Қоғамдық көлікке коляскамен кіруге болмай ма?

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 2741
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жексенбі күні базар аралап, үйге қайтайын деп автобус тосып тұр едім. Жаныма қолдарында ауыр жүгі бар, коляска сүйреткен жас жұбайлар келді. №3 автобусқа отыра бергеніміз сол еді, жүргізуші: «Қоғамдық көлікке коляскамен кіруге болмайды деген Заң шықты. Коляскаларыңызды жинаңыздар», – деп айғай салды.

Қоғамдық көліктің жүргізушісі екі жастың «баламыз ұйықтап жатыр еді», – дегеніне қарамады. Оятып қолдарыңа алыңдар деп кіргізбей қойды. Жүргізуші жаңа Заң деп автобустағы үлкен кісілердің іште орын бар ғой дегенін де елемей жүріп кетті. Жас жұбайлар баласын оятуға қимай, амалсыз аялдамада қалды.

Бұл қайдан шыққан заң? Нақтысын білу үшін автобус паркінің диспетчеріне хабарластым. Диспетчер жаңа заңның шыққанын растады. Бірақ, себебін түсіндірмеді. Ал автобустағылар еш жерге жарияланбаған жаңа Заңды қызу талқылап барды. Бірі жалғызбасты аналарды уайымдаса, екіншісі, автобусты көбейтсін деп пікір білдірді. Шынымен, қоғамдық көлікке коляскамен кіруге болмаса жас аналар қайтпек? Екінің бірі таксимен жүре алмайды. Жарайды, бала ояу болса көтеріп тұрар. Сәби ұйықтап жатса ше, жұлқып оята ма? Осы орайда ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың: «Ояту былай тұрсын, рұқсат жоқ, ұйықтап жатқан ұлымды тербетуге» деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Ешқандай ата-ана ұйықтап жатқан баласының ұйқысын бұзғысы келмейді. Демографияны көтеру керек деп ұрандағанда алдымызға жан салмаймыз. Ол үшін аналарға да жағдай жасауымыз керек. Жаңа шыққан Заң жөнінде ата-аналардың пікірін сұрап көрдік. Көпбалалы Айдана Бакишбаева: «Заңның шыққанына таңғалмаймын. Автобуста адамдардың орнын алып тұр, балаңызды алдыға алып, колясканы жинаңыз деп жүргізушілерден талай сөз естігенмін. Қоғамдық көлікте бір қолға баланы, бір қолға колясканы ұстап кірген ыңғайсыз», – деді. 
 Дамира Тұрсын: «Жақында ғана босандым. Баламды ауруханаға апарып екпе салдыруым керек. Таксимен баруға ақша жетпеген соң автобуспен барамын. Ал бала кішкентай болған соң көбінесе ұйықтап жатады. Мен оны қалай оятып, шырқыратып жылатып ұстап отырамын? Қалай ұйқысын бөлемін? Коляскасыз шықсам күн ыстық, көтеріп жүре алмаймын», – дейді. 
Бұл Заңға көпшілік қарсы пікір білдіруде. Біз «Қуанса – бала қуансын» деп бар жақсыны бүлдіршіндерімізге беретін халық емес пе едік?!  Бала – біздің болашағымыз. Сондықтан, сәбилерге арналған арбаның көлемі көпшіліктің орнын алады екен деп Заң шығара салу үлкен қателік. 

Жұлдыз ҚОЖАХМЕТОВА,
ЖУ-дің студенті

Фото: көрнекілік үшін