"БІР СЦЕНАРИЙМЕН ЖҮРМЕЙДІ": ПРОФЕССОР ЖАМАЛ МАНКЕЕВА ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Уақыты: 29.04.2020
Оқылды: 1184
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жамал апайдың есімімен небәрі 12 жасымда таныстым. Ата-анам арман қала – Алматыдағы Ғалымдар үйіне кандидаттық дәрежелерін қорғау жұмыстарымен жиі баратын еді. Баламыз ғой, бірақ «Жамал апай» деп ұшы-қиыры терең ғылым жолына қадам басқан әкем мен анам жұмыстарын парақтай отырып, дайындалып, қалың ой мен қат-қабат оқулықтардың ортасында сол кісінің еңбектерін негізге ала отырып, кандидаттық жұмыстарын жазатын. Дәл кешегі күндей есте қалды. Көңілімде жылы сезім, үлкен құрмет ұялап үлгерді.

Жылдар өтті, мен де қара шаңырақ ҚазҰУ-ды аяқтаған соң, академияға жұмысқа орналастым. Жұмысқа келген алғашқы күнім еді. Терминология бөліміне жүзі жылы, өзі аппақ, қара шашы жиналған күлімдеп Жамал апай кіріп келді. Бірден таныдым, оқуда жүріп апайдың еңбектеріне сүйене отырып студенттің өзіндік жұмысы мен оқу семинарларына дайындалатынбыз. ҚазҰУ-дің ғалымдары, ұстаздарымыз, қазақ тіл білімінің майталмандары – Әбдуәли Қайдаров, Рабиға Сыздық, Жүнісбек Әлімхан, Жамал Манкеева, Зейнеп Базарбаева, Қыздархан Рысберген, Ботакөз Сүйірқұл, Қарлығаш Айдарбек, Айман Жаңабекова, Орынай Жұбаеваның еңбектеріне сілтеме жасап отыратын. Мектепте жүріп туған үйімде, студенттік шақта қара шаңырақ ҚазҰУ-да атын естіп таңсық болған апайымның жүзін өмірде ең алғаш рет көруім еді. Жанымда бір қолымен бесікті, екінші қолымен қазақ тіл білімін тербетіп отырған апайым тұрды. Іштей жылулық сезімі болғанымен, өзгеше бір қысылып тұрдым. Апайымның жылы жүзі, қарапайымдылығы нағыз – қазақ қызы, қазақ анасының барлық образын жинап алғанын көрсетті. Жақын таныса келе, ыстық алақанымен арқамнан қағып: «Қош келдің, қызым!» - деп қарсы алды.

Алланың берген сыйы болар, дәл осы жылы жүзді, көркем мінезді ғалым, өз ортасында сыйлы да, абыройлы ғалымның шәкірті болдым. Бір жағынан қуанып жүрсем, тағы бір жағынан өзіме деген талабымның жүгі еселене ауырлай түсті. Докторлық диссертацияма жетекші болған апайымнан тартынып та жүрдім. Неге дерсіз, ғылымға сүбелі еңбек қосып жүрген тұлғамыздың сенімін ақтай аламын ба, ұятқа қалдырып қоймаймын ба деген алай-дүлей ойлар болды.

Дегенмен, мендегі ұяңдық, мендегі қорқыныштың барлығына су сеуіп, жанымды түсініп, маған сенім артып, ғылымдағы еңбегіме ғана емес, өмірлік жолыма да ұстаз болып келеді. Апайымның жанында бір сәт отырып, қазақ әйелінің, анасының үлгісін көріп, іштей «сіздей болсам» деп ниет етіп қайтамын. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін көрсететін сый-құрметі тұнып тұрған мәдениет, тәлім-тәрбие. Табалдырығын аттаған ер азаматты дәм ауыз тигізіп, жас демей төрінен орын беріп «ер азамат» деп сыйлауы, үйіне барған баланы «баланы қуыс үйден құр шығаруға болмайды» деп, көңілін елеп ескеруі – осының барлығы қазақ даналығының көріністері. Апай өзі дәріс оқитын – лингвомәдениеттану пәнін теория жүзінде оқып ғана қоймай, өз бойынан көрсетіп те жүргенін аңғарасыз.

Жамал апайдың педагогтік қыры – өзгеше. Ғылым докторы, профессор Жамал Айтқалиқызы өз дәрістерінде белгілі бір шекараны сызып алып, жаттанды шаблондармен сабақ бастап, күнделікті бір сценариймен аудиторияда ары-бері жүрмейді. Мұндай жаттандылық жоқ. Керісінше, бізге жақын жерден орын алып жайғасып, амандық сұрасып алады. Дәрісін сарқырап аққан бұлақтай бастаған ұстаз-ғалымға сұрақ қойсақ, апайымыз түбегейлі түсіндіріп, жауабын беріп, керек жерін «түртіп алыңдар» деп, ойын бір үзбей жалғай жөнеледі. Жаттанды дәріс емес. Түркітану, тарихи морфология, тарихи лексикология, этнолингвистика, лингвомәдениеттану, когнитивтік линвистика, көркем мәтін лингвистикасы, лексикография салаларын жаңғақша шағып береді. Теориясы ма, практикалық құндылығы ма апай кідіріп қалу немесе алдындағы оқулықтарға жалтақтау, келесі дәріске қалдыру, жауапсыз ұмыт етуді білмейді. Алдына келген шәкіртке берері мол. Еркін отырып, сіз десіп көркем шығармалардан мысалдарды жаудыра отырып, дәріс тақырыбын ашып, үйге берер тапсырмасын түрткізіп те үлгереді.

Мүмкін, бұл бір жағы – білім мен ғылымның тереңдігі болса, екінші жағы – әке қанымен, ана сүтімен тұла бойына біткен тума дарындылықтың белгісі болар?!Апай сабақ беру кезінде шабыттанады, толықтай өзінің білімі мен ғылым әлемінде еркін жүзіп, ойын ортаға шебер салады. Сонымен қатар, аудиториядан кері байланыс - сұрақ күтеді, дәріс оқу барысында сұрақ алса, шабыты еселеніп, ым-ишаралары оюланып-өрнектеліп, жауабы жандана түседі.

Барлық ұстаз – Жамал апайдың үлгісімен дәріс оқып, семинар тапсырмаларын берсе, Қазақстанның оқу жүйесі еуропаланар еді. Еркін, диалог үлгісіне енер еді. Апайдың сабақ өту әдіс-тәсілін Еуропа елдері қолданады. Қысым мен шекара жоқ, еркіндік бар. Алдына келген баланың өз ойын еркін жеткізіп, дамуына жағдай бар.

Апайдың сабағында үрей мен ыңғайсыздық сезімі жоқ, керісінше ынта мен қызығушылық арта түсіп, апайдың берер біліміне қанық болсам екен деген ынта-тілек бар. Сабақтың қалай аяқталғанын білмей, келесі топ келгенде бір-ақ тұратынбыз. Одан бөлек, Жамал апай топтағы қыз балаларды жанына ерекше жақын тартып, аналық ақылын, өмірден білген-түйгенімен жиі бөлісетін. Аналарымыздың бізден алыста екенін көріп жүргеннен бе, әлде апаймыздың өзі білімді де, білікті, әкесінің еркесі, әрі көпбалалы ана – Ақмаралдай әпкемізді тәрбиелеген аналық махаббатының ықпалы ма?! Апаймыздың қыз балаға, анаға берер тәрбиесі керемет болатын. «Қыз мұраты – кету» деп жасы 25-тен асқан қызды еркелетіп, көңіліне қарап, ана болу бақытының керемет екендігін айтып, тұспалдап ой салады, аналық ақылын айтады. Тұрмыстағы қыздарға ана бақытынан асқан бақыттың жоқ екендігін, отбасы беріктігі, ер мен әйел арасындағы үйлесімді жеткізіп отырады. Апай алдына келген білім алушыға педагог ғана емес, психолог табола біледі.

Жамал апай – Зейнол ағамыздың (З.Бисенғали, бұл кісі де ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор) өмірлік жары, Кенесары ағамыз бен Ақмарал әпкеміздің аяулы анасы, немерелерінің сүйікті әжесі. Қазақ лингвистикасындағы алдындағы буынның еңбегін жалғаушы, өзінің артынан еріп келе жатқан жастардың қамқор жанашыр ұстазы. Қазақ тіл білімі әлемінде ортасына ғылым жолындағы еңбегімен сыйлы, нәзік әйел заты болғанымен, ғылым жолында нағыз майталман.

«Досы көппен – сыйлас, досы азбен – сырлас» демекші, апайды танып білген жан сыйласуға асығады. Жамал апайдың бір бойынан тек жағымды образдар, көңілге жылу орнатар ыстық ілтипаттар ғана көрініп тұрады. Ғылым мен өмірдегі достықтың образын сыйлаған – апайыма мың да бір алғыс.

Қазақ жазушысы Ғ.Мүсіреповтің: «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те. Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе? Дүниеде әйелді құрметтеп, әйелді нұрға бөлейік те. Әйел – Ана, дүниедегі жалғыз күш қой. Оның алдында Азияның айбарлы арыстаны Темір де, Темірді жеңген өлім де басын иеді! Бас иейік те, құрметтейік те ұлы адамдар тапқан ананы! Ескендір мен соқыр Гомер де ананың баласы. Бәрін де дүниеге жетектеп әкелген ана. Ананың ұлы орны әрқашанда өзінікі!» – деген кемеңгер сөзіне қалайша тамсанып, қалайша тәнті болмайсың?!

Қыз баласы өз өмірін ошақ қасы, отбасына арнап та өткізеді. Бірақ Жамал апайымыз өмірінің мәнін – отбасы, өзімен сыры да, өмір жолы да бір әдебиетші, өзіме төрт жыл ҚазҰУ шаңырағында білім берген ұстазым – Зейнолла ағамызбен, ұл-қызымен, немерелерімен қоса, қазақ ғылымымен толықтырды. Жамал апайымыздың жетекшісі, академик Ә.Қайдардың «Ғылымдағы ғұмырдың ғибраты» атты кітабында «Шәкірттер туралы бірер сөз» деген бөлім бар. Сонда: «Қос дәрежелі» – әрі кандидат, әрі доктор, оның үстіне «қос профильді» – әрі түбір сөз әрі этнолингвистика проблемасынан бірдей қорғаған шәкірттерімнің бірі – Жамал Манкеева. Жамалдың да ғылымда әлі біраз жерге шабатын мүмкіншілігі бар», - деп 2000 жылдары өз бағасын беріп, үлкен үміт артқандығын білеміз. Ұлттық ғылым академиясының академигі даярлап шығарған шәкірті бүгінде ғалым, ұстаз, педагог. Әбдуәли ағамыздың өзі айтқандай, «бала шәкірттерінен» «немере шәкірттері» түлеп ұшуда. 70 жасына дейін жиырмадан астам ғылым докторы мен кандидатын даярлап, қазіргі жаңа үлгідегі PhD докторанттарды да шыңдап келеді.

Бір шәкірт ұстазынан тек білім алар, ал тағы бірі ұстазынан біліммен қоса тәлім-тәрбие де алар. Қазақ ғылымында, соның ішінде, тіл білімі саласын өз өмірінің бір бөлшегі етіп жүрген ғалым-аналарымыз санаулы. Ғалым-апамыз Рабиға Сыздықтың өкшесін басып келе жатқан институтымыздың нәзік жаны - Жамал апайымыздан білім, өмірлік сабақ алып келемін. Апайдың ең жас шәкірті менмін. Мақтанышы мен сүйкімді шәкірті бола аламын ба, жоқ па, ол – уақыт еншісінде. Бірақ сізге шәкірт болып, сіздің жылы көңіліңізді саялағалы – сабырлық, ұстамдылық, жылылықты үйреніп үлгердім. Көп тыңдап, аз сөйлеу. Әр қадамды аңдап басу. Адам баласына жылу беріп, аялы алақанның жылуымен баурап алуды меңгердім. Үлкенге деген құрметті, кішіге деген ізетті, ер азаматқа деген сыйластықты, балаға деген махаббатты, өз ортаңа берер ілтипатты сіздің бойыңыздан көріп келемін, көргенімді жадыма түйіп келемін.

Міне, Жамал Айтқалиқызы, менің ұстазым 70 жасқа келіп отыр. Қазақ ғылымына береріңіз таусылмасын, соңыңыздан ерген біз, өзіңізден ғылым мен білім нәріне сусындап, сүбелі ойларыңызды жалғаушы ұрпақ бола білейік.

Айнұр АҚКӨЗОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың PhD докторанты