«Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен»

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 2835
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Адамның бойынан табылатын жағымсыз қасиеттің бірі – арамдық. Оны кісі әдейілеп көрсетпеуі мүмкін. Бірақ, жамандықтың ғұмыры қысқа болатыны секілді арамдық та оңай әшкереленіп жатады.

Қазіргі жұртқа ғасырлар бойы сары бала мен қара қазанның қамын ойлаған қазақ ештеңе ойламағандай, ешнәрсе жасамағандай көрінетіні рас. Бірақ ел ішінде айтылып жүретін мақал-мәтелдерге көз салсақ мүлде олай еместігін түсінеміз. «Ақыл азбайды, әділдік тозбайды, арамдық озбайды» деген ұғымды берік ұстанған атамыз «ақкөңілден арамдық шықпас, арамдық шықса да жамандық шықпас» деп үміт еткен. Шынында жақсы ниетті ұстану, дұрыс пиғылды болу адамды арамдықтан сақтайды. Себебі, кеудедегі жұдырықтай жүректі тазартатын нәрсе – жақсылық. Соған қарамастан қазіргі қоғамда арамдықты жақтап, арам пиғылды ұстанатындар шығып отыр.

Жақында әлеуметтік желінің бірінен ғибратты оқиғаны көзім шалып қалды. Әлдебір елде болған жағдай әркімді ойландырары анық.
Бір жас бала мектептен келе жатып, жолдан былғары әмиян тауып алыпты. Сосын, іші ақшаға толы әмиянды жақын маңдағы полиция бекетіне жеткізіп, тауып алғанын айтады. Қалаға жар салынып, әмиянның иесі ізделеді. Ақырында әлдебір бай жетеді ентігіп. Мол байлыққа белшесінен батып жүрген жан болса да әмиянын ақтарып, ішіндегі біраз соманың жетпейтінін мәлімдейді. Сөйтіп, полицияны баланы тінтуге мәжбүрлейді. Қызметін адал атқарған тәртіп сақшысы жасөспірімнің сөмкесінен умаждалған 100 теңгені табады. Шыр-пыры шығып, шырылдаған баланың:
– Ағатай, бұл менің түскі аста ішетін бір шыны кофемнің ақшасы еді. Алмаңызшы, шешеме не айтамын?! – деп жылағанына қарамаған байшыкеш 100 теңгені қалтасына салып алады да:
– Менің әмиянымда 1000 теңге болған. Сен жартысын алдың. Қалғаны қайда? – деп қиғылық салады.
Әмиянды өз аяғымен әкеліп, полицияға табыстағанын алға тартқан тәртіп сақшысы басқа ешқандай ақша көрмегенін айтып, баланы арашалап қалады. Қысқа уақытта полиция бекетін дүрліктіріп, кішкентай баланы зар қақсатқан бай ақыры әмиянын алып, тайып тұрады. Мұндай арсыздық, арамдықпен өмірінде алғаш рет кезіккен бала өксігін басып, басына жабысқан бәледен құтылғанына қуанады. Ақырында кофе үшін анасынан алған 100 теңгесінен үміт үзіп, мектебіне асығады.
Жолай әлдебір кофехананың маңына топтасқан көпшілікті көріп, солай қарай бұрылады. Сөйтсе, полиция қызметкері мен кінәсіз баланы айыптаған бай кофеге шашалып өліпті. Кофехана иесінің қолындағы умаждалған 100 теңгені көрген оқушы іштей шүкірлік айтып, оқиға орнынан жылыстай беріпті.
Бұл оқиғаның шынымен болған-болмағанын ешкім білмейді. Тіпті, бүгінгі күннің аңызы ретінде айтылуы да мүмкін. Қайткенде де адам баласын ойға жетелеп, әрбір қадамды байқап басуға үйретеді. Әсіресе, ішкені алдында, ішпегені артында қалатын байлар үшін үлгі-өнеге болары анық. Себебі, бүгінгі күні кісі ақысын жеп, жұмыскерінің айлығы мен шайлығын бермей зар қақсатып жүргендер баршылық.
Халқымыздың даналығына еріксіз сүйенуге мәжбүрміз. «Ала жылқы жоғалмас, арамза жан оңалмас» дегенді айтқан қазақтың көрегендігіне таңғаласың. Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы мен бухгалтерінің әрекетін естіген жұрттың жағасын ұстағаны күні кеше ғана. Жансыз адамдардың атынан айлық жалақы айырып, 2 миллиардқа жуық ақшаны жымқырмақ болған бас бухгалтердің ісін сот шешеді. Дегенмен, арамдыққа құрылған қадамның оңай әшкере болғанын жасыра алмаспыз.
«Бетін аулақ қылсын!» деп тілейік, арамдық сыналап кірген отбасындағы бар жақсылық жылыстап, жамандық берік орнығады екен. Осыны жақсы білген халқымыз: «Арамдық кірген үйден тыныштық қашады» деп тұжырған.
Ендеше, отбасының амандығын, бала-шағасының өсіп-өнгенін, денінің саулығын қалаған адам арамдықтан айшылық жолдай қашық жүріп, тек адалдықты серік етуі керектігін ескерткіміз келеді. Қасиетті Құран Кәрімнің «әз-Зарият» сүресінің 55-аятында: «Ескерт! Өйткені, ескерту мұсылманға пайда береді»  делінген.
Халқымыздың: «Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық көрсем өзімнен» деген нақыл сөзі осыны меңзесе керек.

Мәди АЛЖАНБАЙ
Сурет көрнекілікке алынды