ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ АУРУХАНАСЫ КОВИДКЕ ҚАРСЫ ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ТОЛЫҚТЫ

Уақыты: 19.04.2021
Оқылды: 1033
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Ауданда коронавирустық инфекциясы мен ковидтік пневмонияға  күдікті науқастарды емдеу үшін барлығы 170 төсек құрылған. Ауданның орталық ауруханасында 26 өкпені жасанды желдеткіш аппараты, 1 оттегі стансасы, 39 оттегі концентраты, 75 оттегі баллоны орнатылған. Бобров аппаратымен 110 оттегі нүктесі қамтылған. 2 рентген-аппараты, 3 жылжымалы рентген аппараты, 260 пульсоксиметр, 7 ультра-дыбыстық зерттеу аппараты бар.

Аудандық орталық аурухана директорының бұйрығымен аталған медициналық мекеме «қызыл» және «жасыл» аймақтарға бөлініп көрсетіліп жатыр. Қызыл аймақта еңбек ететін медициналық мамандар жеке қорғаныс құралдарымен жұмыс істейді. Мұндағы қызметкерлердің барлығы толық көлемде бір реттік қолданылатын жеке қорғаныс костюмдерімен, сондай-ақ, қалталы антисептиктермен қамтамасыз етілген.

Стационардағы науқастар қажетті дәрілік заттармен толық қамтамасыз етіледі. Науқасты емдеуге бекітілген емдеу-диагностикалық хаттамасының ұсынысы бойынша екі айлық қажеттілік мөлшерінде бактерияға қарсы, вирусқа қарсы, антикоагулянттар, дәрумендер мен басқа да қажетті препараттардың қоры құрылды. Дәрілік заттар мен жеке қорғаныс құралдарын, сондай-ақ, залалсыздандыратын құралдар мен антисептиктерді сатып алуға қосымша өтінімдер берілді. Осы мақсатқа арналған дәрі-дәрмек пен керекті заттар ауруханаға гуманитарлық және қайырымдылық көмектермен де келіп түсті.

Коронавирустық инфекцияға күдікті науқастарды қабылдау үшін 2 сүзгі-кабинет ұйымдастырылған. Бұл кабинеттен күніне орта есеппен 55-60 науқас өтеді. Мұндағы медицина қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен толықтай қамтамасыз етілген. Ауруды дер кезінде анықтау мақсатында ауданда 23 мобильді бригада ұйымдастырылды. Бригада құрамында дәрігерлер және орта буын медицина қызметкерлері бар.

Осы бригада ПТР диагностикасын үй жағдайында алады, сондай-ақ, дәрігердің алғашқы қарап-тексеруі мен емдеуі тағайындалып, қадағаланады. Амбулаториялық-емханалық қызмет деңгейінде ЖРВИ және КВИ асимптоматикалық және жеңіл түрлерімен ауырған науқастардың, сонымен қатар, 65 жастан жоғары аудан тұрғындарының жағдайын динамикалық бақылау үшін қашықтан күніне 2 рет қоңырау шалынып, чек-парақтар толтырылады.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды