Лудомания деген не?

Уақыты: 19.01.2018
Оқылды: 14797
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Қаламыздың әр бұрышында букмекерлік кеңселер салынып, саны жыл санап артып келеді. Осының салдарынан оңай жолмен ақша тауып, құмар ойынға құныққан жастарымыз көбеюде. Бәс тігіп, түнімен букмекерлік кеңсені торуылдап, уақытын текке өткізген жандарды көргенде налитының анық. Қоғам дертіне айналған ойынға деген құмарлықты ғалымдар лудомания дейді. Ал, еліміздегі желпілдеген жастарымыздың бұл дертке шалдығуының себебі не?

Бабаларымыз: «Ойынға ойсыз құмар», – деп текке айтпаса керек. Өткенімізге үңілсек, құмар ойнау деген атау қазақ ұғымында болған емес. Бұл – бүгінгі қоғам дерті. Өкінішімізге қарай, алдыңғы буын ағаларымыздың жүрген ізіне соңғы буынның ере алмауы қатты қапаландырады. Бабаларымыздың салған жолын жалғай алмай жүрміз. Көпке топырақ шашудан аулақпын, әрине, қоғамда ұлтым деп ел намысын ұлықтайтын дарынды мен жалындыларымыз баршылық. Дегенмен де құмар ойынның жетегінде кеткен жандар үшін оңай жолмен ақша табатын букмекерлік кеңселер бүгінгі қоғамдағы қайратсыз азаматтарымыздың жұмыс орны болып алғандай. Осы жайтқа қарап отырып, «Алаш ойлаған болашағымыз күңгірт пе?» деп күйінемін. 
Жастарымыздың құмар ойынға неге құмартатынын білу мақсатында қаламыздағы букмекерлік кеңселердің біріне бардым. У-шу халық. Бірі қуанып, бірі қапаланып жүр. Бірақ шаттанғандардан қап деп сан соғып жатқандар көп. Ұтылғандар сыртқа шығып шылымын шегіп, бойындағы ашуын басқандай болады. Онсыз да санасы уланған жас енді денсаулығына зиян келтіруде. Ұтқандар еселеп ақша тігіп әуре. Оңай жолмен ақша табудың көзін тапқан кеңсе бәс қоюға спорттың барлық түрін енгізіп қойған. Тіпті, құмар ойынның қатарына қазақтың ат спорты да еніп кеткен. Ең сорақысы, кеңсенің ішінде бәс тігіп сабылып жүргендердің басым көпшілігі қазақтың тепсе темір үзетін зіңгіттей қара домалақ жігіттері. Білім іздер шағында баз кешіп, сол баяғы желкесінен тартқан жалқаулығы мен енжарлығының арқасында оңай жолмен ақша табудың амалын іздеп жүргенін көріп жаның ауырады. 
Көзбен көрген жайтқа намыстандым. Қазақ жастарының бұл жолға түсуіне не себеп? Осыны білу мақсатында кеңсенің ішіндегі тізілген компьютерлердің біріне отырдым. Жанымда көз майын тамызып отырған жаннан ойнау ережесін сұрадым. Замандасым Мұхтар: «Ойбу, бауырым, алдымен куәлігіңді алып келіп тіркелуің керек. Содан кейін спорттың жілігін шағып, майын ішетін мықты психолог болуың керек. Қай спортта кімнің жеңіске жететінін білу маңызды. Мұнда тек спортты жақсы болжайтындар жиналады», – деп марқая сөйледі. «Ойпырмай, құжаттарыңды жинап құдды жұмысқа кіргендей келеді екенсің?» – дедім. Мұхтар: «Мұнда бірінші рет келгенде ештеңе түсінбейсің», – деді. «Сен де алғаш осылай келген шығарсың?» Сәл үнсіздіктен кейін Мұхтар: «Иә, алғаш сен сияқты қызығушылықпен келдік. Спортты жақсы түсінгендіктен білімділігімді осылай арттырсам несі айып деп ойладым. Сөйтіп жүріп, қыруар қаржыны да желге ұшырдық. Тіпті, студент кезде оқудың ақшасын тігіп ұтылған кездер де болды. Енді соны еселеп қайтару жолында жүрміз», – деді. Ол қайтпайды-ау дедім ішімнен, күрсініп. Қалтасын қағып барын тігіп жатқан замандасымды көріп шыдай алмай кеңседен шығып кеттім. 
Иә, алғаш қызығушылықпен бәс тігіп, кейін ойынға тәуелді болып қалғандар қаншама? Құмар ойынға бейімделу кезеңінің бірі – жалындаған жастық шақ. Адамның қызығушылығын арттырып, құмарлыққа тез үйрететін де осы кез. Санаңды улап, құмар ойынға үйір қылып жіберетіні шүбәсіз екенін біле тұра сол жолмен жүресің. Жігерлі кезеңде ой-өрісің дамитын шақта өміріңді арзан тіршілікпен өткізсең, егде жасқа келгенде сан соғып өкінерің хақ. Бұл қазаққа бөгде елден келген жат қылық. Өзгенің қаңсығын таңсық қылуға бейімделген жастардың еліктеушілігі. 
Пайғамбарымыздың жастарға қарата айтқан хадисінде: «Арзан ойын-күлкі мен тән ләззатына құмартпайтын, қызуы мен қызығы мол жалындаған жастық шағыңда нәпсіқұмарлыққа салынбай, Хаққа құлдық ұрып өткізуге бекінген жасқа Раббың дән риза болады», – дейді. Иә, мейірімді Алланың шапағатына бөлену үшін нәпсіқұмарлықты тыйғанымыз абзал. Өзгеге еліктеймін деп лудомания дертіне шалдықпаңыз. Қазаққа бәсеке көрсе бәс тігетін емес, спортты серік еткен жігерлі жастар қажет.

Айдар ҚАЛИЕВ