БАЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ СЕМІЗДІК: АЛДЫН АЛУ ЖОЛДАРЫ, МАҢЫЗДЫ СЕГІЗ КЕҢЕС

Уақыты: 25.08.2022
Оқылды: 1701
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті балалардың семіздігі жайлы ақпарат ұсынды. Онда семіздіктің алдын алу туралы ата-аналарға кеңес берілді.

Артық салмақтың негізгі себебі - физикалық қозғалыстың төмен болуы және шамадан тыс тамақ қабылдау. Қазіргі кезде қала тұрмақ, ауылда да көп балалар далада жүгіріп, доп теуіп, асыр-салып, асық ойнамайды. Бүгінгі күннің балалары уақытының көп бөлігін теледидар және компьютер алдында әртүрлі ойындар ойнаумен өткізеді. Сонымен қатар, қазіргі балалар тез даярланатын тағамдарды, фастфуд (гамбургер, қуырылған картоптар, донер, хотдог) әртүрлі тәтті газдалған сусындарды тұтынуға құмар. Аталған тағам түрлері артық салмақ қосуға бірден-бір себеп.

Семіздіктің алдын алу шаралары:

- күніне 4-5 рет тамақтану, тағам ағзаға жиі және аздаған мөлшерде келіп түссе, тағам жылдам әрі жеңіл қорытылады;
- тамақ ішуді ұйықтардан 3-4 сағат бұрын тоқтату;
- қаныққан май қышқылдарына бай мал өнімдерінің майларын (сары май, майлы ет және ет өнімдері, мал майы, құйрық май, іш май, тоңмай) тұтынуға шектеу қою;
- жеңіл сіңетін көмірсулардың (қант, тәттілер, кондитерлік өнімдер) мөлшерін азайту; 
- ас тұзын қолдану мөлшерін күніне 2-3 грамға дейін (бір шай қасық) шектеу;
- шикі көкөністер мен жемістерді көбірек (күніне 400 грамнан кем емес, кем дегенде 4-5 рет) тұтыну; 
- нан, әсіресе, ақ нан жеуге шектеу қою;
- күн сайын 30 минутқа дейін орташа немесе қарқынды салмақ түсіретін жаттығулар жасау.

Семіздіктің барлық түрінде май алмасуын реттейтін орталық механизмдер бұзылады. Егер семіздік ерте балалық шақта дами бастаған болса, онда бұл қауіпті асқынуларға әкелуі мүмкін.

Артық салмағы бар балаларда келесі аурулардың қаупі едәуір артады: қант диабеті, артериялық гипертензия, бауыр жеткіліксіздігі, өт қабының бұзылуы, сонымен қатар, жүйке жүйесі мен психикалық ауытқулар дамуы мүмкін. Осы себепті әр ата-ана өз баласының денсаулығын мұқият қадағалап отыруға міндетті, ал салмағы бойынша кез-келген ауытқулар байқалған жағдайда дәрігерге хабарласып, кеңес алу қажет екендігін ескертеміз.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды