Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАЛТАЛЫЛАР КӨП, БІРАҚ ОНЫҢ ІШІНДЕ ХАЛЫҚ ҚАМЫН ОЙЛАЙТЫНДАР АЗ

Уақыты: 16.12.2020
Оқылды: 549
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Байлық пен барлық аспаннан өз бетінше жаумайды. Көл-көсір табыс тамшылаған маңдай термен, тынымсыз еңбекпен келеді. Бірақ сол байлықтың туған жердің тұғырын биіктету үшін жұмсалып жатқанын көп көргеніміз жоқ. Осы тұрғыдан келгенде ауылының өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосып келе жатқан Бауыржан Оспанов есімінің ерекше аталатындығы анық.

Расында, біздің елде қалталы азаматтар жетерлік, бірақ халқының қамын ойлаған азаматтардың қарасы неге аз? Неге көбеймейді? Қалталылардың көпшілігі өздерінің кіндік қаны тамған ауылдарына ат ізін салмақ түгілі сол ауылдастырының жұпыны тірлік кешіп жатқанын баяғыда ұмытып кеткен.

Біздің кейіпкердің жолы да, мақсаты мен ұстанымы да ерекше. Ол ауылынан алыс жүрсе де туған мекенін бір сәт те көңілінен шығармаған азамат. «Тау баласы тауға қарап өседі» демекші, Жыланды атты ауылда туып-өскен Бауыржан Оспанов «ZHERSU» атты өндірістік инвестициялық корпорацияның негізін қалап, өркенді істің өзегін жалғап келеді.

Ең алдымен ойға оралатыны – елімізде алғашқылардың бірі болып Лепсі ауылында спорт мектебін салып бергені. Сонымен қатар, Жыланды ауылында спорт кешенін салып, тігін цехын, саябақ, кинотеатр мен физика-математиканы тереңдетіп оқытатын лицейді ел игілігіне тапсырды. Осылайша, есімі елге белгілі кәсіпкер «Жеке бизнестің, үкіметтік емес ұйымдардың, жеке адамдардың әлеуметтік жауапкершілігі әсіресе білім мен спорт саласында айқын көрініс табуға тиіс» деген Елбасының тапсырмасын орындауға сөзбен емес, іспен жауап берді.

Бизнестің сан саласына қан жүгірткен кәсіпкер Алакөл өңірінің тарихын түгендейтін жұмыстарға да қолдау көрсетіп жүр. Бірнеше жыл көлемінде жұртқа танымал тарихшы, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Берік Әбдіғалиұлына қаржылай қолдау жасап, Петербург, Мәскеу, Орынбор, тағы да басқа қалалардағы мұрағаттардан тарихи дерек алғызды. Нәтижесінде, тарихтың біраз жасырын беті ашылды. Осындай игі бастамалар тек Алакөл өңірінің ғана емес, жалпы қазақ тарихын тереңірек тануға мүмкіндік береді.

Алакөлдің Атымтайы аймағымыздың экономикалық өсуіне және кәсіпкерліктің дамуына, сондай-ақ, қосымша жұмыс орындарының ашылуына ұйытқы болып, Көлбай ауылдық округінде ет өңдеу цехын, Арқарлы ауылдық округінде жалпы құны 988 млн. теңгені құрайтын асыл тұқымды жылқы фермасын ашып, заман талабына, уақыт сұранысына сай келетін жаңа бастама бастады.

Ең бастысы, осының арқасында талай азамат нәпақа тауып, отбасын асырауға, ел қатарлы қызмет етуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, қанымызға сіңісті болған мал шаруашылығын дамытып, соның ішінде жылқы түлігін көбейтудің де жолы ашылды. Арқарлы ауылдық округінде құрылған жылқы фермасында жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған.

Жылы да жайлы баспаналар, демалыс орындары, балалардың ойын алаңы мен жеке кинотеатр, намазхана, қітапхана, асхана, сауна да осы жерден табылады. Керек-жарақтың барлығы қасыңда. Қысқасы, қаланың өзінде жоқ өмір далаға келіп орнай қалған. Жылқы фермасына барып көрген әрбір адам ондағы қызу тірлікке куә болады. Ферманың жалпы аумағы 140 мың гектарды құрайды. Барлығын қосқанда 20 мың бас жылқы өсіруге арналған. Жаңа нысанның арқасында 56 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сондай-ақ, мұндағы асыл тұқымды жылқыларды бақылап отыру үшін арнайы GPS қондырғылары орнатылған. Бұл адасқан малдың орналасқан жерін анықтауға яки ұры-қарылардың қолына түссе жылдам әрекет етуге өте қолайлы.

«Отан – отбасынан басталады» деген бәріміз білетін сөздің мән-мағынасын ашып жатудың өзі артық. Отанға деген қызмет алдымен туған мекеніңе жақсылық жасаудан басталса керек. Бауыржан Оспанов болса, өзі туған ауылын заманға сай қайта кейіптеп шықты десек, ешбір артық айтқандық емес. Жұрттың бәрі «қалалық» болуға бет алған, талай ауыл көшіп, орнында жұрты ғана қалған мына заманда өз ауылын осылайша жаңартқан жомарт жүректі азаматқа ағайынның айтар алғысы шексіз.

Қажет АНДАС

Алматы облысы