ЕКПЕНІҢ ЕКІ КОМПОНЕНТІН АЛҒАН ЖУРНАЛИСТ: "ЕШ ЖАЙСЫЗДЫҚ СЕЗІНБЕДІМ"

Уақыты: 13.05.2021
Оқылды: 1135
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жай ғана тұмауға қарсы екпенің қаншалықты пайдалы екенін өз тәжірибемнен білемін. Міне, сондықтан да коронавирус инфекциясына қарсы вакцина ертерек табылса деп тағатсыздана күткен болатынмын.

Вакциналау жұмысы басталғанын естіген сәттен екпе алуға өтініш білдірдім. Өзім тіркелген Боралдай ауруханасында мүмкіндік бар екенін хабарлаған күні өз еркіммен барып, вакцинаның алғашқы компонентін алдым. Жұрт айтып жүргендей, дене қызуының көтерілуі, жөтел, қан қысымының артуын сезген жоқпын.

Иә, алғашқы күні сәл шаршағандай күй кешкенім рас. Алайда ағзама әсер ететіндей бөгде жайларды байқамадым. Араға үш апта салып «Спутник–V» екпесінің екінші компонентін де қабылдап үлгердім. Бұл жолы да еш жайсыздықты сезінбедім. Соған қарағанда екпе белгілері әр адамда әртүрлі өтетін болуы керек.

Бір сөзбен айтқанда, екпеден қорқып, бас тартуға еш негіз жоқ. Ең бастысы, алдағы уақытта өзіме немесе жақындарыма ауру жұқтырып аламын деп алаңдамай, қалыпты өмір сүруге мүмкіндік алғаным үшін қуанамын. Әріптестерім мен жерлестеріме қатерлі індетті жеңудің бірден-бір жолы – екпе алу екенін ескеріп, бұл мәселеге сергектікпен қарауға шақырамын.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,

журналист

Алматы облысы