ҚАТЕРЛІ ДЕРТКЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЮДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ БАР, ОЛ - ВАКЦИНА

Уақыты: 29.07.2021
Оқылды: 1091
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бүкіл әлемді әбігерге салған тәжді тажал оңайлықпен кетер емес. Сәл саябырлады ма десең, әл жиып алып, жаңа күшпен, еселенген екпінмен қайта айналып соғып, елдің бәрін есеңгіретіп тастағандай. Ауруханаларда бос орын уақыт өткен сайын азайып, дәрігерлер алаңдаушылығы күшейе түсуде.

Биліктің жариялаған карантині мен шектеулерге қарап жатқан жұртты байқамадық. Жағалары жайлау болып той тойлаған ел, демалыс орындарында ине шаншар жер қалмаған. Арақашықтықты сақтап, бетперде кию шараларын көпшілігі қаперіне де алмайды. Ауруханаға топырлап түсіп жатқан науқастар мен осы індеттен көз жұмып жатқандардың күн санап артуы да ешкімді ойлантпайтын сияқты.

Қатерлі дертке тосқауыл қоюдың жалғыз ғана жолы вакцина алу екенін түсінетін мезгіл жеткен сияқты. Алайда әлеуметтік желілерден «Вакцина зиянды екен-міс» деген ақпаратты оқып алған халық екпеден азар да безер қашуда. Осылайша, өздерінің өмірлері мен жақындарының денсаулығын қатерге тігіп отырғандарын сезбейтіндей.

Коронавирус індетінің алғашқы толқыны келгенде оның симптомсыз түріне шалдығып, емделіп шыққаннан кейін дертке қарсы вакцинаның шығуын тағатсыздана күттім десем ақиқаттан алшақ кете қоймаймын. Ресейдің «Спутник – V» вакцинасы елімізге келген сәтте алғашқылардың қатарында екпенің екі компонентін де салдырып алдым. Жұрт айтып жүргендей жайсыздықты да сезінген жоқпын. Екпе алғаныма қарамастан көпшілік орындарға шыққан кездері сақтық шараларын толық орындауға тырысамын. Өзіммен қоса отбасымның барлық мүшелері де вакциналаудан өтті. Бұл біздің жұқпалы әрі қатерлі дертке шалдықпауымыздың, толыққанды өмір сүруіміздің кепілі деп есептеймін. Және барша жұртшылықты сақтық шараларын сақтап, екпе алуға шақырамын.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды