ҚАЙТЫС БОЛҒАН ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛАДЫ

Уақыты: 21.06.2021
Оқылды: 1286
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғандағы  Салтанат сарайында  Медицина қызметкерлерінің күні аталып өтті.  Мерекелік  жиынға облыс әкімі Амандық Баталов  қатысып, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін мерейлі мерекемен құттықтады. Бұл күнгі көпшіліктің жанын қуантқан жаңалық – Талдықорғанда жаңадан ашылған инфекциялық аурухананың алдына коронавирус індетімен күресте қайтыс болған дәрігерлерге арналып ескерткіш орнатылатыны болды. Ескерткіштің құрылысы бүгінде басталып та кетті. Жиын барысында көпшілік  жұқпалы дертпен  күресте өмірден өткен дәрігерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

Алғашқы сөзді облыс әкімі Амандық Баталов алып,  дәрігерлерге  коронавирус жұқпасын емдеудегі табандылықтары мен біліктіліктері үшін алғыс  айтты.
– Елдегі қалыптасқан пандемия жағдайында бар білімі мен тәжірибесін, ерік-жігерін індетпен күреске, халықтың саулығын қорғауға бағыттаған баршаңызға жетісулықтардың атынан және өз атымнан алғыс айтамын. Дені сау адам – қоғамның байлығы. Сондықтан кез келген мемлекет ел азаматтарының денсаулығын сақтау мен әл-ауқатын арттыруды бірінші кезекке қояды. Бұл ретте Елбасымыздың тапсырмасына және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған  міндеттеріне сәйкес аурудың алдын алу, сонымен қатар, медициналық қызметтің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етуге бар жағдай жасалып келеді, – деді ол.
Облыста медицина мекемелерінің ғимараттары жаңартылып, материалдық-техникалық база нығайтылды. Жылдан-жылға денсаулық сақтау  саласына бөлінетін қаржы көлемі де артып келеді. Биыл бұл көрсеткіш 168 млрд. теңгеден асты. 
Денсаулық сақтау ұйымдарын қажетті мамандармен қамтуға да  зор көңіл бөлінуде. Мысалы, 2018–2020 жылдар аралығында облыста 472 дәрігер-маман жұмысқа қабылданды. Ал өткен жылы медицина қызметкерлеріне 127  пәтер беру үшін бюджеттен  756 млн. теңге бөлінді. Мұндай әлеуметтік қолдаулар сала мамандарының алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды. Дәрігерлердің біліктілігінің арқасында бүгінде індеттің беті қайтып, барлық сала қалыпты жағдайда жұмыс істеуге кірісті.   Гиппократ: «Медицина, шындығында, өнер атаулының ішіндегі ең игісі» деген екен.
Расында адам жанына арашашы болғаннан артық игілік жоқ. Антына адалдық танытып, күн сайын ерлікке тең іс атқарып жүрген дәрігерлер қандай  құрметке де лайық.
Салтанатты шарада облыс әкімі Амандық Баталов бірнеше дәрігерді  «Еңбек ардагері»,  «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарымен марапаттады. Сондай-ақ, «Үздік дәрігер», «Үздік ауыл дәрігері» номинацияларының жеңімпаздарына 1 млн. теңгенің  сертификаты табысталды.
Шарада денсаулық сақтау саласының ардагері Тілеуберді Жансеңгіров сөз алып, медицина саласындағы қолға  алынуы тиіс мәселелерді қозғады. Денсаулық сақтау саласына керек аппараттар жайын да айтып өтті.
Келесі сөзді Алматы аймақтық клиникалық балалар ауруханасының гематолог  дәрігері Меруерт Жұмабаева алып,  әріптестерін төл мерекемен құттықтады. Дәрігерлердің жұмыс істеуіне барлық жағдай жасап келе жатқан облыс басшысы Амандық Ғаббасұлына алғыс білдірді.
Жиын соңында облыстық Сүйінбай атындағы филармонияның әншілері сала мамандарына  ән арнады. Жылына бір келетін мерекеде дәрігерлер облыс басшысымен ескерткіш суретке түсті.

Гүлжан ТҰРСЫН