ӘКІМ ОРЫНБАСАРЛАРЫ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ ВАКЦИНА САЛДЫРДЫ

Уақыты: 01.02.2021
Оқылды: 1321
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында коронавирусқа қарсы вакцина салу басталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Алғашқы болып Талдықорған қалалық №1 емханасында Алматы облысы әкімінің орынбасарлары Батыржан Байжұманов, Рустам Әли, Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Арман Жансеңгіров, Алматы облыстық бас санитар дәрігердің орынбасары Асхат Чарапиев екпе салдырды.

Сатып алынған "Спутник V" вакцинасын егудің алдында екпе жасатушының денсаулығы қатаң қадағаланады. Дене қызуы, қан қысымы, қант диабеті, жүрек сырқаты, өкпенің созылмалы кеселі, обыр, бүйрек жеткіліксіздігі, жүктілігінің жоқтығы назарға алынады. Сондай-ақ, жүктілікті жоспарлап жүргендерге де екпе салынбайды.

Барлығы 1450 вакцина облыстың 3 ауданы мен 1 қаласына әкелінді. Олар: Еңбекшіқазақ, Қарасай, Қаратал және Талдықорған қаласы. Екпе алдымен денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне, содан кейін ұстаздарға салынады.

Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің айтуынша, вакцинаны сақтайтын арнайы құрылғылар бар. Екпе қан орталығында сақтаулы. "Спутник V" – 21 градустық салқындатқышта тасымалданады.

Бүгінде облыста барлығы 29 егу кабинеті жабдықталған. Вакцинаның ашылғанын көру үшін арнайы кабинетке біз де кірдік. Вакцинаның сыртында «Гам-КОВИД-Вак» деп жазылған. Бір флакон 5 адамға бөлінеді. Әркімге 0,5 мл мөлшерінде сұйықтық салынады. Аталмыш емханаға барлығы 400 мөлшерлеме (доза) әкелінген.

Бірінші күні 10 адамға салынды. Вакцина салдырғандар жарты сағат бойы арнайы бөлмеде бақылауда болды. Алдағы 3 күнде олардың денсаулығын дәрігерлер бақылауда ұстайды.

Екпе алғандардың барлығы журналистерге жағдайлары жақсы екендіктерін айтты. Енді 21 күннен кейін екпе қайталап салынады. Алдағы уақытта екпе салдырудың барысы жайлы толыққанды ақпарат беріп отырамыз.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы