АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІКТІҢ 37 ПАЙЫЗЫ ТАЛАПҚА САЙ ЕМЕС

Уақыты: 19.07.2022
Оқылды: 1482
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті 2022 жылдың алты айында тамақ өнімдері мен тауарларға мониторинг жүргізді. Нәтижесінде, зерттелген өнімнің 19 пайызы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмегенін көрсетті. Ал жалпы санына жүгінсек, облыста тамақ өнімдерінің 37, тауарлардың 63 пайызы талапқа сай болмай шықты.

Негізгі зертханалық бақылау халық арасында күнделікті сұранысқа ие тамақ өнімдеріне бағытталған. Бұл - сүт, ет өнімдері, құс еті, кондитерлік өнімдер. Сондай-ақ, ойыншықтардың, балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлардың, жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің қауіпсіздігін бақылауға ерекше назар аударылды.

Өнім қауіпсіздігі мониторингін талдау нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтардың 93 пайызы техникалық регламенттердің таңбалау бөлігіне қатысты. Ал физикалық-химиялық көрсеткіштерге - 0,4%, микробиологиялық көрсеткіштеріне - 1,5%, қауіпсіздік көрсеткіштеріне - 1%, санитариялық-химиялық көрсеткіштерге - 2%, өзге көрсеткіштерге - 3,4% сәйкес келмеген.

Сәйкес келмейтін өнімді өндіруші елдер арасында отандық өндірушілер үлесіне 9 пайызы тиесілі. Қалғаны шетелдің үлесінде. Тамақ өнімдерінің ішінде сәйкессіздіктердің ең көп пайызы сүт, ет өнімдеріне қатысты. Одан бөлек, мониторинг нәтижелері зерттелген ойыншықтардың 53 пайзы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтінін көрсетті. Ойыншықтардың сәйкес келмейтін сынамаларының 99 пайызында таңбалану заңбұзушылықтары анықталған.

Таңбалау бойынша жиі кездесетін заңбұзушылықтар - тауардың атауы, дайындаушының (дайындаушы уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының атауы мен орналасқан жері, дайындалған күні, ЕАС белгісі туралы ақпараттың болмауы немесе мемлекеттік немесе орыс тілдерінде ақпараттың мүлде болмауы. Сонымен қатар, Қытайда шығарған өндірушілері белгісіз 3 жастан асқан балаларға арналған ойыншықтардың 5 үлгісінде формальдегид пен басқа химиялық заттардың (стирол, ксилол, бензол) артық мөлшері анықталды («GT.POLICE CAR» «SUPER RACING SET» көліктер жиынтығы, «THUNDEGYRO», «CHO-Z ACHILLES.OO.Dm» ұшатын диск, «LOL» қуыршағы, SURPRISE, JK, MINI FASHION DOLL, «Girls Toys» «Piay Set» «Bring Endless Joy» «To the Children» ыдыс-аяқ жиынтығы, «Toys Toys», PLEASE RECYCLE су тапаншасы).

Формальдегид мөлшерінің артуы өндірушісі белгісіз балаларға арналған тауарлардың 1 сынамасынан табылды («Микимаус» шомылуға арналған ваннасы). Ал, балалар мен жасөспірімдерге арналған киімдерді бақылау нәтижелері зерттелген үлгілердің 80 пайызы техникалық регламенттерге сәйкес келмейтінін көрсетті. Таңбалауы бұзылған өнімдердің 90 пайыздан астамы Түркия, ҚХР, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдерден әкелінді немесе белгісіз өндірушілермен өндірілген.

Жалпы, 2022 жылдың 6 айында заңбұзушылықтарды анықтау фактілері бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің атына 80 ұйғарым берілді, сәйкес емес өнімді өндірушілер мен импорттаушыларға 44 хабарлама жіберілді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде шаруашылық жүргізуші субъектілер 88,62 кг тамақ өнімдерін, 36 дана тауарды сатудан алып, жеткізушілерге қайтарды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"