ЖАРҚЫН БЕЙНЕ

Уақыты: 24.07.2020
Оқылды: 1487
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жалған дүние. Бабаларымыз жалт етіп өте шығар ғұмырдың өлшеулі екенін осы бір-ақ ауыз сөзге сыйғызып кетіпті. «Өмір деген бір жарқ еткен найзағай» дегенде ақиық ақын Мұқағали да фәнидің өткінші екенін меңзепті. Тағдырмен бетпе-бет келгенде осы сөздердің салмағын бұрынғыдан да терең сезіне түседі екенсің.

Сенімді серік

Күні кеше ғана арамызда жүрген жайсаң жан, абзал азамат, іскер әріптес Серікжан Ісләмұлы Бескемпіров туралы осылай естелік жазамын деп ой­­ламап едім... Біз Серікжанмен бір ба­ғыт, бір мақсатқа жұмылған, ті­лек-ниеті ортақ үзеңгілес, әріптес, жол­дас болдық. Ол өмірлік жолын қара­пайым жұмысшыдан бастап, түрлі лауазымдық баспалдақтардан өтті. Облыс әкімінің орынбасарлығына де­йін тәжірибені тірнектеп жинады, қиын­дыққа шыдай жүріп шыңдалды.

Елбасы Жетісу өңірінің бір кездері даңқы өрлеген қант қызылшасын, жү­герісін, алма бақтарын қайта жандан­дыруды тапсырып, алдымызға үлкен мін­деттер жүктегенде, ол менің жаным­нан табылды. Маған Елбасының осы артқан жауапты жұмыстарын же­тік жүргізе алатын, абыроймен адал орындайтын сенімді көмекші қа­жет еді. Өзімнің мамандығым – құры­лысшы. Сондықтан мен бұл істі мал мен егіннің жайын жақсы білетін, ша­руашылықтың жағдайын түсінетін біл­гір де сенімді қолға тапсыруым керек болды. Сол кезде тәжірибелі маман ре­тінде Серікжан Ісләмұлына қолқа са­лып, ауыл шаруашылығы саласына жетек­шілік ететін орынбасарым болуын ұсындым. Ол сол сәттен күні кешеге дейін сенімді серік, орнықты басшы, ұтқыр ұйымдастырушы бола білді.

Оның үстіне Алматы облысы – ин­д­устрияға бет бұрғанымен, бағзыдан бері ауыл шаруашылығына арқа сүйеген аймақ. Мұндағы халықтың 80 пайызы ауылдық жерлерде қоныстанған. Бү­гінгі күні республикадағы ауыл шаруа­шылығы өнімдерінің 17 пайызын біздің өңір беріп отыр. Сондықтан облыс­тағы аграрлық саланың шаруасы шаш етектен, ал оған жетекшілік ете­тін адамның жүгі қашанда ауыр және ол жауапты жұмысты кез келген адам алып жүре алмайтын еді. Бұл ретте орын­басар­лыққа Серікжан Бес­кем­піровтей мығым қол, мықты ұйым­дас­тырушыны таңдауымның себебі сол болатын.

Әлі есімде, осыдан бес жыл бұрын күзде ондаған жылдан бері тұралап, тоқтап қалған Ақсу қант зауытына бардық. Жанымда Серікжан бар. За­уыт­тың ішіне кірсек, кептердің саң­ғырығынан аяқ алып жүргісіз, тіпті қа­лыңдығы екі елідей болыпты, құрал-жабдықтар тозығы жетіп тот басқан, бір кездері күнделікті жұмыс кестесі жазылған тақта көне жәдігердей қалқиып тұр. Алғаш көрген адам бұл зауыттың қайта іске қосылатынына бірден сене қоймас еді. Бірақ Серікжан Ақсу, Көксу қант зауыттарының аяғынан қайта тұрып, заман талабына сай жаңарып, жаң­ғыруына білікті жетекші ретінде бастан-аяқ атсалысты. Қазір бұл зауыттар мемлекет қолдауының арқасында өңірдің алдыңғы қатарлы кәсіпорындары сапына қосылып, елдің қантқа деген сұранысын өтеуге үлес қосуда.

Ұтқыр ұйымдастырушы

Серікжан Ісләмұлының жетекшілігі­мен қант қызылшасы, жүгері егу, алма бақтарын өсіру ісі алға басты. Ол алқап­тардағы, қырман басындағы, шалғайдағы жайлау-қыстаудағы жағдайларды көзі­мен көріп, көптің ішінде жүрді. Себебі сонда ғана жұмысы жүрдек, ісі нәти­желі болатынын жақсы білетін. Ша­руашылықтар үшін техникалар сатып алып, сервистік дайындау орталықтарын құрдық. «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деп, арнайы «Алқап күні» шараларын өткізіп, егістік басында тәжірибе алмасулар жасалды. Ирригациялық жүйелерді қалпына кел­тіруге кірістік.

Осыдан үш жыл бұрын Елбасының Жарлығымен жаңа аудан құрылып, Нарынқол өңірінің тамырына қан жүгірді. Жаңа аудан болған соң жол, құрылыс, әлеуметтік сала – барлығын түгелдей жаңадан бастау керек болды. Ұрыста тұрыс жоқ демекші, істі іркіліссіз бастап кеттік. Соның ішін­де орынбасарым ретінде ауыл ша­руашылығын жолға қоюдың тізгінін Серікжан Ісләмұлы қолына алды. Бұ­рын Нарынқолдың картоп өсірумен даңқы шыққаны белгілі. Сол істі қай­та жаңғырту керек деп шештік. Райым­бек ауданында картоп өсіруге арнап СДО-лар құрып, барлық қажетті тех­ни­каларды алып бердік. Элиталық жоғары сұрыпты тұқымдар сатып алып, шаруашылықтарды қамтамасыз еттік. Өткен жылы осы элиталық тұқымның өнімі әр гектарына 300 центнерден айналып, жақсы нәтиже берді. Биыл ауданда 3 мың гектарға картоп себілді. Үкімет тарапынан көрсетілген қолдаулардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылды. Жұмыс іздеп сыртқа кеткен жастар туған жерлеріне оралды. Осы аз ғана уақыт аралығында сол өңірге шамамен 2 мыңдай адам қайтып келді.

Алматы облысының жері сулы, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін. Мұн­дай жер – мал өсіруге нағыз қо­лайлы жер, сондықтан көптеген ша­руашылық атакәсіптен қол үзбей, мал шаруашылығымен айналысып келеді. Мал дегенде оның негізгі өнімі еті мен сүті ғой. Сол шикізаттың өзі са­палы болу үшін мал тұқымын асыл­дан­дыруға ден қойып, бордақылау алаң­дары мен тауарлы сүт фермаларын құрдық. Мәселен, қазір облыс бойынша қуаттылығы 70 мыңға жуық бас, 105 мал бордақылау алаңы, қуаты 25 мыңға жуық бас болатын 80 ТСФ жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі оп-оңай құрыла салған жоқ. Шаруашылықтарға оның тиімділігін түсіндіріп, істі ұйымдастырып, жан-жақты қолдау көрсетіп, қыруар шаруа атқарудың нәтижесінде қол жеткізіл­ді. Соның арқасында жетісулық шаруа­лардың қадамы ұзарды, құлашы жайылды, ісі оңалды.

Осы істердің бәрінің басы-қасында Серікжан Ісләмұлы жүрді. Алматы облысының аграрлық саласы соңғы жыл­дарда жаңа бір межеге көтерілсе, онда білікті ұйымдастырушы ретінде Серік­жан Ісләмұлының да қолтаңбасы бар екенін айтуға тиіспін.

Абзал азамат

Әлемді әбігерге салған тосын індет елге тарала бастаған алғашқы кезеңде өңір­дегі көктемгі дала жұмыстарын ақсат­пай, өз ретімен тоқтаусыз жүруін қамтамасыз етуде алғы шепте жүрді. Сыр­қаты сыр бер­генше бел шешпей еңбек етті. Алайда Алланың ісіне шара жоқ екен, ақыры індет алып тынды...

Бірлесе жұмыс істеген жылдарда ол ме­нен үйренді, мен одан үй­рендім. Құ­рылыспен қатар ауыл шаруа­шылығын да бір кісідей ұғынып, ішкі бағыт-бағ­дар­ла­рына бойлап үлгер­сем, ол да жаным­да Серікжандай іскер аза­маттардың қа­наттаса жұмыс істегенінің жемісі болар.

Ол қандай істі қолға алса да, азаматқа жарасатын абыроймен атқара білді. Екі айт­қызбайтын елгезек, тапсырылған іс­ті тап-тұйнақтай ететін тындырымды, сырт­қа сабырлы, байсалды көрінгенімен, іс­­ке келгенде тынымсыз әрі ширақ бола­тын. Дабырасыз, ұрансыз, үндемей жү­ріп үлкен істерді атқаратын абзал жан еді.

Қазақта «еңбекторы» дейтін жақсы ұғым бар. Істің ыстығына күйіп, суығына тоңған, қиындығын көтеріп, ауырлығын арқалаған азаматтарға қарата айтылатын бұл қадірлі сипаттама – Серікжан Бескемпіровтің де болмысын ашатын, табиғатын танытатын лайықты сөз.

«Жақсы болсаң, жарықты кім көр­мейді» дейді хакім Абай. Жақсы адам айналасындағыларға көлеңкесін емес, сәулесін түсіреді. Серікжан да жанының жарығы мол, көңілі кіршіксіз, маңайына қам­қор, азаматтығы ерек жан еді. Үл­гілі әке, мейірімі мол отағасы болды. Ұрпағының қызық-қуанышына марқая­тын, еңбегінің жемісін көретін жасқа енді жеткенде арамыздан мезгілсіз кетті. Бірге еңбек еткен, замандас бол­ған, жақын араласқан, танып-білген жандардың көңіл төрінде, жүрек түкпірінде Серікжан Ісләмұлының жар­қын бейнесі ұзақ сақталады. Ол басшылық еткен іргелі істердің же­місі мен жеңісін көрген сайын абзал азаматтың есімін еске алып отырарымыз хақ.

Амандық БАТАЛОВ,
Алматы облысының әкімі
Дереккөз: egemen.kz