АУРУХАНА ДИРЕКТОРЫ: "АЛҒАШҚЫ БОЛЫП ЕКПЕНІ ӨЗІМ ҚАБЫЛДАДЫМ"

Уақыты: 04.03.2021
Оқылды: 998
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирусқа қарсы екпе салу мәселесі көтерілгенде пікірталас белең алып, қоғам екіге бөлінгені жасырын емес. Алайда бұрынғы таптаурын қағидаттар мен тозығы жеткен түсініктерден алшақтаудың реті келген секілді. Себебі, тәжвирусы ешкімді де аяп жатқан жоқ.

Деніңіз қаншалықты сау болса да, қалтаңызға басқан қаржыңыз шашылып жатса да, ауру адам талғамайды. Онымен күрес жолдары да 100 пайыздық сенімділік бермейді. Сондықтан да екпе қабылдау арқылы өзіңізді және жақындарыңызды сақтандырудың қамына кіріскен абзал.

Алакөл ауданында коронавирусқа қарсы вакциналаудың бірінші кезеңі бастау алды. Денсаулық сақтау саласының білікті маманы, сан жылдық толымды тәжірибесі бар дәрігер ретінде ауданда алғашқы болып екпені өзім қабылдадым.

Бұл қызметімдегі қауіптілік деңгейінің жоғары болуы мен сырқат адамдармен тікелей жұмыс істейтіндігімізден қолға алынған шара. Бұған дейін өкпенің созылмалы обструктивті ауруы «Бронхоэктотикаға» шалдыққандықтан тынысым тарылып, талай қиын сәттерді бастан өткердім. Артынша ота арқылы сол жақ өкпемнің жартысын алдыртып тастауға да тура келді. Аурудың азабын жеке басымнан өткізгеннен кейін, алдын ала сақтанудың маңыздылығын ескерте кеткім келеді.

Менің таңдауым - вакциналау!

Асхат БҰТАБАЕВ,

Алакөл аудандық орталық ауруханасының директоры

Алматы облысы