КОРОНАВИРУСҚА ШАЛДЫҚҚАНДАРДЫҢ 99 ПАЙЫЗЫ - ЕКПЕ АЛМАҒАНДАР

Уақыты: 17.08.2021
Оқылды: 1186
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен селекторлық режимде Үкімет отырысы өтіп, онда бірқатар мәселе қаралды. Оның алғашқысы – COVID-19 індеті бойынша елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай. Бұл ретте ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасап, елімізде бір аптадағы коронавируспен науқастану өсімінің 10 пайызды құрап, ал  індеттің таралу индексінің 9 пайызға төмендегенін  жеткізді.

– Елімізде дельта штамының анықталуына байланысты шілде айында науқастанудың өсімі тіркелді. Дегенмен, тамыз айының басынан бастап коронавирус инфекциясымен науқастану өсімінің баяулауы және Нұр-Сұлтан қаласында эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтануы байқалады. Коронавирусқа шалдыққандардың 99,9 пайызы вакцина алмағандар. Бүгінде 5,9 млн.адам екпенің бірінші компонентін қабылдады. Бұл екпе алуға тиісті халықтың 59 пайызын құрайды. Екінші компонентті екпе алуға қажетті халықтың 45,2 пайызы, шамамен 4,5 млн.адам алды. Өңірлер вакцинаның жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілген. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр, – деді Алексей Цой.

Министрдің мәлімдеуінше, елдегі эпидемиологиялық ахуал ушыққан жағдайға әзірленген тағы 7419 инфекциялық төсек-орын бар. Вакцинаның екі компонентін алған өңірлер арасында алдыңғы орында Алматы қаласы, Түркістан, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары тұр.

Жиын барысында кәсіпкерлік субъектілерін «Ashyq» жүйесімен қамту барысы туралы «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов есеп берді. Биылғы қаңтар-шілде айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы  жайында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жағдай туралы Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, өнеркәсіп пен энергетика секторын дамыту туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушы Қайырбек Өскенбаев және Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, агроөнеркәсіптік кешендегі жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев баяндады. 

Осы жиында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы есебі де тыңдалды. Министрдің мәлімдеуінше, оқу жылы дәстүрлі форматта жүргізіледі. Мектептерде қосымша ауысымдар ұйымдастырылып,  үзілістер әр  уақытқа  белгіленіп,   «1 сынып – 1 кабинет» жүйесі жұмыс жасайды. Барлық бұқаралық іс-шараларға тыйым салынады. Жаңа оқу жылында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулығын сақтау үшін арнайы санитарлық іс-шаралар қабылданады. Барлық мектептер, колледждер мен университеттердегі қызметкерлер мен білім алушылар маска киюге міндеттеледі. Студенттер, педагогтар мен басқа да қызметкерлер ғимаратқа «Ashyq» жүйесі арқылы кіргізіледі.

Балабақшалардағы 20-25 баладан аспайтын топтарға штаттық режимде жұмыс істеу, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттерін де дәстүрлі форматта оқыту ұсынылады. Ал, ата-аналары немесе өздері коронавируспен ауыратын және денсаулығы бойынша тәуекел топтарға жататын білім алушыларға уақытша қашықтан оқыту ұйымдастырылады.

Вакцина алған педагогтар ғана жұмысқа жіберіледі. Қазіргі уақытта вакциналауға жататын педагогтардың 93,1 пайызы және білім беру мекемелерінің басқа қызметкерлерінің 88,4 пайызы екпе алған.

Қашықтан оқыту кезіндегі білім сапасы кемшіліктерінің орнын толтыру бойынша да кешенді жұмыс жүргізілмек. Негізгі пәндер бойынша былтырғы қиын тақырыптарға көбірек сағат бөлініп, оқу бағдарламаларын түзетуге, нашар үлгеретін балалармен қосымша жұмыс істеуге баса назар аударылады. 
Сабақтың ұзақтығы 45 минутты құрайды. Алғашқы қоңырау шарасы бірінші сынып оқушылары үшін ұйымдастырылатын болады. Ал, өзге сыныптар үшін кабинеттерде ашық сабақ өткізілмек.

Оқушыларға классикалық стильдегі киім кию ұсынылады. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы балалар саны 385 мыңды құрайды. Оларға жалпы білім беру қорынан киім-кешек, оқу құралдарын алуға көмек көрсетілмек. Ол үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінген.

Оқулықпен қамту да өз деңгейінде жүзеге асуда. Биыл 25 мамырдан 19 маусымға дейін ұйымдастырылған жазғы мектеп тәжірибесі негізінде келесі оқу жылында да 4 апталық жазғы мектеп ұйымдастырылмақ.

Жиынды қорытындылаған Үкімет басшысы оқушылар мен педагогтардың қауіпсіздігі мен денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру мәселелерін барынша тездетіп шешу қажеттігін атап өтті. Педагогтар мен техперсоналды вакциналаумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеді.  Күрделі жөндеу бойынша кестеден артта қалған мектептердің құрылыс жұмысын тездетіп аяқтау қажеттігін еске салды. Жөндеу жұмыстары аяқталмаған мектептердің ең көбі Алматы, Қостанай және Батыс Қазақстан  облыстарында екенін айтып өтті. Барлық білім беру ұйымдарының оқу жылын бастауға толықтай дайын болуын қамтамасыз етуді, балалардың қауіпсіздігі, тамақтандыру және мектепке жеткізу бойынша мәселелердің шешімін табуды жауапты басшыларға тапсырды. Сондай-ақ, вакциналау жоспарының орындалуын қамтамасыз ете отырып, барлық өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды бақылауда ұстау қажеттігіне тоқталды. Халықтың шектеу шараларын, ең алдымен, бетперде тағу режимін сақтауын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты. Ол үшін карантин талаптарын бұзушыларды жауапкершілікке тарта отырып, мониторингтік топтардың жұмысын жандандыру қажеттігін жеткізді.

«Ashyq» жүйесіне қатысатын кәсіпкерлік субъектілерінің саны үнемі артып келе жатқанын, олардың саны 5 есеге, яғни, 21 мыңнан 101 мыңға дейін өскенін, бұл бизнеске өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондықтан «Ashyq» қосымшасының қолданылу аясын одан әрі кеңейтуді тапсырды.

Алма ЕСЕНБАЕВА