АУЫЛ МЕШІТТЕРІНДЕ ЖҰМА НАМАЗЫН ОҚУҒА РҰҚСАТ: БАС САНИТАРДЫҢ ҚАУЛЫСЫ

Уақыты: 09.02.2021
Оқылды: 755
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының бас санитары карантиндік шектеулерге байланысты тағы бір жаңа Қаулы шығарды. Онда ағымдағы жылдың 11 ақпанынан бастап Алматы облысындағы кейбір шектеулер алынып тасталатыны айтылған. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Атап айтқанда, Алматы облысындағы мешіттерде жамағатпен бес уақыт намазды оқи беру жалғасады. Басқа да діни нысандарда ұжымдық діни ғұрыптарды атқаруға рұқсат етіледі. Бірақ мешіттерде (немесе шіркеу, басқа да діни нысандарда) толымдылық 30 пайыздан аспауы қажет. Адамдар саны 100-ден аспауы міндетті.

Алматы облысының барлық ауылдық жеріндегі мешіттерде (қала емес) жұма намазын оқуға рұқсат етіледі. Бірақ жұма намазында да шектеулер бар: 150 адамнан артық жиналмауы керек, сондай-ақ, мешіт ішіндегі толымдылық 25 пайыздан аспауы тиіс.

Сенбі-жексенбі демалыс күндері сауда үйлерінің жұмысына рұқсат берілді. Сондай-ақ, бұл рұқсатнама жайма базарларға, сауналарға, СПА-орталықтарға да қатысты. Демалыс күндері қоғамдық тамақтану орындары да қайта ашылады. Оның ішінде, мейрамханалар, кафелер, барлар, асханалар бар. Бірақ толымдылық - 50 пайыз. Орындар саны 50-ден аспағаны жөн. Асқан жағдайда айыппұл салынады.

Жұмысқа баратын және жұмыстан қайтатын уақытта ("час-пик" кезінде) аялдамаларда, автобустарда адамдар көп шоғырланбас үшін мекемелер мен кәсіпорындар ҚР Еңбек заңнамасына қайшы келмейтіндей жағдайда дифференциалды жұмыс кестесін енгізуі керек. Сондай-ақ, аялдамаларды, автобустарды жиі-жиі залалсыздандыру міндетті.

Қызметкерлер саны 250-ден асатын ірі кәсіпорындарға, мекемелерге жұмыстан кейінгі уақытта үйлеріне қайтатын автокөліктер ұйымдастырылуы тиіс. Ал мекемедегі қызметкерлердің 50 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуін жалғастыра береді.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан