КОРОНАВИРУС: СТАЦИОНАРЛАРДАҒЫ ТӨСЕК САНЫ 50 ПАЙЫЗҒА ҚЫСҚАРДЫ

Уақыты: 20.06.2021
Оқылды: 1193
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Медицина саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековке жолығып, сұхбаттасқан едік. Тұрғындардың денсаулығын қадағалау, емдеу барысында ұшан-теңіз шаруа атқарылып жатқаны аян. Бірақ, шешілуі тиіс, күрмеуі қиын мәселелер де жоқ емес. Денсаулық сақтау саласының бүгінгі жай-күйі мен алға қойған мақсаттары жайлы сала басшысы жан-жақты айтып берді.

- Былтырдан бері коронавирус індеті елдің санасына қорқыныш ұялатып, әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Індет салдарынан талай адамнан да айрылдық. Медицина саласы қызметкерлері кеселмен күрес және сырқаттанудың алдын алу барысында ұшан-теңіз шаруа атқарды. Күрес әлі де жүруде. Бұл орайда қандай шаралар қолға алынуда? Жаңа медициналық көліктер мен аппараттар алу жайына тоқталсаңыз?

- Коронавируспен күресуге Үкімет, облыстық әкімдік тарапынан барлық жағдай жасалуда. Жалпы аталмыш індеттің алдын алу, ем жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 13,8 млрд. теңге бөлінді. Ал екінші толқынға дайындыққа 8,8 млрд. теңге қарастырылды. Медицина саласы заманауи құрал-жабдықтармен де барынша қамтылуда. Адам ағзасының кілтипанын анықтайтын апараттар жеткілікті болса, өмірге төнген қауіпті сейілтудің де мүмкіндігі артатыны белгілі. Бүгінгі таңда облыстық медицина мекемелерін аппаратпен қамту 89%-ті құрады. Облыстың 17 ауруханасы оттегі стансысымен қамтылды. Сондай-ақ, 17 компьютерлік томограф, 53 рентген аппараты, 534 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты және 100 концентратормен қамтылды. Сонымен қатар, 180 «Жедел жәрдем» көлігі, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды. Жылжымалы медициналық кешен шалғайдағы елді мекен тұрғындарын медициналық тексеруден өткізуде. Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласының мамандарына жүктелген міндет бұрынғыдан да артқаны белгілі. Коронавирус індеті дәрігерлердің жүктемесін бірнеше еселеді. Сондықтан дәрігерлердің айлық ақыларын да көтеру уақыт талабына айналды. Қазіргі таңда дәрігерлердің орташа жалақысы 277 143,0 теңгені құрады.

- Денсаулықты сақтаудың бір жолы – алдын алу шаралары. Бүгінгі таңда ел көлемінде қандай сырқаттар мен кеселдердің алдын алу жұмыстары жүргізілуде?

- Адам денсаулығына қауіп төндіретін факторлардың бірі – жол-көлік оқиғасы. Жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім Сарқан, Алакөл, Қапшағай, Жамбыл, Балқаш, Кербұлақ аудандарында жиі орын алады. Оның себеп-салдарын анықтап, жол белгілерін қойып, қауіпті аймақтарды жөндеу, асфальттау әрқашан назарда ұсталынуда. Бұл орайда жауапты саламен бірлесіп жұмыс жасаудамыз. Республикалық маңызы бар жолдардың түбегейлі жаңаланып жатқаны баршаға аян. Қауіп-қатердің көбі жылдамдықты шамадан тыс арттырып, қарама-қарсы жолға шығып кету салдарынан орын алған. Сондықтан, полиция қызметкерлері де ескерту шараларын жүргізіп, жол жиектеріне билбордтар ілумен айналысуда. Халықтың әлеуметтік жағдайы ауырлап, азық-түлік бағасы өскенде туберкулез сырқаты көбейетіні бар. Соңғы екі жылда коронавирус кеселі біраз «тығылып» жатқан сырқаттардың дендеуіне әсер етті. Осыған орай 2020 жылы туберкулезге қарсы күрестің кешенді жоспары жасалды. Жан-жақты тексеріс пен алдын алу шараларының нәтижесінде туберкулезбен сырқаттанушылықтан болатын өлім-жітім азайды. Десе де, туберкулез Балқаш, Ескелді, Сарқан, Іле, Талғар аудандары мен Қапшағай қаласында әлі де бар.

Облыстық мәслихаттың «Алматы облысының 2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» шешімі бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен әлеуметтік көмекке 119,6 млн. теңге бөлінген. Туберкулезбен сырқаттанған 1293 науқасқа 100,3 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді.

- Дәрігерлік ем жасау үшін емдеу орындары да талапқа сай болуы тиіс. Кейбір шалғай елді мекендердің медициналық пункттері ескірген. Денсаулық сақтау ғимараттарын жаңарту барысындағы жаңалықтармен бөліссеңіз?

- Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту, медициналық жәрдемнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға баса назар аудару керектігі айтылады. Халыққа жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін медицина мекемелерінің де жағдайы жақсы болуы тиіс. Емдеу мекемесі таза, жаңа, жылы, ыңғайлы болса, ем жүргізуге де қолайлы. Денсаулық сақтау инфрақұрылымының жыл сайынғы жақсартылуы, жаңа медициналық ғимараттардың пайдалануға берілуі, ғимараттардың күрделі жөндеуден өткізілуі де назарда ұсталынады. Мысалы, Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Іле аудандарындағы денсаулық сақтау мекемелерінің көбі ескірген. Ол өз кезегімен жаңартылады. Былтыр Талдықорған қаласында 200 орынды модульді инфекциялық аурухана салынды. Талдықорғандағы перзентхана жаңартылды. Жамбыл ауданында 10 амбулаториялық және медициналық пункт салынды. Биыл жергілікті бюджет есебінен Балқаш ауданының орталық аймақтық ауруханасын жөндеуге 1,0 млрд. теңге бөлінді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында облыста жаңадан 7 емхана, 31 дәрігерлік амбулатория, 18 фельдшерлік-акушерлік пункт және 41 медициналық пункттерге қызмет көрсететін модульді кешен салынбақшы. Мемлекеттік бағдарламаның негізгі индикаторы – тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын арттыру. Халықтың өмір сүру ұзақтығын 74 жасқа дейін көтеру үшін көп жұмыс жүргізілуде. Улану, жазатайым оқиғалардан сақтандыру, миокард инфарктісі, инсульт пен қатерлі ісік ауруларымен күресті жандандырудамыз. Жалпы өлім-жітімнің қатерлі ісіктен орын алуы 16,5%-ке, қан айналым жүйесінің сырқаттануы – 21,8%-кеартқаны өсу байқалады. Қан айналымы жүйесі сырқатынан болатын өлім-жітімнің алдын алу шарасы үдіксіз жүргізілуде. Бүгінде арнайы бағдарламалар әзірлеп жатырмыз.

- Медициналық көмектің сапасы, халықтың денсаулық көрсеткіштерінің жақсаруы білікті кадрларға байланысты. Облыста медицина мамандарының жетіспейтінін білеміз. Денсаулық сақтау саласын маманмен қамту барысында қандай шаралар атқарылуда?

- Маман жетіспеушілігі мәселесі орын алып отырғаны рас. Облыста 381 маман-дәрігер жетіспейді. Мысалы, 57 жалпы-тәжірибе дәрігері, 27 акушер-гинеколог, 25 анестезиолог-реаниматолог және тағы басқа мамандардың қажеттілігі туындауда. Өткен 2020 жылы облысқа 206 практикант және 99 дәрігер келді. Жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен елдің медициналық жоғары оқу орындарында 127 резидент білім алуда. Оның 17-сі биыл оқуын аяқтап, маман атанып келеді. Дәрігерлердің жетіспеушілігін шешудің бір жолы – тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл орайда, 2020 жылы жергілікті әкімдіктер 104 баспана бөлді. Облыстық әкімдік өңірдегі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтып, денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын жақсартуға үлкен көңіл бөлуде. Мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында Талдықорғанда орталық медициналық зертхана салынды.

- Кез келген салада өзекті мәселелер болатыны анық. Оның ішінде медицина саласы әрқашан жандандырып тұруды қажет етеді. Денсаулық сақтау жүйесіндегі күрмеуі қиын мәселелерге тоқталсаңыз?

Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың бірінші жылы аяқталды. Өлім-жітімді азайту және қатерлі ісік сырқатын ерте анықтау үшін аймақтық көпсалалы клиникадан цифрлы маммограф сатып алу, колоноскоппен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетілуі тиіс. Сондықтан аталмыш аппараттарды сатып алсақ деп жатырмыз. Қан айналымы жүйесі аурулары бар науқастарға көмек көрсету қызметін дамыту үшін Талдықорғандағы өңірлік кардиологиялық орталықты заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтау қажет. Халықаралық стандарттарға сәйкес жедел және шұғыл медициналық көмекті дамыту үшін қалалық «Жедел-жәрдем» стансылары негізінде күш-қуат беру кабинетін ашу кезек күттірмес мәселе.

- Тағы да коронавирусқа тоқталсақ. Бүгінде облыстағы жағдай қандай дәрежеде? Індет ауыздықталды ма?

- Облыстағы коронавирус індетін жұқтырғандар санының азаюына байланысты медициналық мекемелердің инфекциялық стационарлардағы төсек саны 50 пайызға қысқарды. Вакцина салдырушылар қатарының артуы індеттің алдын алуға септігін тигізуде. Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызметкерлерімен бірлесе жұмыс атқарудамыз. Бүгінде коронавирус індеті біршама тұрақталды. Облыстағы инфекциялық стационарлар жүктемесінің төмендеуіне байланысты төсек саны 50 пайызға дейін қысқартылды. Бүгінгі күннен бастап Талдықорған қаласындағы облыстық аурухана штаттық режимдегі жұмысына қайта кірісті. Осы уақытқа дейін облыстық аурухана тек коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды ғана қабылдайтын инфекциялық аурухана ретінде жұмыс істеп келген болатын. Жетінші маусымнан бастап ауруханадағы неврология, урология, хирургия, терапия, офтальмология, гематология, эндокринология, нейрохирургия, травматология сияқты бөлімшелер науқастарды қабылдауға толықтай дайын. Жұмыс ырғағы реттеліп келеді. Денсаулық сақшылары халықтың амандығы үшін күн-түнді алмастыра еңбек ете береді.

– Өмірзақ Әбілсейітұлы, медицина саласы бойынша атқарылған шаруа, қолға алынатын шаралар жайында берген тұшымды сұхбатыңызға рахмет! Мереке құтты болсын!

Сұхбаттасқан Гүлжан ТҰРСЫН