ТАЛҒАРДА 25 ДАНА ЖОЛ БЕЛГІСІ ҰРЛАНЫП, МЕТАЛЛ РЕТІНДЕ ӨТКІЗІЛГЕН

Уақыты: 23.05.2021
Оқылды: 882
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының директоры Жасұлан Керімқұлов өткен айда ғана қоғам белсенділері мен аудандық мәслихат депутаттарымен өткізген «Жолсапа» қоғамдық бақылау кеңесінің кезекте отырысында жол белгілері туралы мәселені алға тартып, қоғамдық тәртіптің ахуалын айтқан еді.

Айтса айтқандай-ақ, күні кеше тағы да жол белгілерін ұрлап, жол қозғалысы қауіпсіздігіне тікелей нұқсан келтіріп отырған 32 жастағы азаматты Талғар ауданының полицейлері ұстады. Ол азамат металл қабылдау пунктіне өткізу үшін 25 дана жол белгісін ұрлап кеткен.

Осындай әрекетті көргенде кейбір адамдар мәдениетінің өте төмендігі айқын көрініп тұрады. «Жұмыс жоқтықтан» деп тәртіп бұзушына әлеуметтік желіде ақтап жатқандар бар екен, шынтуайтына келгенде, сананың аздығы пенделерді осындай әркетке апаратыны ақиқат.

Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін жол бойына қойылған белгілерді тұтас қопарып, бақшасына қада (стойка) жасап қойған фактілердің анықталғанын, өз жөнімен тұрған жол белгісін майыстырып, қисайтып, тіпті, тескілеп, бояуын кетіріп тастайтын жағдайлардың жиі орын алатынын да «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Алматы облыстық филиалының басшысы атап өтті.

- Қауіпсіздік үшін қойылған жол белгілерінің талапқа сай болуын біздің мамандар барып тексеріп отырады, ал, кейбір азаматтардың бұзақы әрекетін тіпті түсіну қиын. Сондықтан, бұзақылармен күресуді қоғам болып қолға алып, ортақ мәдениет пен сана қалыптастырайық, - деп филиал диекторы Жасұлан Махамбетұлы қоғам белсенділері мен журналистердің ат салысуын сұрады.

Ақбөпе ЖИЕНҚҰЛОВА

Алматы облысы