ЖЕҢІСКЕ - 75 ЖЫЛ: ҚҰДАЙБЕРГЕН ЖАНСЕРІКОВ БАТЫР АТАҒЫНА ЛАЙЫҚ ЕДІ

Уақыты: 08.05.2020
Оқылды: 1513
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қанша үйдің ұрлап адамын,

Қанша үйде сөніп қалды оттар?!

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан солдаттар?!

Сырбай Мәуленовтің осы өлеңін оқыған сайын көзге жас келеді. Соғыстың қасіретті көрінісі көз алдымызға келеді. Осындай қиын-қыстау кезеңде Отан үшін от кешіп, жеңіс туын желбіреткен ардагерлер ерлігі біздің жүрегімізден, ой-санамыздан ешқашан өшпек емес.

Деректерге жүгінсек, 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атаныпты. Оның ішінде қазіргі мәлімет бойынша, 105 қазақ кеудесіне Алтын Жұлдыз таққан. Батырлар саны жөнінен ұлтқа жіктегенде, орыстар бірінші, украиндар екінші, беларустар үшінші, еврейлер төртінші, қазақтар бесінші тұр. Қазақтардың саны бұдан да көп болар ма еді, кім білсін? Өйткені, соғыс кезіндегі аласапыранның салдарынан ба, әлде қолдан жасалған қысастықтан ба, бірқатар қазақ батырының есімі кейіннен ғана белгілі болып жатыр. Сексенінші жылдары 96 қазақ Батыр атағын алған деп айтылушы еді. Кейін іздестіріле келе 105 Кеңес Одағының Батыры шыққан деген дерек тіркелді.

Рейхстагқа бірінші болып Ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев екені тарихта белгілі. Бірақ Батыр атағын Кантария мен Егоров алды. Берлинді бірінші болып бомбалаған Біләл Қалиевтің есімі ескерусіз қалды. Мерген қазақ Төлеуғали Әбдібеков 395 дұшпанның көзін жойған. Фашистер оны «қара өлім» деп атаған. Бірақ оған да Кеңес Одағының Батыры атағын қимады. Ал Кеңес Одағының Батыры атанған В.Зайцев 255, Ф.Смолячков 125 фашисті ғана атып өлтірген.

Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ал Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, өкінішке қарай, оны кеудесіне таға алмай кеткендер де көп. Сондай батырлардың бірі өз ауылымызда, өз арамызда жүргенін білмей де қалыппыз. Ол Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, бірақ оны ала алмай кеткен Құдайберген Жансеріков еді.

1914 жылы Талғар ауданы Панфилов ауылында дүниеге келген. 1939 жылы әскерге шақырылып, Текелі қаласында әскери борышын өтеген. Құдайберген Жансеріков 1941 жылы 20 шілдеде Алматы аудандық әскери комиссариатынан әскер қатарына шақырылды. Ленин орденінің иегері Чернигов Қызыл Тулы 77-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 86-шы жеке гвардиялық саперлік батальонында болды.

Марапаттау парағынан: «Дивизиясының бөлімшелері Висла өзенінің арғы бетіне жылдамдатып өту кезінде Джансериков жолдас паромды жүргізушілер арасында жұмыс істеді. Үздіксіз арт-миномет атқылауы кезінде ол мүлдем ауызсусыз 13 рейс жасады, паром екі рет снарядтардың ұшқындарымен зақымдалды, сонда Джансериков жолдас қауіптілікті елеместен, әр жолы зақымдарды жойды. Өз батылдығымен және батырлығымен Джансериков жолдас паромдағы жауынгерлерді қойылған тапсырманы орындауға тартты. Қысқа уақыт ішінде Джансериков жолдас жұмыс жасаған паромда оқ-дәрі тиелген 6 автокөлік, 8 76м/м зеңбірек және 250 жаяу адам жіберді. Кеңес Одағының Батыры атағын беруге лайық». Бірақ ол тек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Екінші рет оны 1945 жылғы ақпан айындағы шайқастарда көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды.

Марапаттау парағынан: «Джансериков жолдас жаудың жауып жатқан отының астында сым қоршауда екі өткел жасады, Радом қаласына жақын орналасқан танкілермен қатар жүріп, жаудың отының астында біздің танктеріміздің алға жылжуын қамта­масыз ете отырып, мина алаңында өткел жасады. Одра өзеніне жақындағанда, құрамында Джансериков болған рота Тенчин деп аталатын жердің маңайында көпір салу тапсырмасын орындау барысында, жау шабуыл жасады. Батылдық пен батырлықты көрсете отырып, Джансериков жолдас қарсыластың тылына жасырын кіріп, автоматтан от жаудырып, осылайша шабуыл жасаған жауға үлкен шығындар әкелді. Джансериков жолдас жеке өзі 15 немісті өлтірді». Нәтижесінде ол екінші рет Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Берлинде жан беріп-жан алысқан ұрыста Жансеріков Құдайберген аяғынан ауыр жараланады. Бұл 1945 жылдың сәуір айы болатын. Берлиннен жараланған жауынгерлермен бірге пойызбен Мәскеу қаласына әскери госпитальға жөнелтіледі. 1947 жылы өз Отанына оралады. 1993 жылы қайтыс болып, сүйегі Панфилов ауылынан Алматыға шыға берістегі зиратқа қойылған.

Қазіргі күні Алматы қаласында тұратын келіні Нұрипа Бөшетайқызының қолында өте құнды құжаттар көп. Шынымен де, елін, жерін тебірене сүйген адам ғана батырға айналады.

Көңілге көп тоқыған, 
Кәрі-құртаң ашынды. 
Қара қағаз оқудан, 
Сауатымыз ашылды,
– деп Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, Ұлы Отан соғысы, ондағы Жеңіс талай адамның тағдырын күрт өзгертті, талай жанның өмірін үзді. 

9 мамыр – фашизмді жеңген қаһарман халқымыздың айтулы мерекесі. Ешқашанда жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің ерен ерліктері ұмытылмайды. Сол сұрапыл соғыста батырларымыздың сақтап қалған байтақ жері бүгінгі күні дүниежүзі таныған, әлем мойындаған мемлекет болып қалуы біз үшін үлкен мақтаныш, жетістік. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Нұрипа ЖАНСЕРІКОВА,

Абай ЖҰРЫНОВ