ҒАЛЫМДЫ ДА, ҒЫЛЫМДЫ ДА БАҒАЛАЙЫҚ: АҚАЙ НҮСІПБЕКОВКЕ - 110 ЖЫЛ

Уақыты: 04.12.2019
Оқылды: 1580
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Шіркін, Ұлы Даланың мәртебесін асқақтатып тұрған шоқтығы биік, шыңдары ғарышқа қол созған әр деректерде Тәңірі тау, Аспан тау, Үйсін тау деп аталып жүрген аумақтың кескін-келбеті қандай сұлу! Қандай ерекше! Жетісудың бұл аймағы әлі күнге тұмса табиғатымен көптеген шетелдіктерді де тамсандырып келеді. Осы өлкедегі әйгілі Хан Тәңірінің батысына қарай созылатын тау сілемдерінің, көк-жасыл қарағайлар жал-жал болып өсіп тұрған тауларының баурайында Жалағаш, кейінде бәлкім орыстардың түсінбеушілігінен болар, Жалаңаш деп аталып кеткен ауылдар бар. Ауылдар дейтінім сол жал болып өсіп тұрған қарағайлардың етегіндегі екі қырқалы сайда екі ауыл орналасқан. Көлеміне қарай олар Үлкен Жалаңаш және Кіші Жалаңаш деп аталады.

Үлкен Жалаңаш кезінде аудан орталығы болған үлкендеу кеңшар. Ал Кіші Жалаңаш өзінің атына қарамастан үш-төрт ауылды біріктірген «Көлбастау» ұжымшарының орталығы болды. Міне, осы Кіші Жалаңашта Қазақстан ғылымында ерекше тұлға ретінде танылып, оның көшбасшыларының бірі болған адам туып-өсті. Ол – атақты ғалым, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, одан жеңіспен оралып, елімізге белгілі тарихи тұлға дәрежесіне жеткен академик, тарих ғылымдарының докторы Ақай Нүсіпбеков еді.

Ақаңның есімін мен алғаш әкемнен естідім. Шалғайдағы ауыл мектебінде сегізінші сыныпта оқып жүрген кезімде-ақ тарихшы болуды мақсат еттім. Оған әртүрлі жағдай себеп болды. Біріншіден әкем үйге сол кездері, яғни ХХ ғасырдың 60-жылдары, көп кездесе бермейтін кітаптарды тауып алып келетін. Әсіресе, ішінде бес қаруын асынған, тұлпардағы батырлар бейнеленген, қалың да үлкен «Батырлар жырлары», сырты қараңғы түнде жұлдыздары жайнаған «Мың бір түн», «Манас», «Семетей» сияқты қалың кітаптардан бастап, шағын ғана «Калила мен Димнаға» дейін бар еді. Әкем оларды жинап қана қоймайтын, бізге хат тани бастаған кезден бастап оқытып, өзі тыңдап әрі мәнерлеп оқуды үйретіп отыратын. Бірақ «Мың бір түннің» төрт томы бола тұра оны оқытпайтын, тіпті, ұстауға да тыйым салатын.

Соған қарамастан менен 5 жас үлкен, әрі батылдау, тентектеу ағам көрсетпей оқитын. Оны көріп ертегілер мен батырлар жырларын тауысып, оқып болғаннан кейін мен де ақырындап жасырып, әсіресе, қой кезегі келгенде өзіммен бірге тауға ала кетіп, оқитынмын. Жаздың ашық күндерінде «Қырғын соғыс, тақ таласында», «Сандыбадтың жеті сапары» сияқты ұзақ әңгімелерді оқыған кезде бас ала алмайтынмын. Бір уақытта бас көтеріп, жан-жаққа қарағанда бозқарағанның түбінде жантайып жатқаныңды байқайсың. Сонда ғана есіңе қой бағып жүргенің түседі. Сөйтіп, ұшып тұрып қарасаң қойлар көрінбейді. Жаһанда жалғыз өзің қалғандай жалтақтап, жан-жағыңа қарайсың. Жүгіріп биіктеу қырқаға шығып қойларды іздейсің. Бір уақытта бірнеше қырқадан, бірнеше сайдан кейін барып қана жайылып жүрген қойларды көріп, жерден жеті қоян тапқандай солай қарай жүгіресің. Содан қойларды кері қарай қайтарып тастап, тағы да кітаптағы әңгімені аяқтау үшін қайта оқуға кірісесің. Тағы да сол кітаптан басқаның, дәлірек айтқанда ондағы әңгімедегі басты кейіпкерден басқаның бәрін ұмытасың. Қасыңнан жылан жылжып өтсе де, басыңнан торғай шырылдап ұшса да елең етпейсің, байқамайсың, естімейсің. Әлден уақытта тағы да ұшып тұрасың, тағы да қырқаға ұмтыласың, тағы да қойларға қарай зытасың. «Мың бір түнді», кейінірек «Қазақ солдатын», «Абай жолын», «Қаһарды» негізінен осылай оқыдық. Ертеглердегі Ертөстік, батырлар жырларындағы Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Қосай сияқты батыр болуды армандасаң, лиро-эпостық жырлардағы Сейпілмәлік, Төлеген, Қозы, Мәжнүн сияқты  ғашық болғың келетін. «Мың бір түндегі» әлемді шарлайтын және басынан неше түрлі қызықты оқиғалар өтетін саудагерлерге еліктеп, дүниені кезгің келетін. Осылардың барлығы ертегілердегі Ертөстіктен бастап, Қайрошқа дейін өткен замандар мен уақыттарды көз алдыңа алып келетін, елестететін, қызықтыратын, ұмтылдыратын.

Сондықтан да болар, басқа пәндерден де үлгерімім жақсы бола тұра, тіптен, физика мен математикадан олимпиадаларға қатысқаныма қарамастан, сол кітаптар, сол бейнелер, сол оқиғалар тарихқа деген қызығушылығымды оятса, негіздесе керек. Бұл көзқарасымды шегелей түскен тағы бір оқиға ағам мектепті бітірген соң ҚазМУ-дың тарих факультетіне тапсырып, түсе алмай қалды да, сол кездегі мықты деп есептелетін «Индустриалды техникумға» түсіпті дегенді естігенде, онда мен тарихшы болам деген намысшылдық еді. Сонымен сегізінші сыныпты бітірген соң жазғы демалыс кезінде тарихтан барлық кластарға арналған оқулықтарды жинап алып, оқи бастадым. 9-10 сыныптарда тарих сабағында не туралы айтылатынын біліп отыруым да сондықтан болды. Оныншы сыныпта оқып жүрген кезімде сынып жетекшісі мамандық таңдау туралы мәселе қойды. Мен әкемнен: «Қандай мықты тарихшылар бар?», – деп сұрағанымда, «тарихшылардың ең мықтысы Ақай Нүсіпбеков, Шайқыслам Жүсіпбеков деген кісілер», – деді. Міне, осылайша тарихшы болу арманыма айналған сәтте, Алматыдан алыс таудың түкпіріндегі ауылда жүріп, Ақаңның есімін алғаш естіген едім.

Ал Ақай Нүсіпбекұлымен алғаш бетпе-бет кездесіп, тілдескенім өзім оқыған факультетімде оқытушы болып, тарихтан ғылыми зерттеу жұмысының тақырыбын таңдау, айқындау мақсатында Ғылым академиясының сәулетті де қасиетті ғимаратындағы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына барған кездерімнің бірінде болды. Тақырып мәселесі бойынша Кеңес аға Нұрпейісовке жолығайын деп барғанда оң жақтағы есіктен Ақай Нүсіпбекұлы шыға қалды. Басқа ешкім болмады. Амандасып едім, сәлемімді алды да: «Қай ауылдың баласысың?», – деді.  Бұл институттан емес екенімді біліп сұрап тұрғанын түсіндім, бірақ тілімнің ұшына: «Бұл институттан болмағанмен сіздің ауылданмын, Сатыданмын», – деген жауап келе қалды.

Академияның вице-президенті, институт директоры, «атынан ат үркетін» академикке бұлай айтуым қалай болар екен деп сәл кідіріп, күмілжіп қалдым. Сол кезде біреулер келіп қалып, амандасып, Ақаң кеңсесіне кері бұрылды. Ақаңмен тіл қатысып, амандасқанымның өзі үлкен күш бергендей, қуаттандырғандай болып, сергіп, серпіліп қалдым. Ертесі осы оқиғаны кафедра меңгерушісі, білімді де білікті ұстазым Бексұлу Шымырбайқызына айтып едім: «Қап, айта салмадың ба? Үндемей жүріп өзің пысық екенсің, Ақай Нүсіпбекұлымен амандасып, сөйлесіп жүрген», – деп күліп алды да, – Ақай Нүсіпбекұлы Ғылым академиясының вице-президенті, институт директоры болғанына қарамастан өте қарапайым әрі кемеңгер адам ғой. Маған ғылыми жетекшім ретінде талай ақыл-кеңестерін айтып жүріп, әкемдей болып кетті», – деді.

Ғылым академиясының Тарих және этнология институты жыл сайын Ақаңа арнап конференция өткізіп тұрады. Сонда талай мықты Ақаң туралы, оның еңбектері туралы тамаша пікірлерін баяндайтын. Ақаңның тарихи көзқарастары мен тұжырымдары, олардың тарихи ғылымы мен қоғамдық көзқарастардағы орны туралы тарихнамашы ретінде біз де баяндамалар жасап, мақалалар мен кітаптарымызда жазып жүрміз. Ақаң туралы айтылар дүние әлі де көп. Оны мына қолымдағы «Айтулы Ақаң еді» атты кітаптағы пікірлер нақтылай түседі. Мұнда Ақаңның өңкей мықты замандастары, әріптестері тамаша ойларын жазыпты. Олардан артық айта аламын деу әбестік болар. Сондықтан бірнешеуінің ғана жазғанынан үзінді келтірейін.

Ақаңнан кейініректе Тарих және этнология институтының директоры болған, академик Манаш Қозыбаев былай дейді: «Ақаңның есімін атасақ, Қазақстан тарих ғылымы, оның ордасы – тарих, археология және этнография институты еске түседі. Тарих ғылымының болуы да, қалың тарихшылар қауымының қалыптасуы да оның есімімен тығыз байланысты. Қабырғалы, іргелі ел болған бұл күнгі тарихшы, археолог, этнограф әулеті Ақаңа мәңгі қарыздар екенін айту – тарихи әділдік». Ал ұзақ жылдар Тіл білімі институты директоры болған академик Ә.Қайдаров: «Академик Ақай Нүсіпбеков Ұлттық Ғылым академиясының кезінде (1946 ж) іргетасын қаласып, шаңырағын көтерген, қасиетті ғимарат – Ғылым сарайының өркениетті елдің бас белгісіне, ұлтымыздың мақтанышына айналуына аянбай атсалысқан үркердей бір топ ағаларымыздың бірегейлерінен еді», – дейді.

Көптеген жыл Ақаңмен қызметтес болғанына қармастан өзіне ұстаз санайтын тарих ғылымдарының докторы, профессор Төлтай Балақаев: «Ақаң Кеңестік Қазақстанмен қоса жасасып, оның ғылымы мен мәдениетін дамытуға белсене атсалысқан, сұрапыл ашаршылық, қанды репрессия, алапат соғыс сияқты апатты кезеңдерді бастан кеше, тоталитарлық жүйенің қыспақтарына төзе жүріп, ел сенімін ақтай білген, халқымыздың қадірлі перзенттерінің бірі. Оның өнегелі істері мен жарқын бейнесі әрқашан біздің есімізде», – деп толғайды. Ақаңның тағы бір әріптесі әрі шәкірті, академик М.Асылбеков: «Қорыта айтатынымыз – академик Ақай Нүсіпбекұлы сияқты аға ғалымдарымыздың аруағы алдында бас иіп, олардың ғылыми мұрасын сақтап, одан әрі дамытуымыз керек. Осы кісілердің еңбектері де, қоғамдық қызметі де, адамгершілік қасиеттері де егемен еліміздің жастарына, әсіресе, ғылым мен білімге ұмтылғандарына сарқылмас бұлақ, өшпес өнеге», – деп толғанады. 

Кітапта Ақаң туралы ғалымдар ғана емес, қоғам және мемлекет қайраткерлерінің де естеліктері баршылық. Біразы орыс тілінде. Барлығы да Ақаңның ұлы ғалым, қасиетті адам, қабілетті басшы болғандығын, өмірі кейінгілер үшін үлгі екенін ерекше тебіреніспен баяндайды.

«Дананың аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді», – дейді халқымыз. Өлмейтін өнегесі, қалдырған ғылыми мол мұрасы бар Ақай Нүсіпбековтің биыл 110 жылдығы. Оны атап өтуге Ғылым академиясының Тарих және этнология институты дайындалып жатыр. Дегенмен, бір институт аясында ғана емес, тарихшылар, археологтар мен этнологтар бастап, еліміздің әр тарапында, ауқымды түрде бүкіл ел болып, атап өтсек, ғылымға және ғалымдарға деген жаңа көзқарасты қалыптастыруға ықпал етер еді. Ғалымды да, ғылымды да бағалай білейік, бағамдап жүрейік, ағайын!

Тұрғанжан ТӨЛЕБАЕВ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор