ӨЛІМ МЕН ӨМІР АРАСЫ: АЛТЫН ҚОЛДЫ ДӘРІГЕР

Уақыты: 19.06.2021
Оқылды: 1550
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жас маман Жанібек Өзбековті көпшілік «алтын қолды» дәрігер деп атайды. Себебі, хирург-дәрігер күн сайын өлім мен өмірдің арасындағы адамдардың аман қалуы үшін күреседі. Емі мен отасы сәтімен шығып жатады.

Адам сүйегін қалпына келтіру өте біліктілік пен жауапкершілікті қажет етеді. Бүгінде адамзаттың жұмысы техникаға тәуелді болғандықтан, әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға түсіп жатқандардың қатары азаймай тұр. Соның ішінде жол-көлік апатына душар болғандар да жедел жеткізіліп жатады. Көліктің жылдамдығын шамадан тыс арттыру, қарама-қарсы жолға шығып кету, ережені сақтамау апатты жағдайға апарып соғып жатады. Жақында ауруханаға Мырзабай Нәжібеков деген азамат келіп түсті. Ол әйнектен жасалған заттан бірнеше рет ауыр жарақат алған. Тамырларына зақым келген. Жағдайы өте ауыр еді. Есінен танып қалған. Кейбір артериялық тамырлары жарылған, кесілген. Қарасай аудандық көпсалалы аурухананың дәрігері Жәнібек Өзбеков сырқаттың иығының тамырларын жедел тігу керектігін түсінді. Тәжірибелі маман хал үстіндегі науқастың аман қалуы үшін ота жасалды. Нәтижесінде, өміріне қауіп төнген жанның жағдайы жасарды. Жақында ауруханаға Жеңіс Ермекұлы деген азамат түсті. Үйдің шатырынан құлап кеткен. Иық артериялық және шынтақ буыны аймағындағы тамырлары зақымданған. Сонымен қатар, сол жақ білек сүйектерінің ашық дисколациясы анықталған. Екінші дәрежедегі геморрагиялық травматикалық шок алған. Жедел түрде эндотрахеальды анестезиямен ота жасалды. Нәтижесінде Жеңістің беті бері қарады. Мұндай жағдайлар дәрігер Жәнібек Қабылбекұлының өмірінде күнде кездеседі десе де болады. Науқастардың ағайын-туысы барлық үмітті өзіне артқанда жауапкершілік жүгі бұрынғыдан да арта түседі. Науқас жазыла бастағанда үлкен-кіші келіп, алғысын жаудырады-ау. Міне, бақыт деген осы. Қанша қиналса да, шаршаса да Жәнібек көпшіліктің алғысқа толы жүрекжарды лебізінен күш-қуат алады. Ертеңгі күнге жігерленіп, қадам басады.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ