ДӘРІГЕР ДӘРІМЕН ЕМЕС, СӨЗІМЕН, АЯЛЫ АЛАҚАНЫМЕН ЕМДЕЙДІ

Уақыты: 19.06.2021
Оқылды: 1866
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әлемдегі ең құрметті мамандықтың бірі – дәрігер. Бүгінде бүкіл әлем жұртшылығы осынау маңызды мамандық иелерінің еңбектерін ерекше сезінгендей. Сондай абзал жандардың бірі, Балқаш ауданының Ақжар елді мекенінде медицина саласында бірнеше жыл қалтқысыз еңбек етіп, халқының ілтипатына бөленген аяулы жан Гүлнар Тойлыбаева туралы сыр шертпекшімін.

Әңгімемді әріден бастасам, Гүлнар 1961 жылғы 7 сәуірде Балқаш ауданының Балатопар елді мекенінде дүниеге келген. Балатопар орта мектебін бітіріп, 1980-1982 жылдар аралығында Талғар медициналық училищесінде оқиды. Оқуын тамамдаған Гүлнар өзінің мамандығы бойынша алғашқы қадамын өз ауылы Балатопар елді мекенінде бастайды.

Кейіпкеріміз 1984 жылы Балқаш ауданының Ақжар елді мекеніне келін болып түседі. Сол 1984 жылдың қазан айында Ақжар ауылының медициналық пунктіне медбике болып жұмысқа орналасады. Жұмысына аса жауапкершілікпен қарап, бар ынта-жігермен кіріседі. Үй-үйді аралай жүріп, елдің денсаулығын нығайтуға бар күшін салады. Кәсіби білімін үнемі жетілдіріп, курстарға барып, білімін шыңдап отырады. Тынбай жұмыс істегеннің арқасында 1997 жылы медбике мамандығынан фельдшерлікке көтеріледі. Ал 2000 – 2021 жылдар аралығында МП Ақжар медпунктінің меңгерушісі болып, бүгінгі күнге дейін осы жұмысты қалтқысыз атқарып келеді.

Еңбегі елеусіз қалмады. Облыс, аудан, ауыл әкімдері, өз саласының басшылары атынан марапаттар мен сыйлықтарға ие болды.

Ауыл тұрғындары Гүлнардың еңбегіне дән риза. Қай уақытта да ауырған жанның қасынан табыла білген абзал жанның еңбегін ауыл тұрғындары жоғары бағалайды. «Дәрігер дәрімен емдемейді, сөзімен, аялы алақанымен емдейді» демекші, әр ауыл тұрғынына жылы сөзін аямай, ілтипат білдіре білді. Осындай зор құрмет, абыроймен 2020 жылдың қараша айында зейнетерлікке шыққан ол мамыр айына дейін қызметін жалғастырып, жұмыс жасауға қабілетінің зор екенін көрсетті. Ауыл халқының Гүлнарға ықыласы ерекше, оны мына ізгі-тілек, құттықтаулардан байқауға болады. Зейнеткерлікке шыққан, 60 жасқа толған Гүлнарға ауыл әкімдігі, мектеп ұжымы, ауыл тұрғындары құттықтауларын жолдады. Тұрғындардың бірі: «60 жасың әрі зейнеткерлікке шыққаныңмен құттықтаймын! Сендей елі үшін, жері үшін туған қызды дүниеге әкелген ата-анаңызға мың алғыс. Деніңе саулық тілейміз, көңілің әрдайым үстіңдегі ақ халаттай аппақ болып, бала-шағаңның ортасында Аллам қосқан қосағыңмен бақытты өмір сүре беруіңді тілеймін» деп тілек айтса, Екіншісі: «Мына пандемия дәрігерлер еңбегінің ауыр екеніне көзімізді жеткізді. Гүлнар Оратайқызына алғысымыз шексіз, ауырып барсаң үнемі жылы қабылдап, дәрісін беріп, хабарласып, қалымызды сұрап отырады. Оны өз мамандығының шебері, жұмысына берілген жан деп айта аламыз. Қуансақ бізбен қуанатын, жыласақ бізбен бірге мұңаятын ақ халатты абзал жан» деп өз ойын риясыз түрде ашық жеткізеді. «Гүлнар Оратайқызына көп рахмет, Ауылдастарына күн-түн демей көп еңбек сіңірді. Еңбегінің арқасында биік мәртебеге жетті. Сізге мың алғыс!», – деп алғыстарын жаудырды. Гүлнар халқының ізгі-ниетіне: «Осы салада 40 жылға жуық қызмет атқардым, бәріне ризамын. Енді, міне, зейнеткерлікке шықтым. Орнымды жастарға бердім. Халқымның еңбегімді бағалағаны мен үшін үлкен мәртебе. Аллаға шүкір, осы күнге жеткізген. Төрт балам бар, төрт немерем бар. Үлкенім – акушер, екі балам – ұстаз, бір балам полиция қызметін атқарады. Ендігі қалған жерде жолдасым екеуміз осы бала-шағамның қызығын көрсек арман жоқ», –деп өз ризашылығын білдірді.

Асыл жар, аяулы ана, ардақты әже бола білген, бар саналы ғұмырын денсаулықты нығайтуға арнаған Гүлнарға біз де «Бейнеттің зейнетін көр». Ауырмай, жадырап-жайнап өмір сүре беріңіз. Алланың шапағатына бөленіңіз. Ұрпаққа үлгі болар саналы ісіңізбен жадымызда атыңыздың жаңғырып қалатыны сөзсіз» дей келе, мына өлең жолдарын арнасам деймін:

 Ақ халатты абзал жан, пейілі кең,
Барша жанға қол создың мейіріммен.
Еңбегің мол, өлшеусіз дара жолда.
Айналайын Гүлнаржан пейіліңнен, – деп ақжарма тілегімді арнаймын.

 

Гүлнар НҰРЫМБЕТОВА,
Ақжар ауылы,
Балқаш ауданы