рет өткен халықаралық көкпар турнирінің құрылтайшысы әрі ұйымдастырушысы болды. Ұлттық ат спортын дамыту жолындағы жұмыс оң нәтижесін берді. Ат жүгірте жүріп жарысты ұйымдастырып, ережесін, тәртібін жүйеледі. 2011 жылдан бастап Алматы облыстық ұлттық ат спорты түрлері, соның ішінде көкпардан «Үшқоңыр» командасын құрып, сол жылы команда жастар арасында Қазақстан чемпионы атанды. Алты-жеті жыл ішінде команда алдыңғы үштіктен түспей қажырлы ойын өрнегін көрсетті. Ол жігіттер қазір республикалық құрамада алдыңғы лекте жүр.
Тәжірибе алмасу үшін 1995-1996 жылдан бастап қырғыздармен араласа бастады. Сол кезде айналасына өзі сияқты бойында ұлттық намысы жоғары жігіттер топтасты. Сонда оның үйі штаб тәрізді болатын. Қордайдан, өзге өңірден атбегілер сол үйге тоқтап, қонып, бәйгеге апара жатқан аттарын да ауласына түсіретін. Осы бір үрдіс тамаша сыйластыққа айналды. Бұлар барғанда олар күтіп алады. Білгір атбегінің Айторы, Айтұмар, Бойтұмар, Роза, Жұлдызторы, Нардена, Алматы, Эльпасса, Пагром, Анис, Велта, Атос, Барс сынды таза қанды сәйгүліктері болды. Жүйріктері небір аламандарда алда келді. Қазақ елінің атынан қосқан қылқұйрықтары шетелдегі халықаралық айтулы жарыстарда бәйгелі болды. Мәселен, 2004 жылы Мәскеуде Ресей Президентінің жүлдесі үшін ұшқыр аттар арасындағы халықаралық классикалық ат жарысында «Грантлет» сәйгүлігі жүлделі екінші орынды иеленіп, Қазақстанның мерейін асырды. Атбегі оны Франциядан әкеліп, бабына келтірген болатын. Өз елімізде Қабанбай, Қарасай, Райымбек батырлардың тойында, Түркістан қаласының 1500 жылдығында бас бәйгелерді ұтты. Дәстүрлі Президент кубогын жеті рет жеңіп алды. Бейбарыс сұлтан,  Д. Қонаев, Абай, Жамбыл аталардың мерейтойында да жүлдесіз болған жоқ. 
Орынтай Қырғызбайұлы – тәуекелшіл, табанды, қайсар жан. Батыр болмысты, тау тұлғалы, ештеңеден қаймықпайтын адам. Айтарын тура айтып салады. Бірақ біреуге қатты сөйлеп қойса, артынан уайымдап жүреді. Көпшіл. Алыстағыны шолатын қыран бүркіт сияқты көрегендігі бар. Қайбір шешімі қиын шаруалар оның табандылығының арқасында іске асып жатады. Республикалық ат спорты федерациясы осындай қайсар азаматтардың арқасында құрылды. Тоқсаныншы жылдардың басындағы қиын кезде ұлттық дәстүріміздің кенжелеп қалмауы үшін барын салғандардың қақ ортасында жүруі осы қасиетінен. 
Сол кезде Шымкенттің көкпарын көріп келіп, Жетісу өңірінде бұл өнердің көмескіленіп бара жатқанына қынжылды. Алматы облысының көкпар командасын өз қолымен құрып, ұзақ жыл осыған қызмет жасады. Көкпаршыларды атпен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, шаруаны бір жүйеге келтірді. Елде оңтүстіктің көкпаршылары мықты. Өзге облыстардың көпшілігінде әкімдер Шымкент пен Жамбылдың жігіттерін шақыру арқылы көкпарды дамытса, Орынтай бұл үрдістен бас тартып, команданы тек Алматы облысының жігіттерінен жасақтады. Осылайша көкпар  мектебін қалыптастырды. Оны облыстық бюджетте бекітуге қол жеткізді. Себебі, көкпарға түсетін белді ат алу, көкпаршылар мен бапкерлерге еңбекақы төлеу сияқты басқа да толып жатқан керек-жарақтар біраз қаржыны талап етеді. Бұл шаруа жеке адамның қолынан келмейді. Осы жағын жолға қойып, құрыш білекті жігіттерді бір мақсатқа жұмылдыра білуінің арқасында облыстың ересектер командасы республика бойынша алдыңғы үштікке ілінді. Ал жасөспірімдердің бірінші орынға шыққан кездері болды. Бұл да Орынтай Қырғызбайұлының қайтпас қайсарлығы мен табандылығының арқасы. Атбегі жүздеген шәкірт тәрбиеледі. Кейбіреулері әлемдік додаларға түсіп жүр.
Қазақтың көп жақсыларымен бірге жүріп, сырлас, жолдас болды. Солардың бірі – Есенқұл Жақыпбек. Ол Орынтайдың өмірге көзқарасын өзгертті. Ұлт мұрасын жандандыруға рухтандырды, қамшылап отырды. «Қой да бақтым, жүкші болдым, көлік айдадым, аспанға құштарлықтан парашютші де болдым. Атбегілікке біржолата ден қойғанда байқағаным, Есаға сол кезде жігіттердің арасында идеологиялық жұмыс жүргізген екен. Оның ұлтжанды, мемлекетшіл ойлары бізді рухтандырды. Сол кісіден белгілі бір дәрежеде тәлім алдық. Елдікті, жомарттықты, мәрттікті сол кісіден үйрендік десем болады», – дейді өнер адамдарын жақсы көретін Орекең. Ақынның «Біздің елдің жігіттері» әні осындай азаматтарға арнап жазылған.
Тоқсаныншы жылдары құрылған ұлттық ат спорты ұйымы қазір ішінде жеті-сегіз федерациясы бар Ұлттық қауымдастыққа айналды. Оның басы-қасында жүргендер Азия чемпионатын, әлем чемпионатын өткізеді. Онда жүйріктер 100-150 шақырымның үстіндегі қазақы қашықтыққа шабылады. 
Егемендік алғаннан кейін қазақты әлемге танытуда ұлттық ойындардың орны ерекше еді. Олар қазақты дәстүрімен, мәдениетімен бағалайды. Ұлттық мұраның алдыңғы сапында ат спорты тұр. Бұл орайда Орынтай Әмірғалиевтің қосқан үлесі қомақты. Орынтай аға Еуропа бапкерлерімен қарым-қатынас орнатты. Ондағы мақсаты –  біздің жастарды әлемдік додаларға кеңінен қатыстыру. Жылқыны асылдандырудың  шетелдік озық тәжірибесін жастар үйренсе дейді. Қазір ол Кавказдағы әріптестерімен көп араласады. Сонда барғанда қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық ерекшелігін дәріптей жүреді. Қазақтың жігіттерінің қандай болатынын танытады. Таулықтар арасында «Біздің елдің жігіттері» әнін айтады. Жылқының жайын  терең білетін жан түлік төресі туралы таңды таңға ұрып әңгіме өрбітуге бар. Қазақтың бәйгесі мен көкпары Олимпиада ойындарына кірсе деп армандайды.  
Орынтай Қырғызбайұлы асқаралы алпыстың табалдырығынан аттанды. Үлгілі отбасының иесі зайыбы Гүлназым екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдары мен келіндері Қуаныш-Ғалия, Мадияр-Гауһар, Нұрым-Альбинадан қылығы балдай тәтті немерелер сүйіп отыр. Әке жолын қуған Нұрым облыстық көкпар командасының жаттықтырушысы, халық- аралық дәрежедегі төреші.
Арғымағына мініп, айтулы аламанға төрелік етуден танбай келе жатқан ақтаңгер атбегіге ұлттық мұрамызды әлі де өркендете беріңіз дейміз.

Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы