ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНДА ЖЫЛЖЫМАЛЫ ЕКПЕ БРИГАДАСЫ ҚҰРЫЛДЫ

Уақыты: 19.04.2021
Оқылды: 1290
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирусқа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте Президент Қ.Тоқаев вакцинация басталғалы екі айдың ішінде халықтың небәрі 0,1 пайызынан азы ғана екпе салдырғанын айтып, Денсаулық сақтау министріне ескерту жасаған еді. Содан бері екі апта өтті. Вакцинациялау жер-жерде жедел түрде қарқын алды.

Алғашында ауданымызда Есік пен Шелектегі ауруханаларда екпе кабинеттері ашылса, бүгінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтарында, аудан аумағындағы кейбір дәрігерлік амбулаторияларда да арнайы екпе кабинеттері жасақталды. Сондай-ақ, жылжымалы екпе бригадалары құрылды. Сондай бригаданың бірі ауданымыздағы үлкен өндіріс орындары - «Adal» және «FoodMaster» компанияларына барып, қызметкерлеріне коронавирусқа қарсы вакцина салды.

Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Д.Бақбергенұлы: «Бұл жылжымалы екпе бригадалары халыққа вакцинациялаудың қолжетімділігін арттыру және екпе алу процесін жеңілдету үшін ұйымдастырылып отыр. Адам көп шоғырланған жерлерде коронавирусты жұқтыру қаупі де жоғарылай түседі. Сондықтан қоғамдық иммунитетті қалыптастыруда үлкен кәсіпорын қызметкерлерін вакцинациялаудың маңызы зор. Осы орайда жылжымалы екпе бригадасына артылған жүк те салмақты», – деді.

Еңбекшіқазақ аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде «Спутник-V» вакцинасының 1-компонентін 7265 адам алған. Ал вакцинаның екі компонентін толық алған азаматтары саны – 1196-ға жеткен.

Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан