АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ІНДЕТ ЖҰҚТЫРҒАН 48 АДАМНЫҢ ЖАҒДАЙЫ АУЫР

Уақыты: 11.05.2021
Оқылды: 1330
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында өткен тәулікте 125 адамнан коронавирус анықталды. Бұл туралы "Жетісу" газеті хабарлады.

Соның ішінде, Талдықорған қаласында - 38, Талғар ауданында – 21, Еңбекшіқазақ ауданында – 17, Қарасай және Қаратал аудандарында 10, Ескелді және Панфилов аудандарында 8, Жамбыл ауданында – 5, Іле және Ұйғыр аудандарында 4 жағдайдан тіркелді. Өңір әлі "сары аймақта".

Ауруханаларда 2315 адам ем қабылдауда, соның 48-нің жағдайы ауыр. Бір тәулікте 176 адам ауруханаларға ем қабылдауға жатқызылды. Жұқпалы аурулар стационарларындағы орындар 48,2 пайызға толған.

Өткен тәулікте облыс бойынша 274 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Соңғы 3 күнде 5052 адамның сынамалары ПЦР-зертханаларда тексерілді. Науқастармен қарым-қатынаста болған 294 адам анықталып, барлығы үй карантиніне және медицина қызметкерлерінің бақылауына алынды.

Осыған байланысты Алматы облысы әкімдігі ресми хабарлама ұсынады. "Құрметті жетісулықтар! Вирустың таралуын тоқтату үшін әрқайсыңыздан бұрынғыдай адамдар көп жиналатын орындарға барудан мүмкіндігінше бас тартып, үйде болып, сыртқа шыққанда бетпердеңізді дұрыстап тағып, әлеуметтік қашықтықты қатаң сақтауды сұраймыз. Вакцина коронавирус жұқтырған жағдайда дерттің асқынып кетуінен қорғайды. Нәтижесінде адамдарға ауруханаға жатудың қажеті шамалы болады. Және екпе алғанда, өлімге әкелетін қайғылы жағдайларды айтпағанның өзінде, коронавирустың адамдардың өкпесіне түсіп кетуінен сақтайды. Екпе – ағзаның қорғаныс қабілетін нығайтады! Бұл өзіңіз бен жақындарыңызды қауіпті індеттен сақтау үшін өте маңызды!" - делінген хабарламада.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"