ТЕКЕЛІДЕ ІНДЕТ ӨРШІП ТҰР: ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ ЭПИДАХУАЛМЕН ТАНЫСТЫ

Уақыты: 21.04.2021
Оқылды: 994
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес аудан, қалалардағы эпидахуалды тұрақты бақылау, санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, облыстың бас мемлекеттік-санитариялық дәрігері Ерғали Сыдыманов Текелі қаласына барып, бірқатар нысанды аралады. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Моноқалаға арнайы келген топ әуелі ат басын қаладағы ауруханға бұрып, індетпен күресіп, қиын уақытта тынымсыз қызмет етіп жатқан медицина саласының қызметкерлерімен кездесті. Мұндағы санитарлық талаптар мен вакцинация барысын бақылады.

Текеліде бір тәуліктің өзінде 14 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Осы айдың өзінде жүзден астам адам індетке шалдыққан. Бүгінде ауруханада 26 науқас ем алуда. Кесел күрт күшейгендіктен тұрғындар жаппай вакцина алуда. Қазіргі уақытта 2000-нан астам тұрғын вакцинацияланған. Ауруханада 3 егу бөлмесі жұмыс істеп тұр. Екпелерді сақтауға арналған 3 тоңазытқыш, 5 термо контейнер бар. Жаппай вакцинациялау бойынша облыс әкімінің орынбасары:

– Текелі ауруханасынан қосымша үші егу бөлмесі ашу жоспарлануда. Бұл мәселе бойынша қала әкіміне тапсырма берілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта тағы да 150 мың доза екпе келеді. Оны бірден аудан-қалалардағы егу мекемелеріне таратамыз, – деді.

Осыдан кейін қаладағы ауруханаларға бас сұғып, дәрі-дәрмектің, медициналық бетперде мен қолғаптардың бар-жоғын сұрап білді.

Айта кетейік, қаладағы дәріханалар дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. Сонымен қатар, эпидахуалды тексеруге келген топ базар мен сауда үйлерін аралап, санитарлық талаптардың сақталу барысын тексерді. Шарада сатушылар сенбі-жексенбі күні базар жұмысына шектеу қойылмаса деген өтініштерін айтты.

Бұл мәселе бойынша аймақ басшысының орынбасары моноқалада індеттің белең алып тұрғанын, ең бастысы, халық денсаулығы екенін айтты. Егер эпидахуал жақсарса, алдағы уақытта бәрі өз қалпына келетіндігін жеткізді. 

Келесі кезекте облыстан барған топ құрылыс жұмыстары жүріп жатқан №6 мектепке барды. Өткен жылы басталған білім ордасының құрылысы биыл жаз айында аяқталып, қыркүйекте оқушылар жаңа мектептен білім алады деп жоспарлануда.

Сапар соңында Батыржан Құлаймергенұлы аудан әкіміне құрылыс жұмыстарының сапалы әрі тыңғылықты аяқталуын басты назарға алу керектігін айтты. Сондай-ақ, мердігер «Тау Толағай» ЖШС компания өкілдеріне жұмыстарын ширатуды тапсырды.

Айдар ҚАЛИЕВ

Текелі қаласы

Алматы облысы