"БРЕЖНЕВТІҢ АЛДЫНДАҒЫ БӘЛІШ": АДАЛӘТ АПАНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Уақыты: 29.12.2019
Оқылды: 1021
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жақсы адамдар жайында сөз қозғай қалғанда олардың жарқын бейнесін мейлінше айқын ашып беруге көмегін тигізумен қатар, астарлы құндылығымен оқушының назарын еріксіз өзіне аударатын мақал-мәтелдер мен қанатты сөздер тізбеленіп ойыңа келе береді. Ал кейіпкерің өзің жақсы білетін, ағайындар мен ел-жұрты алқалап құрмет көрсететін, халқының мақтанышына бөленген асыл жан болса, сөз маржанын арнағанды бір ғанибет деп түсінемін. Тарихтың сан мыңдаған алай-дүлейінде де өз құндылығын жоғалтпай, жұрт сынынан өткен «Ізгілік үздікпейді, қартаймайды, өмірі ұзақ, атағы ортаймайды» деген дана сөздер менің бүгінгі әңгімеме арқау болып отырған, бақытын еңбектен тапқан, ізгіліктің үлгісі, асыл ана, Социалистік Еңбек Ері марқұм Адаләт Зайнаудинова апайымызға арналғандай.

Адаләт апамыз 1930 жылдың бірінші қаңтарында Панфилов ауданының Үлкеншыған ауылында абыройы мол, көпбалалы, қарапайым отбасында дүниеге келген.

Жарықтық аман болғанда дәл бүгінгі күндері туған-туыстары мен ел-жұрттың ортасында бәйтерек болып, дүрілдетіп 90-жылдық мерейтойын тойлар еді. Осыдан он жыл бұрын ауылға барып, Адаләт апаның 80-жылдығында, Социалистік Еңбек Ері Күләш Айтжанова тәтенің 70 жылдық мерейтойында бірге болып, бұйыртса біріңіздің тоқсан жасыңызда, біріңіздің сексен жасыңызда осылай бірге тойлармыз деген тілегімді ағайынның ортасында айтып кетіп едім. Амал қанша?! Адаләт апа мерейтойына бір жылы жетпей өмірден озды. Шерхан Мұртаза ағамыздың тілімен айтқанда, бұл да бір кем дүние болды.

Ал Күләш Айтжанқызының мерейтойы облыс басшысының ұйымдастыруымен кең көлемде атап өтілді. «Өмір өткелдері» атты кітабы жарық көріп,  өскен ортасы туралы қысқаша деректі фильм түсірілді. Осы мерейтойдың төрінде Адаләт апаның қызы Әлиям мен күйеубаласы Аубакри (біз үшін – Абак) құрметті қонақтар санатында отырды.

Біздің елде Адаләт апа мен Күләш тәтені бөліп-жарып айту мүмкін емес. «Бұлар біздің ауылға Алланың түсірген назары» деп бағалайды үлкендер. Бұл мақтанып айтып, үлгі ететін ерекше құнды құбылыс дер едім. Біреуі ұйғырдың, екіншісі қазақтың қызы болса да бір үйдің баласындай бірге жүріп, бірге өсті. Екеуі де жастайынан ауыр тұрмыс пен жоқшылықтың дәмін татып шыңдалды. Қандай қиын тағдыр бастарына түссе де бәрінен абыроймен шығып, Еңбек Ері атанды. Ең негізгісі – ұрпақтарына сабақ болатын мәңгілік сыйластықтың үлгісін орнатты.

Адаләт Машурқызы Зайнаудинованың әке-шешесі өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында сол кездегі тұрмыстық ауыр жағдай мен ашаршылықтың салдарынан алты-жеті баласын арқалап көрші Шелек ауданынан осы Үлкеншыған (ол кездегі атауы – Ворошилов) ауылына көшіп келеді. Алғашқыда жейтін тамақ, киетін киім, әсіресе баспананың болмауы тұрмыстарына қатты әсер етеді. Алайда тағдыр тәлкегімен ортаға түскен отбасына қазақ-ұйғыры жабылып жүріп қамқор болады. Олар да өздерінің еңбекқорлығының арқасында тіл табысып, тез араласып кетеді.

Ел еңсесін енді түзей бастаған шақта Ұлы Отан соғысы басталып, Адаләт апайдың ағалары Марупжан мен Рустамбек соғысқа аттанады. Өкінішке қарай, екеуі де соғыста қайтыс болып, елге «қара қағаз» келеді. Бұл суық хабар әсіресе қарт әке-шешеге ауыр тиеді.

Ауылдағы екі үйдің бірінің басына түскен мұндай қайғы ел-жұрттың сағын сындыра алмады. Қайта елді біріктіріп, жігерлендіріп, алыптың күші – халықта, тіршіліктің күші – бірлікте екендігіне үйретті. Қиын істе сыналған үлкендеріміз қайраттанған сәтте дұшпанның басын көрге кіргізуге болатынын дәлелдеп кетті емес пе?!

Адаләт апалармен біз ауылдас қана емеспіз. Әке-шешелеріміз бен үлкендеріміз бір көшенің бойында, бір ауланың ішінде өскен адамдар. Ұлтқа бөлінбей, заманның небір қиын кезеңдерінде бейнетті бірлесіп жүріп көтеріп, қуаныштарын бір үйдің баласындай бөлісіп, тату-тәтті, ынтымақтастықпен өмір сүрген жандар.

Бала кезімізде қариялардың алдын көріп, аялы алақандарынан ұстап, әңгіме мен ақыл-кеңестерін тыңдап, кішігірім шаруасына жүгіру бақыты бізге де бұйырды. Бұл кісілердің ұл-қыздарымен біз тетелес өстік, осы уақытқа дейін араласып, кездескен жерде құшақ жайып, бауырымызға басып амандасамыз. Бұл мейірбандық қасиеттер біздің бойымызға үлкендеріміздің өзара сыйластығынан жұққан жақсы қасиет деп санаймын және мұны мақтанышпен айтып жүремін. Реті келгенде айта кетейін, мұндай сыйластық екі отбасына ғана емес, жалпы біздің ауылдағы ұйғыр-қазақ ағайындардың барлығына тән қасиет. «Қырық күн көрші болсаң мінездес боласың, қырық жыл көрші болсаң сүйектес боласың» деген сөз бар. Оған қарағанда, бірнеше ғасыр бойы ата-тегімен бір ауылда туып-өсіп, құда-жекжат атанып, жарық дүниеден өткен уақытта да бір бейітте жатқандықтан болар, менің жерлестерімнің бойынан сыйластықтың ерекше белгісі молынан сезіледі.

Біздің ауылдағы қазақ-ұйғыр ағайындар тіршіліктің көзін бірліктен іздеп, ырыстың алдын ынтымақтан тауып, көршісінің ұйқысы алаңсыз болсын деген ниетпен қорғаны болып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, құдай азды-көпті берсе де нығметіне тәубе қылып, қанағатпен жүрген өте қарапайым жандар. Біздің ауылда таза пейілімен қонағына төрін ұсынып, жалалы болғаныңда қадірін сездіретін, қаралы болғаныңда иығын тірейтін, қуанышыңда қызметін көрсететін асыл жандар тұрады. Әйгілі Ұлы Жібек жолының бойына орналасқан Үлкеншыған ауылында болып, ел-жұртымен араласқан кім болса да менің осы пікіріме келісетініне сенімім мол. 

Адаләт Машурқызы осындай киелі ауылдың тумасы, елінің даңқын еңбегімен төрткүл дүниеге паш еткен бірегей тұлға. Балалық шақтың қызығын көрмей, он жасынан соқаға жеккен атты жетектеп, шөп-шалаңды қолымен орып, ата-анасына сүйеу болды. Есейе келе ауылдастарымен бірге жер тырмалап егін екті, жүгері алқабында су да ұстады, қой да қырықты, сауыншы да болды. Қыздардың арасынан алғашқы болып трактор жүргізді. Сөйтіп жүріп үлкендерден көргенін санасына сіңіріп, тәлім-тәрбие жинап, төзімділік мінезін қалыптастырды.

Уақыт өте Адаләт тәтенің еңбекқорлығы мен жауапкершілігін көріп жүрген ұжымшар басшылары оны жүгерішілер звеносының жетекшісі етіп тағайындайды. Өзінің пайдасынан көпшіліктің мүддесін жоғары қойып, тынымсыз еңбек етудің нәтижесінде ол жүгері өнімін жинауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.

«Жердің тілін білсең, тілдей жерден жылдық өнім аласың»  демекші, алғашқы жылдары гектарынан 95 центнерден таза өнім алудан бастаған диқан жерге қатысты барлық талаптарды орындаудың нәтижесінде екі-үш жылда таза өнімін 130-140 центнерге көтеріп, одақ көлеміндегі ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Төгілген ащы тердің дәулеті де ретімен келе бастады. Ұжымдық шаруашылық аудан, облыс және республика көлемінде көптеген марапаттарға ие болды. Он жеті жасында Кеңес одағының «Ерен еңбегі үшін» медалін, ал 1971 жылы алғашқы Ленин орденін кеудесіне тақты. Тәжірибесін толықтырып, ел экономикасының көтерілуіне қосқан қомақты үлесі мен өндірістегі ең жоғары көрсеткіштері үшін 1979 жылдың сәуір айында екінші Ленин орденімен және Алтын жұлдыз медалімен марапатталып, Социалистік Еңбек Ері атанды. Қазақстанның Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланып, үлкен мінберлерден сөз сөйлеп, ауылшаруашылығының өркендеуі мен ауылдық жерлерде мектеп, аурухана, мәдениет пен спорт ошақтарының көптеп ашылуына көмегін тигізді. 

Адаләт апай бұл жетістіктері мен жақсылықтары жайлы сұрай қалғанда: «Бір күн еңбек етсем де адал еңбектендім. Нәтижесі бағаланып жатса өмірлері бейнетпен өткен әке-шешемнің тағылымы деп есептеймін. Олар барлық уақытта мені жігерлендіріп жүреді», - деп қарапайым жауап қайыратын. Өзімен қызметтес болған жерлестері мен тәлімгерлеріне ризашылығын білдіріп, аузынан тастамай өтті, жарықтық.

«Қиыншылық көргеннің парасаты биік болады» деген тұжырым рас екен. Адаләт апай тумысынан бойына біткен қарапайым да салмақты мінезін өзгертпей өмірден өткен жан. Орынсыз сөйлеу, жеңіл күлкі, бос жүріс пен өсек-аяң деген бұл кісі үшін жат дүние болатын. Ұйғыр мен қазақтың ең жақсы адами  қасиеттерімен тәрбиеленіп, кіммен сөйлессе де «сіз бен бізден»  артқан емес.  Елден ерекшеленіп,  оғаш мінез көрсетпеді. Апайдың осындай жарқын бейнесі ол кісіні білетін әрбір адамның жүрегінде мәңгілік сақталып қалары анық.

Ауылға бір келген сапарымда інілерім мен ауылдастарымды ертіп Адаләт апайдың үйіне сәлем беруге бардым. Дастарқан басында отырып айтқан мына бір әңгімесі мәңгі есімде сақталып қалды. 

«1980 жылдың көктемінде Мәскеу қаласында Съездер сарайында өткен Кеңестер Одағы Коммунистік партиясының ХХVI съезіне Қазақстанның атынан қатыстым. Ресми бөлімі аяқталған соң шамасы екі жүздей адамға дастарқан даярланған залға әрбір республикадан делегаттар шақырылды. Біз ертерек кіріп, төрт бұрыштап құрылған үлкен дастарқаннан өз орнымызды тауып, Саяси Кеңес мүшелерінің келуін күтіп тұрдық. Біраздан соң Бас хатшы Леонид Ильич Брежнев бастаған үлкен кісілер, ішінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев ағамыз бар, тура біз тұрған жердің қарсы бетіне келіп орналасты. Дастарқан тағамның түр-түріне толып тұрған. Бір сәтте даяшы қыздар үлкен ыдыспен ыстық бәліштер үлестіре бастады. Мен Брежневтің алдындағы бір-екі бәлішті қалайда  алуға ниеттендім. Ондағы ойым – ауылға келгенде туған-туыстар, көршілер мен ауылдастарға үлкен жерден сарқыт ретінде үлкен басшының қолынан дәм татқызу. Екіншіден, осы дәмді татып, біздің де ұрпақтарымыз сол кісілерге тартқан азаматтар болса екен деген жақсылыққа ырымдаған ниетім болды. 

Отырыс аяқталған кезде ретін тауып, тура Л.Брежневтің алдындағы ыдыстан екі-үш бәлішті ешкімге көрсетпей қағазға орап алдым. Оны ауылға алып келіп, үйге келгендердің бәріне жеткізіп бөліп, дәм татқыздым».

Осындай бір әрекетімен-ақ Адаләт апай ұрпақтарына, туған-тумасына, ауылдастарына деген ыстық махаббаты мен құрметін көрсеткен екен. «Нағыз бақ еңбектіге бітеді, өмір үйретіп данышпан етеді» деген осы.

Апайдың аналық ақ пейілі мен еліне,  жеріне жасаған жақсылығы қайтарымын тауып, бала-шағасы өсіп, жоғары оқуларын аяқтап, қолдарынан келгенше еліне адал еңбек етіп жүр. Марқұм Адаләт апайымызға ризашылығымызды білдіре отырып, жатқан жері жарық, иманы саламатта болсын, артында қалған ұрпағына аналарының абыройы мен дәулетін берсін деп тілейміз.      

Рамазан СӘРПЕКОВ,

профессор, Алматы және Қостанай облыстарының  Құрметті азаматы