ТІЛГЕ ТӨНГЕН ТАЖАЛ НЕМЕСЕ ШАЛАЖАНСАР АУДАРМАҒА ТОҚТАМ БАР МА?

Уақыты: 14.05.2021
Оқылды: 1000
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Өтінім», «Бұзушылық», «Күндізгі болу», «Әлеуметтік әлжуаз топ», «Қамсыздандырылу», «Есту бұзылысы бар бала». Былай қарасаңыз, бұл – қаз-қатар тізілген қазақтың сөздері. Бірақ тереңірек үңілсеңіз, шығу төркінін табу қиындау, шалажансар аудармадан пайда болған, шұрайлы тілімізге еленбей еніп алған, "вирус" дендеген сөз немесе тіркес екенін байқайсыз. Ашығын айтсақ, мұндай алқам-салқам аударманы тілдің вирусы немесе тілтажал десек те жарасады.

Иә, мұндай сөздер, өкінішке қарай, бүгінде құжатнама тілінде көп қолданылып жүр. Тіпті, бұлар тілімізге еніп, құнарлы дейтін қазақ сөздерін шалажансар күйге түсірді. Жаңсақ аудармадан туған осындай өрескел қателерді, яғни, түпнұсқадан тікелей аударыла салған солқылдақ дүниені ашып айтатын, ашына жеткізетін уақыт жеткен сыңайлы.

«Sozdik.kz», «Yandex.kz», «Google» қосымшасы сынды ғаламтордағы онлайн тегін аударма салдарынан мемлекеттік тіл тазалығына нұқсан келіп, ана тіліміз шұбарланып отыр. «Бұзушылықтар» мен «өтінімдер» секілді мысалды тізбектей берсеңіз, қате аударма саны жетіп артылады.

Аудармадан кеткен қате тақырыбы қанша мәрте көтерілді, көтеріліп те келеді. Алайда орын алып отырған кемшіліктер әлі де азаяр емес. Оған не себеп? Бұл мәселе кез келген тіл жанашырын толғандырмай қоймасы анық. Бүгінде онлайн жылдам аударманы пайдаланушылар қатары артты. Ол қатеге ұрыну салдарын көбейтуде. Көштен қалмай жаһандану заманының бар мүмкіндігін пайдаланған дұрыс әрине, бірақ оның зияны ұлттық ментолитет пен ана тіліміздің тазалығына тиіп кетпеуі керек еді.

2012-2014 жылдар аралығында «Wikibilim» қоғамдық қоры «Google» аудармашыға қазақ тілін қосу бойынша жұмыс жүргізген. 2014 жылдың желтоқсанында қазақ тілі «Google» онлайн аударма жүйесіне қосылады. Сонымен бірге, аударма сервисінің қазақша нұсқасы да жарық көреді. Біз үшін бұл, әрине, үлкен прогресс. Дегенмен, аудармашы осы екен деп онлайн аудармадан тікелей құжатнамаға енгізіп жіберетіндігіміз қалай? Оның үстінен қарайтын, қатесі мен үйлесімділігін анықтайтын мемлекеттік маманның, тіл сарапшысының табылмағандығы ма?! Онлайн аударманы тек көмекші құрал деп білуіміз қажет емес пе?! Осыны мойындағанда ғана түсініксіз тікелей аудармалардан арыларымыз сөзсіз.

Құжаттарды қазақ тіліне сапалы түрде аударатын аудармашылардың аздығынан мемлекеттік мекемеге қандайда бір мәселемен жіберген сауалымызға түсініксіз жауап алып жатамыз. Ол заңнан төте аударылған, басы соңына үйлеспейтін сөздерден құралуы әбден мүмкін. Оны көзіміз көріп те жүр. Мысалы, кейбір шарада журналистерге берілетін баспасөз-релиздерінің қазақша нұсқасын түсініп болмайсыз. Орысшасына көз жүгіртіп барып бір-ақ айтпағын аңғаруға болады. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі ресми құжаттарды қарапайым халықтың түсінуі қиындап, үстінен тағы бір түсіндіру шарасы өтіп жататыны осындай олқылықтардың салдары деп топшылаймыз.

Мәселен, төтенше жағдай департаменті жуырда сөзі сала-құлаш, мағынасы шашыраңқы мәлімдемені БАҚ өкілдеріне жіберді. Онда «Алматы облысының аумағында көшкіндер 6 аудан мен 1 қаланың аумақтарында таулы және тау бөктеріндегі аудандарға таралған», «Сел ағынына түсіп кеткен адамды құтқару дерлік мүмкін емес» немесе «Тауға жорық жасаудан қалыс қалыңыз» деген онлайн аударманың «жемісінен» көз сүрінеді. Осындағы «көшкіндердің таралуы» (көшкін, сел таралмайды, жүреді), «құтқару дерлік мүмкін емес» (құтқару қиынға соғады немесе құтқару жұмысы қиындайды), «жорық жасаудан қалыс қалу» (тауға шығуды кейінге шегере тұрады немесе тау қойнауында серуендемеуге кеңес береді) тіркестері еріксіз жаға ұстатады.

Бұл тек бір мекемеге қатысты жарқын мысал. Дәл осындай тілтажал вирустарды кез келген мемлекеттік мекеменің ресми хаттары мен мәлімдемелерінен табу қиын емес.

Осындайда ақыры онлайн жылдам аударманы пайдаланады екенбіз ендеше, онда қазақ тілінде қызмет көрсету жұмысын неге дұрыс жолға қоймасқа деген ой туындайды. Тіл ғалымдарына осы сауалды қойғанымызда, олар ол үшін оған жоғары деңгейдегі мамандар қажет екенін алға тартты. Әсіресе, сөйлем, фраза құрылымы, синтаксис, грамматикамен жақсы жұмыс істейтін кадрлар жасақталған жөн. Себебі, «Sozdik.kz», «Yandex.kz», «Google» бағдарламалар тек қысқа мәтінді аударуға арналған. Оның өзі лексикалық, грамматикалық құрамы шектелген мәтіндер. Ал үлкен көлемдегі мәтінді өте сапасыз аударады. Бағдарламаны пайдаланушыға мәтіннің көркемдік ерекшелігін сақтау үшін және сапалы әрі нақты аудармаға ие болуы үшін қайта ойлануына тура келеді.

– Ғаламтордағы аудармаға жүгінетін тек мемлекеттік мекеме қызметкерлері болмаса жұмысбасты жандар ғана емес, мектеп оқушылары да белгілі бір жағдайларда онлайн аударманы пайдаланады. Бірақ көбінде оқушылар ой елегінен өткізіп, аудармадағы қатеге зер салмай жататыны жасырын емес. Онлайн аудармашы аударып беріп тұр екен деп соны көшіре салуға әуес. Сондықтан, мұндай шешім шығаруға асықпаңдар деп түсіндіруге тырысамын. Өйткені, мемлекеттің, қазақ тілінің келешегі жастардың қолында болғандықтан қазірден өрескел қателікке бой алдырмаулары керек, – дейді шалажансар аударманың шектен шығып бара жатқандығын алға тартқан Талдықорған қаласы, М.Ломоносов атындағы №5 орта мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Назым Садақбаева.

«Бас жарылса, бөрік ішінде» деген мәтелге сүйеніп, тілімізге төнген тажалды – интернет желісіндегі шалажансар аударманы қашанғы қолдана бермекпіз? Цифрландыру үрдісі жүріп жатқан мына заманда қазақтың бай, шұрайлы тілін толығымен ғаламторға қотара салу қаншалықты қиындық туғызады? Біздіңше, жүйелілік мен жауапкершіліктің жоқтығынан осындай алқам-салқам аударма, калькаланған кемтар сөздер кеңінен тарап жатыр. Мекемелердің құлағына алтын сырға, онлайн аударма ол қазақ тілінің мінсіз көрсеткіші емес. Қолымыздан келгенінше, ғалымдар бекіткен, бір ізге түскен том-том сөздіктерді ерінбей ашып қолданғанымыз жөн. Ал онлайн сөздікті тек көмекші құрал ретінде пайдаланбасақ, түптің-түбінде тілімізді мүгедек етіп, жаһанның апанына жұтылып кетеріміз анық.

ТҮЙІН: Елде жөні түзу аудармашы жоқ деуден, әрине, аулақпыз. Тек жаңсақ аудармадағы жырымдалған сөздер бізге опа бермесі анық. Ал қазақ тіліндегі тәржіманы тартымды, мазмұнды, сапалы ету үшін әдеби кітапты қолға жиі алу керек. Сондай-ақ, әрбір қазақстандық кез келген аудармаға жүгінген мәтінді жазар алдында, оны жарияламас бұрын ой елегінен өткізіп, грамматикалық, стилистикалық қателерді жібермей, жеті рет өлшеп, бір рет кессе дейміз. Себебі. бір рет қате болып тарап кеткен сөз екінші рет те тура сол қате күйінде қолданылуы әбден мүмкін. Тіл тазалығын басты орынға қояр болсақ мұндай олқылықтарға жол бермеуіміз керек.

Меруерт МОЛДАҒАЛИЕВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан