Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

БАТЫҚ МӘЖИТҰЛЫ: "БАЛАЛАРЫМДЫ ЖУРНАЛИСТИКАҒА ЖІБЕРГІМ КЕЛМЕГЕН"

Уақыты: 27.06.2020
Оқылды: 470
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

«Әкелі-балалы журналистер» деген тіркес шынында қызық естіледі. Неге олай болуы керек? Әлде «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арбаның солай жүруінен» туған таңдау ма? Бірақ ол ешқандай қисынға келмейді. Мәселен, кәсіпкерлікті жалғастыруға баласының мүмкіндігі бар, ал мамандықпен ғана шектелмейтін журналистік жұмыстың жөні бөлек. Осы орайда Мәжит атадан тараған Батық ағаны және ол кісінің балалары – Бағдат пен Болатты әңгімеге арқау еттік.

Қаламгерлік ұрпақтан ұрпаққа өтетін мұрагерлікке жатпайды. Себебі, әкенің бойындағы шығармашылық қабілет баласында болмауы мүмкін. Әрине, тұқымы жақсының тумысы да жақсы. Алайда ол басқа қырымен көрінеді. Журналистің баласы білікті мемлекет қызметкері, қаржы саласының майталманы немесе елге сыйлы дәрігер мен мұғалім атануы ғажап емес.

Менің бір білгенім, журналистер мен жазушылар ұл-қыздарын өзінің жолынан аулақтатуға тырысқан. Қалам ұстаудың аса қиын екенін білгендіктен солай шешкен.

Жазу – рухани құндылық. Оның қалың оқырманға ұнауы басты шарт. Осы міндеттер ойдағыдай орындалмаса ойлағанның бәрі бекер. Жүрекке салмақ түсіретін жауапкершілік жүгін баласы әкесіне ұқсап арқалай ала ма? Журналист әкелер үшін көңілді алаң ететін мұндай сұрақтар көп-ақ.

– Қандай кәсіп болмасын, оған машықтануға болады. Қазақ оны «адам істегенді адам істейді» дейді. Ұстазы көмектеседі, шәкірті жаттығады. Сөйтіп, жүріп ел қатарына қосылады. Ал оған көнбейтін кәсіп бар, соның бірі – журналистік. «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» дегендей, журналистік қызмет те жеке-дара ой мен қабілетке негізделеді. Оларды жеке батыр болып күн кешетін жандардың нақ өзі дерсіз. Себебі, бұл істе өзің ғанасың, ешкім саған қол ұшын бере алмайды. Оқу мен ізденудің арқасында теориямен мықтап қарулануың мүмкін. Алайда көргеніңді қорытып, іздегеніңді зерттеп, оның бәрін ақ қағазға кестелеу – қиынның қиыны. Әдемі жазумен жұртты әсерге бөлеу – қаламгерлік қабілеттің қуатына байланысты. Абай атамыздың сөзімен айтсақ «Өнерпаз болсаң, арқалан!» Шабыттың пырағын қамшылауға шамаң жете ме, жетпей ме? Мен де балаларымды журналистикаға жібергім келмегені сондықтан еді. Бірақ болмады, – дейді «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Батық Мәжитұлы журналистік қызметтің үлкен мектебінен өткен қарымды қаламгер. 1977 жылы ҚазМУ-дың күндізгі бөлімін бітіріп, еңбек жолын Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетінен бастапты. Мұндағы орта жас жігітке оң әсер берген.

Өйткені, осынау шағын газеттің тарихы қастерлі. Редактор Әлнұр Мейірбековтің мектебі екінші университетке айналған. Дарынды жетекші өз ерекшелігімен баршаны тәнті етті. Ел ішінен жас таланттарды іздеп, оларды редакцияға әкелді. Қаламгерлікке, ізгілікке тәрбиеледі. Нәтижесінде қанаты қатайған бір шоғыр үлкен жұмыстарды игеруге жарады. Газеттің сапалы шығуын қалыптастырды. Соның арқасында «Советтік шекара» өз кезіндегі бүкілодақтық сыйлықпен марапатталған. Олардың іс-тәжірибесі журналистика факультетінде арнайы оқылды.

Қарасаздан қызметке шақырылған екі жігіт редакциядағы аламан жарысты қыздырған екен. Қалғандары соларға қарап сап түзеп, шабыт-тұлпарларына қамшы басқан. Аталған жүйріктер – Мұқағали Мақатаев пен Еркін Ібітанов еді. Әлемдік классиканы меңгеруге бет бұрған қос тарлан «Советтік шекара» үшін үлкен олжа болды. Жауапты хатшы Мұқағалидың «Аппассионата» дастаны, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Еркін Ібітановтың «Қойшылар» поэмасы осында жазылыпты. Сағат Әшімбаев, Баққожа Мұқай, Айтақын Әбдіқал, Тұрлыбек Мәмесейіт, Жанболат Аупбаев, Рысбек Сәрсенбайұлы секілді талантты жастар «Советтік шекарамен» тығыз байланыс орнатты. Газет қызметіне белсене араласты. Бұл оқиғаларды Батық аға мақтанышпен еске алады.

Шелек аудандық «Еңбек туы» газетінде редактордың орынбасары болған жылдары да өрлеу сатысына айналды. Батық Мәжитұлы одан кейін республикалық ұлттық-саяси «Ақиқат» журналында бөлім меңгерушісі қызметін істеді. Жұмабек Кенжалин, Жанболат Аупбаев, Ғарифолла Есім, Талас Омарбековтермен тізе қосып еңбек етті. Ахат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбек секілді бас редакторлардың алдын көрді, ақыл-кеңестеріне қанықты. 2001-2006 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы тілшісі болды. Облыс орталығы Жетісудың кіндік қаласы Талдықорғанға көшкен кезіндегі ақжолтай материалды қазақ жұртына бас газеттен хабарлаған қуанышты сәттерін әлі ұмытқан жоқ.

– Менің екі ұлым – Бағдат пен Болат ес білгелі газет өмірімен бірге өсіп, біте қайнасты. Баспахананың майлы бояуларын иіскеді. Түн жарымына дейін созылатын кезекшіліктерді көрді. Машинканы шықылдатып жататын әкесінің жұмысына қызығып қарайтын. Әлнұр Мейірбеков, Еркін Ібітанов секілді аталарының алдына отырып еркеледі. Ақ батасын алды. Қазақшалап айтқанда, қалам ұстаған үлкендер олардың аузына түкірді.

Атасы Мәжит көне шежірелерді қызықты етіп шертетін. Өлкетанудың қыры мен сырын әңгімелуден жалыққан емес. Апасы Әлиман немерелерім тыңдасын деп қиссаларды жатқа айтатын. Үйімізге келген қаламгер қонақтардың сөздеріне құлақ түретін. Осының бәрі балаларыма әсер бергені анық, – дейді Батық ағамыз.

Үлкен ұлы Бағдат Мәжит «Алматы ақшамынан» бастау алып, қаламгерлік істі «Ұланда» жалғастырды. Балалар мен жасөспірімдер газетінің бас редакторы болды. Қазір «Балдырған» журналы бас редакторының орынбасары. «Балдәурен» атты әңгімелер жинағы жарық көрді. Балалар әлеміне дендеп еніп, балалар әдебиетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген қаламгерге айналды.

– ХХІ ғасыр балаларының тілін табу оңай емес. Олар айналасына әлемдегі құрдастарының көзімен қарайды. Сондықтан біз жаңашылдық пен ұлттық тәрбиені сәтті ұштастыруға тиіспіз. Балалар басылымының журналистері келешек үшін еңбек ететін қайраткерлер. Жүгіміздің екі есе ауыр болатыны содан, – деді Бағдат көңілді жымиып.

Болат мектеп бітіргенде оған: «Саған журналистиканы таңдатпаймыз, балалық жасама. Бұл шаңырақтан басқа мамандықтың иесі шықпауы керек пе?! Ол бәрімізге сын. Сөзді қойып, Алматы технологиялық институтының кондитерлік және нан пісіретін бөліміне құжатыңды тапсыр. Нан – мәңгілік тауар», – деп ата-анасы кенже ұлына өз үстемдіктерін жасаған екен.

Болат үлкендердің тілін алды. Оқуға мемлекеттік грантпен қабылданды. Оны өте жақсы бағамен бітірді. Тіпті, «Рахат» кондитерлік фабрикасына жұмысқа да орналасты. Бірақ кәсіпкерге лайық мамандықты игерсе де, өзі жастайынан көңіл құлатқан жазуды бәрібір қоя алмады. Кезі келсе ағасына көмектесіп жіберетін. Әкесінің қолы тимей жатқанда тапсырмасын тастай етіп орындап, жазған материалдарын мұқият оқып шығатын. Тіпті, кейбір жерлерін редакциялап та жіберетін. Ептілігіне сүйінген әке: «Сен өзің технологсың ба, жоқ, журналиссің бе?» деп оған қалжыңдайтын көрінеді.

– Мен туабітті журналистпін ғой дегенді әкеме осылай білдірдім. Бірде салқын тиіп қатты ауырдым. «Шілдеде қайдағы суық?» деді әкем. «Сенбесеңіз фабриканы өзіңіз көріңіз» дедім. Шынында да солай етті. Мұндағы жұмыс технологиясы қызық, бір бөлме ысып тұрады, екіншісі кәдімгі тоңазытқыш секілді. Осы екеуінің арасында жүріп суық тигізесің. Содан кейін әкем қатты ойланды. Нәтижесінде «Енді қалам ұстауыңа рұқсат!» деді. Айнымаған адам арманына жетеді екен, – дейді Болат.

Болат Мәжит он жеті жылдай уақыт «Жетісу» газетінің тілшісі. Еңбекшіқазақ ауданынан, Алматы қаласынан сүбелі материалдар ұйымдастырады. Танымдық мақалалары, қызықты сұхбаттары оқырманнан лайықты бағасын алып жүр.

– Бас редактор Жақыпжан Нұрғожаев ағамыздың тәлімін көп көрдім. Бүгінде қалыптасқан сол дәстүрді Әміре Әрін ағамыз сәтімен жалғастыруда. «Жетісудағы» әріптестерім шетінен ойы ұшқыр, қаламы жүйрік. Ең бастысы, біздің ұжым бір үйдің баласындай тату-тәтті. Сондықтан, жүз жылдық тарихы бар газеттің журналисі болу – мен үшін үлкен мақтаныш. Ал үйімдегі, үнемі өзім қасында бірге жүретін бас редактордың – әкемнің жөні де, жолы да бөлек. «Өзіңді аямасаң, оқырман саған алғыс айтады» дейтін қағиданы әкем үнемі құлағымызға құяды. Біз әке мен бала болып қана қалмаймыз, әріптеспіз де. Пікірлесеміз, бәсекелесеміз, кейде дауласып та қаламыз. Ең соңында екеулеп отырып ақиқаттың түйінін табамыз. Осының бәрін үйреткен әкемнің өзі, – дейді Болат.

Батық Мәжитұлы жетекшілік ететін «Мұқағали» журналына биыл 15 жыл толды. Бүгін шығармашылығының негізін қалап, ақын атындағы басылымды кемел биікке қалай көтерудің сыры белгілі болғандай. Ол – Бағдат пен Болаттың әке жолын ардақтауы, әкесіне көмектерін көрсетіп, қолдауы. Жетісу жұртының Мәжит ата әулетіне құрметпен қарайтыны да сондықтан.

Серік САТЫБАЛДИЕВ