АЛАКӨЛДЕ 83 ЖАСТАҒЫ ҚАРИЯ БҮКІЛ ӘУЛЕТІМЕН ВАКЦИНА САЛДЫРЫП АЛДЫ

Уақыты: 28.07.2021
Оқылды: 1136
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирус дертінің таралу ошағы болып тіркелген аспан асты елімен иық тірестіре орналасқан Алакөл ауданындағы жағдай көңіл көншітерлік емес. Тәж вирусы таралған мезеттен бері өңірде барлығы 633 жағдай тіркелген. Дерттің таралу белсенділігін тежеу мақсатында қолға алынған вакцина салу ісіне немқұрайды қарайтын тұрғындар да баршылық. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

ХХІ ғасыр – жаңа технологиялар мен тың мүмкіндіктердің заманы деп жар салғанымызбен, кері әсерлері де жоқ емес. Себебі, ғаламтордағы ақпараттық майданның кесірінен екпе алу жайлы теріс пікір қалыптасып, көптеп таралған жаңсақ сөз жұмыс қарқынын баяулатуда. Кез келген әлеуметтік желіні ашсаңыз, «Вакцина қауіпті, мұның барлығы саясат» деп, ұран еткен азаматтар көп. Бұл өз кезегінде жалпы мемлекеттік деңгейде үлкен мәселе болып отыр.

Шегаралы аймақтағы Алакөл ауданына барлығы 37 мың дана вацина әкелінген. Олардың ішінде «QazVac», «Hayat-Vax», «CoronaVac», «Спутник-V» сынды түрлері бар. Жоспар бойынша аудан халқының кемінде 60 пайызын вакциналау мақсат етілген. Бүгінгі күнге дейін 18 пункт пен 7 жылжымалы екпе салу топтары 19 мың тұрғынға бірінші компонентін, 12 мың тұрғынға екінші компонентін салған. Аудандық әкімдік пен аурухана қызметкерлері тарапынан барынша насихат жұмыстары жүргізілуде. Вакцина алған азаматтарға «Астана» паркіндегі ойын-сауық нысандарына тегін билет немесе телефонға бірлік берілуде.

Бұл істе алғашқы болып белсенділік танытқандар әскери бөлім қызметкерлері. Өңірдегі барлық жауынгер бүгінде толықтай екпе алып үлгерді. Ұжым болып вакцинаны қолдағандар ішінде аудандық орталық аурухана, санитарлық-эпидемиялық бақылау басқармасы, полиция бөлімі, «Трансойл» мекемесінің мамандары мен мемлекеттік қызметкерлер бар.

Білім беру ордаларына келер болсақ, бүгінгі есеп бойынша ұстаздардың 80 пайызы вакцина салдырған. Бұл көрсеткіш күн санап өсіп келеді. балалармен тікелей жұмыс жасайтындықтан мұғалімдердің екпе алуы маңыздылығын жоғалтпақ емес.

Бір айта кетерлігі, вакцина салу бастамасын қолдап, екпе алған алакөлдіктердің ішінде 83 жастағы ақсақал да бар. Үшаралдық Тынысбек қария Омаров өзі де, отбасы мүшелері де «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген тәмсілді толықтай түсінгендей.

- Әуелгі байлық – денсаулық екендігі барлығымызға аян. Әлем халқын әбігерге салған бұл дертпен күресте әр азаматтың іс-әрекеті мен пікірі, ойы маңызды. Вирусты жеңу тек мемлекет басындағылардың яки ақ халат кигендердің міндеті емес. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жұрт болып жұмылатын дүние. «Көп тебінсе жер де сілкінеді» деген сөз бар. Тас-түйін ымырашылдығымыздың арқасында бізге алынбас қамал жоқтығын аңғаратын кез келді. Ауру ешкімді аяп жатқан жоқ. Байсың ба, кедейсің бе, білімдісің бе, әлде сауатың жоқ па бәрібір. Құрсауына бір іліксең шығуың қиын. Карантин жарияланғаннан бері қаншама белді, беделді азаматтар дерт салдарынан өмірден озды, өзіміздің де ағайындардың ішінде бақилық болғандар бар. Осы мәселелерге қарап тұрып ойлану керек қой. Бітпейтін басқосу, таусылмайтын той, бетперде тағуды да ұмыта бастадық. Соның салдарынан вирустың таралу қарқыны артып барады. Қарап тұрсаңыздар, өзімізге-өзіміз қиянат жасап отырмыз. Бұл ретте жаппай вакциналаудың өте өзекті мәселе екендігін айтқым келеді. Біз өзімізді қорғау арқылы жақындарымызды да сақтаймыз. Соны ұмытпаған жөн, – дейді иегіндегі сақалы мен иығындағы шапанының салмағына қарамастан вакцина алып, деннің саулығы, туған-туыстардың қауіпсіздігін бірінші орынға қойған Тынысбек ата.

Жоғарыда атап өткеніміздей, халықтың кем дегенде 60 пайызы вакцина салдырмайынша, өңірдегі эпидемиологиялық ахуал да тұрақтанбасы анық. Елімізде вирус тіркелген алғашқы күннен бергі жағдайларға қарап, екпе алудың маңыздылығын түсінсек игі еді.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ

Алакөл ауданы

Алматы облысы