ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНДА 200 НАУҚАСТЫ ҚАБЫЛДАЙ АЛАТЫН ЕМХАНА АШЫЛДЫ

Уақыты: 07.02.2021
Оқылды: 993
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Былтыр қаңтар айында Ұзынағаш ауылында іске қосылған «DN Medicus Pharm» медициналық орталығы қызмет аясын кеңейтті. Сәулеті келіскен еңселі ғимараттың екінші қабатынан жуырда емхана ашылды. Жекеменшік емдеу орнының ашылуына аудан әкімі Бағдат Әлиев қатысып, озық құрал-жабдықтармен жарақтанған мекеменің жұмысына сәттілік тіледі.

Жаңа ғимараттың бірінші қабатында былтыр гемодиализ бөлімі ашылған. Бұл бүйрек жетіспеушілігімен ауыратын науқастарға арналған аудандағы алғашқы емдеу орны. Қазіргі таңда мұнда созылмалы бүйрек ауруына шалдыққан отыздан аса науқас ем алады. Жалпы мүмкіндігі 200 науқасты қабылдауға қауқарлы.

Аталған компанияның бұдан бөлек Алматы, Қаскелең қалаларында гемодиализ орталықтары жұмыс істейді. Енді, міне, араға бір жыл салып, компания басшылығы емхана ашты. Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес елімізде халыққа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетілетіні белгілі. Жаңа емхана дәл осы екі көрсеткіш бойынша жұмыс істейді.

Барлық сақтық талаптарды сақтай отырып өткізілген шарада аудан әкімі Бағдат Байшалұлы «DN Medicus Pharm» медициналық орталығының директоры, кәсіпкер Арайлым Еркінбаева мен аталған компания құрылтайшысы Ақылжан Тілешбаевқа өз ризашылығын білдіріп, тұрғындар атынан алғыс айтты. Орталық иелері аудан басшысын мекеме жұмысымен таныстырды. Емхана еуропалық ультрадыбыстық талдау жүргізетін УЗИ және басқа да медициналық техникалармен жабдықталған.

Онда жоғары медициналық білімі бар, бейінді мамандар – терапевт, хирург, кардиолог, гинеколог, эндокринолог, окулист, лор сынды дәрігерлер қызмет көрсетеді. Дәрігер қабылдауына келген азаматтар маман кеңесін алып, диагностика түрлерінен өтіп, стационарды алмастыратын емдеу манипуляциялары мен емшаралар ала алады. Стационарлық емдеу, ота жасау, өзге де қызметтерге жолдама беріледі. Сонымен қатар, аурудың алдын алу үшін қабылдаулар, түрлі скринингтер де Денсаулық сақтау кодексінде қарастырылған жүйелер шеңберінде іске асырылады. Мұнда созылмалы ауруларға тегін дәрілер беру, вакцина егу де қарастырылған.

Ұзынағашта бұған дейін аудандық орталық ауруханаға қарасты бір ғана емхана халыққа қызмет көрсетіп келді. Ол емханаға жүз мыңнан астам адам тіркелгендіктен дәрігерлердің алды ұзын сонар кезектен босамайтын еді. Бұл мәселе халықтың алғашқы медициналық қызметті аумақтық қолжетімді әрі тез алуына қиындық тудыратын. Ал тұрғындар саны үнемі өсуде.

Осыны ескерген «DN Medicus Pharm» компаниясы емхана ашуды жөн санапты. Оны жабдықтауға шамамен 30 млн.теңге жұмсалған. Емхана басшылығы техникалық жабдықтауға алдағы уақытта тағы қаражат бөлмек ниетте. Флюорография, рентген аппараттарын орнатпақшы. Бүгінде емханаға алғашқы 2500 адам тіркеліп, оларға мемлекет тарапынан қаржы бөлінді. Бұдан былай тіркелгендерге де жыл бойы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мақсатына қосымша қаржы бөлінетін болады. Медициналық орталықта 20 адам жұмыспен қамтылған. Жыл аяғына дейін олардың саны екі есе өседі деп күтілуде.

– Қазақта «туған жер, перзенттік борыш» деген қастерлі ұғым бар ғой. Бұл менің туған жерім. Осында халыққа сапалы дәрігерлік қызмет ұсыну мен үшін зор мәртебе, – дейді Арайлым Еркінбаева.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы