"ВОЛГА ӨЗЕНІ БӨЛІП ТҰРҒАН": БІР МАЙДАНДА ҚАН КЕШКЕН ӘКЕ МЕН БАЛА

Уақыты: 11.05.2020
Оқылды: 1297
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қазақ тарихындағы әйгілі «Аңырақай шайқасында» ерен ерлік танытып, аты аңызға айналған Сәмен батыр Шпекбайдың түп атасы. Әйгілі Төле би бабамыздан: «Атың төрт рулы елге жауынгерлік ұран болсын!» – деген бата алған баталы ер Сәменнің ұрпағы Мұсахан Шпекбайұлы көзі ашық, көкірегі ояу, ел-жұрты мен әулет болашағын ойлаған жан болатын. «Іріден қалар із де ірі» демекші, оның ірілігі өмірінің жалғасы, жалғыз ұлының амандығы үшін жасын кішірейтіп, өзі сұранып қан майданға аттанғандығында жатыр. Аты аңызға айналған батырдың ұрпағы үшін бұл қалыпты жағдай. Дегенмен, мұндай жанкештілікке егде жастағы кез келген әкенің батылы бара бермейтіні ақиқат. Бізді тебірентіп, жанымызға жылы леп құйғаны әкенің балаға деген шексіз махаббаты еді.

Ел басына күн туған, қаралы жылдарға қайыра бір қарасақ, көз алдымызға жалғыз ұлына деген сағыныштан жанын қоярға жер таппай, тағатсыздана майданға аттанған әке, ұрпақ жалғастығы жолында өзін құрбандыққа шалуға тәуекел еткен абыз ата келеді. Бауыр еті баласының амандығы үшін оқ пен оттың ортасына өз еркімен аттанған Мұсахан Шпекбайұлының баласы Жатқанбай жүрген майдан шебіне түсу-түспеуі неғайбыл. Соған қарамастан ұлының амандығын тілеп, майдан даласында кездесіп қалуды аңсап, армандаудан танбайды. Бір қызығы, әке мен бала Сталинград майданында қазылған окоптарда қатар жүреді. Тіпті, бір-біріне жақын екі госпитальда бір уақытта ем алады. Ол жайында естелік айтқан Бақыт Жатқанбайқызы былай дейді:

– Атам госпитальға түскен тұста әкем жеңіл жарақатпен Энгельс қаласындағы госпитальда екі аптадай емделеді. Әкем мен атам жатқан госпиталь арасын Волга өзені ғана бөліп тұрыпты. Әкем жарықтық көзінің тірісінде: «Әкемнің сол жерде жатқанын естігенімде Волга өзенінен жүзіп өтсем де барып қайтар едім» – деп өкініштен аһ ұрып еді. Алайда, әкесінің жай-күйінен бейхабар болған. Атамның соғыста қаза тапқанын әжемнен хат арқылы естіген.

Соғыста табандылық пен қайсарлық үлгісін танытқан Мұсахан Шпекбайұлы Сталинград майданында ауыр жараланады. Майдан даласынан Саратов қаласындағы госпитальға жеткізілген батырдың ұрпағы ауыр жарақаттан айыға алмай, қайтпас сапарға аттанады. Қатарластарының арасында ерлігімен көзге түскен жауынгерге берілген «Ерлігі үшін» медалі 70 жылдан кейін белгілі болды. Отан қорғауда және әскери парызды орындау кезінде көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін берілетін КСРО-ның мемлекеттік наградасы иесін таппай мұрағатта ұзақ жатады. Алла Тағаланың жазуына не шара, осылайша әке мен бала аз уақытқа болса да қауыша алмай мәңгілікке айырылысады.

Алматы қаласының іргесіндегі Қаскелең ауданының Абай ауылында туып-өскен Шпекбаевтар әулеті ежелден осы өңірді мекен етіп келеді. Ата-бабаларының үйлері де, жайлау-қыстауы да осы маңда. Сегізінші сыныптан соң Алматыдағы мұғалімдер даярлайтын техникумға оқуға түскен Жатқанбай Мұсаханұлы бірінші курста Қызыл армия қатарына алынады. Әскерде үлгілі тәртібімен, шымыр денесімен, бойындағы бұла күшімен, солдат тәртібіне бейімділігімен және орыс тілін үйренуге деген құлшынысымен басшылардың көзіне түсіп, төменгі шенді командирлер даярлайтын курсқа жіберіледі. Әскери оқуды ойдағыдай тамамдап, сержант шенімен взвод командирінің орынбасары қызметіне тағайындалған ол Отан алдындағы борышын ойдағыдай аяқтап, туған жерге оралады. Ел тірлігіне енді араласа бастағанда соғыс өрті бұрқ етіп, алғашқы дүрмекпен майдан даласына аттанып кете барады.

Соғыстың алғашқы ауыр кезеңінде көп шығын шеккен КСРО әскері шегіне отырып, ұрыс салды. Ұрысқа Украинаның Терновая теміржол бекетінде қосылған Жатқанбай Мұсаханұлы Харьков қаласына таяу жердегі Уразова қаласының маңындағы елді мекен үшін кескілескен ұрыстың үстіне түседі. Терновая бекеті үшін болған қанды қырғын тұп-тура 13 күнге созылып, Алматыда құрылған 38-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлері қорғанысты жанкештілікпен ұстап тұрды. Бірақ жанталасқан немістер айла асыру үшін Кеңес жауынгерлеріне дауыс жетер жерден дауыс зорайтқышпен берілуін сұрап, үздіксіз саңқылдайды. Онымен қоймай самолетпен листовка жаудырды. Фашизмнің осындай жойқын шабуылына төтеп берген кеңес әскері Отан үшін өліспей-беріспеуге бекінеді.

Дондағы Ростов қаласындағы шайқаста кері шегінуге мәжбүр болған Кеңес армиясы амалсыз Сталинград бағытына ығысады. Шегіне ұрыс салған жауынгерлер Дон өзеніне жақындаған неміс-фашист басқыншыларына тегеурінді күшпен қарсылық көрсетіп, жауды соңғы демі қалғанша қайтаруға тырысты. Осы қанды қырғынның қақ ортасында жүрген Жатқанбай окоптардан атылған автомат даусының сирегенінен қаруластар қатары селдірей бастағанын білді. Басын ажалға тігіп, жер бауырлап жау танкісін гранатпен жалынға көмген қаруластарының окопқа аман жетуіне көмек беріп жатқанда взвод командирі жараланады.

Әскери жарғы бойынша басшылық етуді орынбасары алатындықтан Жатқанбай жауапкершіліктің артқанын сезініп үлгермеді, қарсы алдында шынжыр табанды бір танк салып ұрып келеді. Аузы үңірейген ұңғысын оңды-солды сумаңдатқан тажал жолдағыны таптап, баса-көктеп өтеді. Ақырғы гранатаны қолына алған ол окоптан ырғып шыққан бойы темір табанды тажалға қарсы жер бауырлай жөнелді. Бар күш-жігерін жинап, гранатасын құлаштай сілтеп, дәл тигізді. Бір ырғалып, орында тұрып қалған танкіден шығуы тиіс немістерді көздей бастаған.

Сол кезде автоматын сартылдата жөнелген Саша екі қадам жерде жау әскерін баудай түсірді. Бұл автоматын қайта оқтауға еңкейіп, окоп түбінде топыраққа көмілген жәшікке қол салып, іштей: «Оқ азайып қалыпты-ау» – дегенінше гүрс еткен дауыс естілді. Дәл тиген оқтан Саша бір жағына қисая берді. Қаруласының автоматын алған Жатқанбай окоптың оң жағына орын ауыстырып, оқ жаудыра бастады. Соңғы оқ, соңғы демі қалғанша соғысуға бекінген.

«Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деген, сол жолы да ұрыстан аман-сау шыққан кейіпкеріміз Сталинград шайқасында бір төбеге бекінген неміс әскерін жеңгенде бір бұрышқа үйілген тамақ қорын көреді. Бірнеше қабатты қағазға мұқият оралған қара нанның сыртына «зауыттан шыққан кезі 1935 жыл» деп жазылғанын көргенде таңғалады. Өркениетті елдің әскерінде «қосымша қор» болатындығын кейін білген ол жауынгерлік рухтан жоғары ештеңе жоқ екеніне талай рет көз жеткізді.

Сол жолы полк әскерін бір қадам да ілгері бастырмаған жау әскері биік төбеге бекініп, талай боздақты қыршынынан қиды. Полк командирі шақырғанын естіген взвод командирі Жатқанбай Шпекбаев өздерін аса жауапты міндет күтіп тұрғанын сезді. Өйткені, әдетте тапсырманы рота не батальон командирі беретін. Бұлар келгенде картаны алдына жайған полк командирі Сталинградқа қарай өршелене жылжыған жауға биік төбеде орналасқан бекініс қалқа болып тұрғанын түсіндіріп, биіктегі бекіністі Жатқанбайдың взводы алуы керектігін жеткізді.

Жағалай қалың ағаш өскен төбеге жер бауырлай ұмтылған кеңес әскерін байқап қалған немістер оқты жаңбырша жаудырады. Ілгері жылжу мүмкін емес. Автоматпен нысана көздей бергені сол еді, Жатқанбайдың каскасына ауыр соққы сарт етті. Қаттылығы сондай, құлағы тұнып, есеңгіреп қалған кейіпкеріміз каскаға тиген оқтың жанындағы ағаштың қапталын осып кеткенін көрді. Кері шегініп, айлаға көшпесе тіке шабуылмен жаудың алдырмасына көзі жетті.

«Білекті бірді, білімді мыңды жығатынын» жақсы білетін Жатқанбай соғыс тактикасын күрт өзгертіп, взводтың үш бөлімшесіне төбеге ракета атылғанда үш жақтан бір сәтте «уралап» шабуыл жасауды бұйырды. Бір бағытты нысана еткен немістер сонда сасып қалатыны анық. Взвод командирінің бұл ойы айна-қатесіз дәл келді. Ракета атылысымен: «Уралап!» лап қойған кеңес әскеріне қарсы немістер еш қимыл көрсете алмады. Отты ұяға айналған окопқа қарғыған жауынгерлер лезде жеңіске жетіп, өз тілінде «атпаңдар» деп жалынған немістерді қолға түсірді.

Көзсіз ерлігі мен тосын тапқырлығына тәнті болған полк командирі Жатқанбай Шпекбаевты қысқамерзімдік командир даярлайтын курсқа жібереді. Мәскеу түбіндегі ауыр шайқастарда тәжірибе алып, ысылған Жатқанбайға қысқамерзімді курстан кейін «кіші лейтенант» атағы беріліп, рота басқару жауапкершілігі жүктелді. Одан бөлек түнделетіп, қарсы жақтың шебінен неміс офицерін тұтқындап әкелгені үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталып, әскерилер арасында мерейі үстем болды.

Баласының маңдайынан иіскеп, құшағына баса алмай арманда кеткен әкесі Мұсахан Шпекбайұлының тілегі Алланың қалауымен қабыл болып, қанқұйлы соғысқа бозбала күйде аттанған Жатқанбай 1947 жылы туған жерге оралып, бұйырған дәм-тұзды тату бақытын көрді. Отбасын құрды, өсіп-өнді, бала-шағалы болды. «Орнында бар оңалар» демекші, бүгінде жалғыз ұл Жатқанбайдан тараған Мұсаханның үрім-бұтағы еліміздің әр өңірінде абыройлы еңбек етіп келеді. Соғыс ардагері Жатқанбай Мұсаханұлының артынан ерген ұл-қызының алды әке берген тәлім-тәрбиені, үлгі-өнеге мен адалдықты ту етіп, ақ шашты ата, ақ жаулықты әжеге айналды. Ондаған немере, шөбере сүйіп отыр.

Жеңіске 75 жыл толды. Бұл абыз атаның ғұмырына татырлық уақыт. Содан бері қаншама ұрпақ жаңарды?! Алайда ел мен жер, Отан үшін жасалған ерлік ешқашан ұмытылмақ емес. Жанқиярлық ерлігімен Жеңіс туын желбіреткен майдангерлерге мың тағзым.

Аршагүл ТОЙБАЕВА,

журналист, «Анаға құрмет» музейінің меңгерушісі