Бейәдеп ТЫЙЫЛСА...

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 1300
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Кеңес өкіметі жүргізген саясатпен Қазақ елі жетпіс жыл орыс тілінде сөйлеп, жазып келді. Қазір өз алдымызға бөлек, тәуелсіз ел атандық. Иә, «тәуелсіздік» қадірін ұққанға қастерлі сөз. Өз тілімізде еркін сөйлеуге мүмкіндік алдық. Бірақ кей жұрттың тілге келгенде кірпідей жиырыла қалғанын көргенде қарным ашады. 
Алтайды айта-айта қартайған Жамал апамның күйін кешпей-ақ қояйын. Бұл тақырып бірді-екілі адамның айтуымен емес, дүйім жұрттың атсалысуымен шешілетін мәселе. Дегенмен, қазір ең қауқарлы теледидар болып тұр. Мәселе болса осы жерде шешуге, мінбердегілерге жеткізуге болады. Халықты жақсылыққа, адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелейтін бірден-бір құрал. Ал дәл осылай үміт артқан арналарымыздың сиқын көргенде қынжыласың, екі қолмен көз жабасың. Себебі, арналардан құшақтасқан, аймаласқан бейнелерді жиі көрсетеді. 
Бұрын бала боп қару алып атысып ойнайтынбыз. Сонда ата-әжелеріміз: «жаман әдет шығарып атысып-шабысып ойнама!» – деп отыратын. Ал қазір теледидардан көретініміз ылғи соғыс тұрқындағы қырып-жою кинолары. Тағы бір айтатыным, телеарнадағы бейәдеп бейнелер де жастарды теріс бағытқа итермелейді. Кейде көшеде жабысып тұрған қыз бен жігітті көремін. Көбісі некелеспей жатып төсек қатынасына түседі. «Ертеңгі күні жүкті болып қалармын?!» – деген ой мазаламайды. Кейін бойына бала бітсе, өз сәбиінен безінеді. Кейінгі кезде әжетханадан жарық дүние есігін ашпаған шараналардың табылып жатқанына жүрек сыздайды. «Мен обал жасадым-ау!» – деген ой басына келмейді. Мұның бәрі батыстың менталитетінен жұққан қасиеттер. Еуропалық өркендеудің жетер көмбесі көмескі екенін түсінетін кез келді. Ата дәстүріміз бен ұлттық мұраларымызды ұлықтағанда ғана ұлы мұратқа жететінімізді ұмытпағанымыз жөн!

Ахат Қанағатұлы
Талғар ауданы